"Археология" экспозициялық залы ашылды

Атырау облыстық  тарихи-өлкетану музейінде  Атырау өңірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында Аралтөбе, Миялы, Борсық, Қылыш, Сарықамыс, Иманқара, Құдайберген қорғандарынан табылған б.з.д. IV ғасыр мен б.з. XI ғасыр аралығын қамтыған жәдігерлердің тарихын, мәдениетін, көшпелі тайпалардың өркениеті мен жетістіктерін көпшілікке насихаттайтын «Археология» экспозициялық залы қайта жасақталып ашылды.

Залдың салтанатты ашылуына Сақ және Ғұн тайпалары жауынгерлерінің қалыпқа келтірілген тұлғалық мүсіндерінің авторы «Тархан» тарихи реконструкциалар орталығы» шығармашылық тобының менеджері Алау Ахметжанов, облыстық  Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Әсия Қыстаубаева, экспозициялдық залды жасақтауға демеушілік білдірген «Ақ желкен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нұрберген Даулетов, музей жанынан құрылған ғылыми-кеңес мүшелері, тарихшылар, өлкетанушылар, студенттер қатысты.

Жаңғыртылған  экспозициялық залда  Атырау облыстық  тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған экспедициялық топтың облыс аумағында әр жылдары жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер қойылды. Көрермендер бұл жерден 1999 жылы Жылыой ауданындағы Аралтөбе қорғандар комплексінен табылған «Сармат көсемі» атауы берілген «Алтын адамды», 2017 жылы Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғанынан табылған «Ұлы дала жауһары» аталатын  алтын киімді әйелдің реконструкциясын, Сақ және Ғұн тайпалары жауынгерлерінің қалыпқа келтірілген тұлғалық мүсіндерін, 2020 жылы  Миялы (Жангелді) қорғандарынан табылған күміс әшекейлі қыздың және жылқы жүгенінің әшекейлі күміс жапсырмаларын,  Аралтөбе қорғанының макетін тамашалады.

Ерте темір дәуірін көз алдыңа келтірер көріністер  мен жүргізілген қазба жұмыстарының кейбір сәттері арқылы әсем безендірілген залда сондай-ақ қазба жұмыстары кезінде Аралтөбе, Иманқара қорғандарынан табылған семсерлер мен ақинақтар, моншақтар мен қайрақтастар,  Миялы, Сарықамыс қорғандарынан табылған қыш құмыралар мен ыдыстар, сүйек қасық, алтын (көшірме) және күміс жапсырма әшекей бұйымдары, Борсық, Қылыш, Миялы қорғандарынан табылған қоладан құйылған төрт құлақты қазандар мен қола айналар, Қосшағыл маңындағы Қызыл-Үйіктен табылған IV-V ғасырларға жататын бал-бал тастар көпшілік назарына ұсынылады.

Сонымен қатар көрермендер бұл залдан қоладан жасалған арқар бейнеленген белдік басы, сүйек ине сауыт, қола айылбас, қорамсақты әшекейленген жапсырмалар, тостаған, қыш көзе, сүйек қасық, қайыңнан жасалған қалқан, аң, құс бейнелі және пирамида тәріздес алтын жапсырмаларды  (72% алтын), Сармат көсемі мен Сармат дәуіріндегі  әйел адамның қалпына келтірілген бет – бейнелерін тамашалады.

Жалпылай алғанда  «Археология» экспозициялық залында музей қорына тіркелген 505 жәдігер қойылды. Олардың 485-сі негізгі қордан, 20-ы қосымша қордан алынды.

 

Қылыш қорғаны туралы танымды сабақ өтті

Атырау облыстық  тарихи-өлкетану музейінде  өлкеміздің тарихи ескерткіші саналатын Қылыш қорғандарына музей тарапынан жүргізілген қазба жұмыстары  туралы танымдық сабақ өтті.

Индер ауданының Жарсуат ауылынан 22 км қашықтықта  орналасқан аталмыш қорғанның ерекшелігі, тарихи құндылығы түсіндіріліп, және қорғаннан табылған жәдігерлер туралы жан-жақты мағұлұмат берілген дәріске Атырау қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы № 9 орта мектептің жоғары сынып оқушылары қатынасты. Өңір тарихымен жақыннан танысуға қызығушылық танытқан жеткіншектерді  тарих ғылымдарының магистранты Нұрбақыт Жеңісов бастап келді.

Шараға қатысушыларға алдымен Атырау облыстық  тарихи-өлкетану музейі жүргізген қазба жұмыстары туралы бейнебаян көрсетіліп, зерттеу  жұмыстарының жүргізілу әдістемесі слайд-презентация арқылы түсіндірілді. Көрініске  Қылыш қорғандарынан табылған жәдігерлер – айдарлы сегіз аяқты айдаһар бейнесі бедерленген  қола айна, төрт құлақты қола қазан,  қыш ыдыстар қойылды.

Музейдің ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің кіші ғылыми қызметкері  Ерлан Тілекқабылов жүргізген танымдық сабақ барысында өлкедегі қорғандар, қазба жұмыстары, тарихи жәдігерлерге жүргізілген ғылыми зерттеулер туралы толымды түсінік берілді. Сабақ соңында оқушылар тақырыпқа қатысты қойған сұрақтарына жауап алды.

Қаламгер-ұстазға арналған кеш

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіптің 85 жасқа толуына орай «Атырау әдебиетінің абызы» атты кездесу кеші өтті.

Өмірі өнегеге толы қаламгер-ұстаздың өзі қатысқан мәдени шарада алдымен мерейгердің  өмір-деректерінен мағұлұмат беретін бейнефильм көрсетілді.  Осыдан соң Атырау қаласындағы Дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 8 «а» сыныбы оқушылары ақынның өрнегі мол өлеңдерін жатқа оқып, аталмыш кешке өзіндік рең берді.

Одан әрі, белгілі қаламгер, Жазушылар Одағының мүшесі, өлкетанушы Төлеген Жаңабай сөз алып, 60 жылдан астам өмірін ұстаздыққа арнаған Қадыр Өтегенұлының еңбек жолындағы ерен жетістіктерін тізбектей келе, абыз тұлғаның шығармашылық қырларын, ғылым жолындағы жеткен толағай табыстарын айтты. Тілек соңында мерейлі жас иесіне арнаған жаңа жыр шумақтарын оқыды. Ал, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағымов ұлағатты ұстаздың адамгершілік қасиеттеріне тоқталды. Оның шәкірт тәрбиелеудегі өзіндік ұстанымын, азаматтық келбетін, қайраткерлік қадамдарын, ғылым жолындағы көл-көсір еңбегін  сөз етті.

Келесі кезекте Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова өзінің Қадыр Өтегенұлына деген ақжарма тілегін айта келе, мерейгерге музей ұжымы атынан естелік сыйлық табыстады. Ал сексеннің сеңгіріне жеткен қаламгер-ұстаз музей қорына өзінің әр кезеңде жазылған кітаптар топтамасын сыйға берді.

Кеш соңында «Атырау облысының Құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері болып табылатын қаламгер-ұстаз  өз өмірінің белестерін баяндай келе, оқушыларға  өмірлік азық болар өнегелі сөздерін арнап, музей ұжымына шынайы ризашылығын білдірді.

 

Ғылыми кеңестің мәжілісі өтті

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде мекеме жанынан құрылған ғылыми Кеңестің 2022 жылғы алғашқы мәжілісі болып өтті.
 
Ғылыми кеңес мүшелері, музей қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан жиында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова ғылыми Кеңес мүшелерінің құрамын таныстырып, одан әрі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тақырыптық баяндамалар жасалды.
 
Алдымен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушы Динара Бисембаева музейдің 2021 жылғы атқарылған жұмыстарының есебін беріп,
қазіргі уақытта облыстық музей қорының жәдігерлер саны 63 818 бірлік, бөлімшелерде 35 791 бірлік, барлығы 99 609 жәдігерді құрағандығын айтты. Жыл ішінде жасалған ауқымды шараларды тізбектей келе, музейдің және музей қызметкерлерінің жеткен жетістіктерін атап өтті.
Бұдан соң музейдің Палеонтология бөлімшесінің меңгерушісі Эльмира Мұқамбетқалиева Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимаратынан ашылатын «Палеонтология» экспозициялық залының ғылыми тұжырымдамасымен таныстырды. Ашылатын залда палеонтология ғылымының зерттелу тарихы, жердің даму тарихында тіршілік етіп, бүгінде жойылып кеткен ежелгі өсімдіктер мен жануарлар туралы деректер мен осы өңірден табылған сүйектерден жануарлардың жәдігерлік қаңқалары жасалып қойылатындығын жеткізді.
 
Ал музейдің ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету (жалпы тарих, археология және этнография) бөлімінің сектор жетекшісі Айдос Қалшабаев жаңадан жасақталып жатқан «Археология» экспозициялық залының тұжырымдамасын талдап берді. Өңірімізде жасалған қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлердің тарихын, сипаттамаларын, құндылықтарын түсіндірді. Ашылатын залға қойылатын музей қорындағы жәдігерлердің орналасу тәртібін пысықтады.
 
Жиын отырысында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова ғылыми кеңес мүшелерін музейдің 2022 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырып, Кеңес соңында ғылыми-кеңес мүшелері күн тәртібіне қойылған мәселелер турасында өздерінің ой-тұжырымдарын айтып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
 
«Атырау квест» интелектуалды ойынының  VI-шы маусымы басталады

Құрметті желідегі достар! Қадірменді атыраулықтар! Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі облыстық «Qazaqstan - Atyraý»» телеарнасымен бірлесіп атқарып келе жатқан жобасы – «Атырау квест» интелектуалды ойынының жаңа VI-шы маусымын бастайды.    

Атырау өңірінен жинақталған сан-түрлі жәдігерлерді сақтап, олардың тарихи құндылығын жұртшылыққа насихаттап жүрген өлкелік музейдегі  тарихи, археологиялық, этнографиялық экспонаттардың тарихын ұғындыра отырып, сайысқа қатысушы командалар арасында достық, сыйластық  қарым-қатынасты қалыптастыруды басты  мақсат қылған аталмыш жобаның алғашқы маусымы сонау 2016 жылы өткізілді. «Туған жер – тұғырым» тақырыбы аясында жас ұрпақты, жалпы көрерменді музейге тартуды көздеген бұл сайыстар бір жылдары  жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында өткізілсе, тағы бір кезекте бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, енді бірде мәдениет саласы қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілді. Жыл сайын жан-жақтан жиналған оннан астам команда өзара бақ сынасып, қызықты әрі тартысты өтетін жарыстың жеңімпаздары бірде Елорданың әсем ғимараттарына тәнті болу құрметіне ие болса,  келер жылғы топ Тараз өлкесінің қасиетті орындарын тамашалады. Одан кейінгі жылдардағы чемпион команда   Көкшетау баурайындағы Ботай қорғаны мен Бурабай көліне барса, ендігі жылы оза шапқандар Семей өңірін аралап, ұлы Абайдың туып-өскен жеріне табан тіреді. Ал былтырғы жеңімпаздар бура толқындары жағаға соққан Каспий теңізінің жағалауына барып, Ақтау қаласының әсем жерлерін көріп қайтты.

Сонымен «Атырау квест» интелектуалды ойынының биылғы маусымы несімен ерекшеленеді? Көпшілік оқырман білетіндей, еліміздің Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың  жарлығымен «2022 жыл – Балалар жылы» деп белгіленді. Осыған орай, басталғалы отырған сайыстарымыз тек 15 – 17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында өтеді. Ойынға 16 команда қатысып, кезең-кезеңмен өткізілетін іріктеу жарыстары арқылы жеңімпаздар топтастырылып отырады. Командалар арасындағы сайыстардың барлығы облыстық «Qazaqstan - Atyraý»» телеарнасынан көрсетіліп, бәсекеден бас бәйге алған жеңімпаз топ  киелі Түркістан шаһары және оның маңындағы қасиетті орындарға саяхат жасайтын болады.

Ендеше, қадірменді жас оқырмандарымыз! Сіздер осы интелектуалдық ойында бақ сынап,  қатысушысы болғыларыңыз келсе  87025464565, 87028162793 телефон номерлеріне хабарласуларыңызға немесе Инстаграм әлеуметтік желісіндегі atyrau_kvest парақшасына тіркелулеріңізге болады.

 

Конференция Бопай ханымға арналды

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде  ел басқару ісіне араласқан ержүрек қайраткер, ауызы дуалы мәмілегер Бопай ханымды насихаттауға арналған «Бопай ханым: өнегеге толы өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі» атты конференция өткізілді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеудің жалпыұлттық жоспарын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған шара барысында Ислам қажы Мырзабекұлының «Әбілхайыр хан және Бопай ханым» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.

Жиын офлайн және онлайн форматта жүргізіліп, оған Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен  Түркістан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан зерттеушілер мен Бопай Сүйіндікқызының ұрпақтары, өлкетанушылар, облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы, демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж студенттері мен  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатынасты.

Басқосуда Әбілхайыр хан және Бопай ханымдардың өмір тарихына зерттеу жүргізуші тарихшылар мен  өлкетанушылар тарапынан ортақ тақырыпқа қатысты ой-пікірлер айтылды. Шара барысында Х.Досмұхаммедов атындағы Атырау университетінің профессоры  Лесқали Бердіғожин – «Қазақ тарихындағы Әбілхайыр хан және оның ұрпақтары», «Сарайшық» республикалық музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар – «Бопай ананың қоғамдық саяси кезеңдегі қызметі», өлкетанушы, Атырау облысының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев – «Әбілхайыр хан мен Бопай ханымның ұрпағы Бөкей ханның тарихтағы орны», «Ақпарат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы  Гүлжан Елешова – «Бопай ханымды туризм арқылы насихаттау жолдары» тақырыбында баяндамалар оқыды.

Осыдан соң, «Әбілхайыр хан және Бопай ханым» кітабының авторы Ислам қажы Мырзабекұлы және облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы, демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Замзәгүл Жалмурзиналар  Әбілқайыр ханның көмекші-кеңесшісі  ретінде ел басқару ісіне атсалысып, талай маңызды мәселелерге ойы мен парасатын, билігі мен беделін араластырған Бопай ханымның кісілік келбеті мен адамгершілік қасиеттері туралы өз ойларын айтты.

Мәдени кеште  Н. Жантөрин атындағы филармония әншілері Жасұлан Базарбаев «Ер тұлғалы Бопай ана» арнауын, Нұрбек Іздібай «Туған жер» әнін орындады. Ал жиынды Алатау баурайында отырып тамашалаған белгілі күйші Шәміл Әбілтай өзінің ақын Сабыр Адайдың сөзіне жазылған «Бопай ана» арнауын көпшілікке онлайн ұсынды.

Бұл жиынға Нұр-Сұлтан қаласынан белгілі ақын Маржан Ершу, Алматы қаласынан жазушы Өтеген Оралбай, күйші Шәміл Әбілтай, Ақтөбе қаласынан жазушы Алтай Тайжанов, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетің ректоры Бекежан Ахан сынды белгілі адамдар онлайн режимінде қосылды. Жалпы осындай бейне байланыспен конференцияға Нұр-Сұлтан қаласынан 2 адам, Алматы қаласынан 7 адам, Ақтөбеден 6 адам, Ақтаудан 5 адам, Түркістан облысынан 5 адам, Бейнеуден 4 адам, Тараз және өзен қалаларынан бір-бір адамнан қатысты. Атырау өңірінен қосылған тыңдармандарды есептегенде жиынды 41 адам тамашалады.

Бор тауларының сырларын ашқан палеонтолог

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде өңіріміздегі палеонтология музейінің негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, үздік өлкетанушы Юрий Пастуховты еске алуға арналған «Бор тауларының сырларын ашқан палеонтолог»  атты шара өткізілді.

 Жиын басы Каспий маңындағы бор үстірттерін зерттеуге өмірінің біраз бөлігін арнаған өлкетанушының өмір жолы мен еңбегіне арналған бейнебаянмен ашылып, одан әрі «Глобус» экологиялық бірлестігінің төрайымы Галина Чернова, белгілі журналист Виктор Сутягин,  достары Георгий Трухин мен Валерий Тен, шәкірті Ирина Бештанколар сөз алды. Олар талантты тұлғаның тағылымға толы тағдырының ерекше тұстарын сағынышпен еске түсірді. Палентологтың  ұлы Александр Пастухов ақжарқын жанның отбасындағы қамқорлығы мен жұмсақтығын толғаныспен баяндады.

 Шара соңында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова алғашқы палентологтың атқарып кеткен еңбектерінің өлшеусіздігін айта келіп,  музей жанынан шыққан 5 томдық ғылыми каталогтың «Палеонтологиялық коллекциялар» бөлімі Юрий Пастуховтың еңбектері негізінде жинақталғанын жеткізді. Осы орайда «Палеонтологиялық коллекциялар» кітабының белбума лентасын кесу рәсімі  өлкетанушының ұлы Александр мен «Глобус» экологиялық бірлестігінің төрайымы Галина Черноваға ұсынылды.

 Бұл жиынға сондай-ақ палентологтың достары, ұрпақтары, баспасөз саласының қызметкерлері, шәкірттері және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері  мен Д. Байбосынов атындағы №13 ұлттық мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушылары қатысты.

Республикалық кеңес отырысы өтті

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда»  халықаралық ғылыми-практикалық конференция қарары негізінде Республикалық кеңес отырысы өткізілді.

Басқосу басында облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы сөз алып, Алтын Орда дәуірінің ұмыт болып бара жатқан тарихын жаңғырту қазіргі кезеңдегі кезек күттірмес өзекті мәселенің бірі екендігін айтты. Бүгінгі  Қазақстанның мемлекет есебінде қалыптасуына негіз болған Ұлық Ұлыстың ұлықтығын дәріптеу әрбіріміздің міндетіміз екендігін жеткізді.

«Ұлық Ұлыс – Алтын Орда»  залы ашылды

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда»  халықаралық ғылыми-практикалық конференция қарары негізінде «Ұлық Ұлыс - Алтын Орда» экспозициялық залы ашылды.

Ағымдағы жылдың қазан айының соңында Атырау қаласында  өткізілген «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда»  халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында қабылданған қарарға сәйкес  ашылған   экспозициялық залдың тұсаукесер лентасын Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Мемлекет тарихы институты» директоры  Еркін Әбіл салтанатты жағдайда қиды.

 «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан тарихы»  залы ашылды

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан тарихы»  экспозициялық залдың салтанатты ашылу рәсімі болды.

Қазақстанның  Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған залдың тұсаукесер лентасын Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен Қазақстан Халқы Ассамблеясы Атырау филиалының мүшесі, «Иверия» грузин этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Зураб Бобохидзе қиды. Өз сөзінде Елбасымыздың ел игілігі жолында сіңірген ерен еңбегін егжей-тегжейлі баяндаған аймақ басшысы, мемлекетімізді іргелі елдерінің даму деңгейіне жеткізген жасампаз тұлғаның өмір жолын дәріптейтін осындай танымдық залдың Атырау өңірінен ашылуын өте орынды санайтынын айтты.  

«Ұлы дала жауһары» экспозициясы Қызылқоға ауданында

Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылында Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің  «Ұлы дала жауһары» уақытша көшпелі экспозициясының таныстырылымы өтті.

Аудандық музейде жайғастырылған көрменің салтанатты ашылуына  Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиев, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері  мен еңбек ардагерлері, әр саладағы мекеме қызметкерлері мен  аудан тұрғындары қатынасты. 

Резолюция қабылданды

2021 жылдың 27-29 қазан аралығында Атырау қаласында өткен «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы жұмысының қорытындысында төмендегідей резолюция қабылданды:

 

  1. Алтын Орда өркениеті мәселесінің халықаралық тарихнамасын жаңа жаһандық көзқарас тұрғысынан жүйелеу; Алтын Орда мемлекеті тарихының әлемдік тарихтағы орнын ғылыми нақтылау мақсатында Алтын Орда мемлекеті мен Дешті-Қыпшақ арасындағы саяси, әлеуметтік, этногенездік және мәдени даму мәселесін зерттеу ісінде халықаралық деңгейде жан-жақты ізденістер жүргізу ісін қолға алу; Алтын Ордадағы дәстүрлі билік мәселесіндегі ерекшеліктер мен бірегейлік мәселесінің тарихи сабақтастығын ғылыми тұрғыдан айқындау. Алтын Орда дәуірін танушы шетелдік ғалымдармен еліміздегі гуманитарлық иниституттардың арасындағы байланысты нығайту, біріккен жобаларды қолға алу;

 

Ғылыми кеңестің кезекті мәжілісі өтті

Өңіріміздегі тарихи жәдігерлердің  мол қорын сақтап, оның баға жетпес құндылығын жұртшылыққа насихаттап  жүрген Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі өзінің жанынан құрылған ғылыми кеңестің кезекті мәжілісін өткізді.

        Көпшілік білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Алтын Орда» дәуірін ұлықтауға байланысты берілген тапсырмасына сәйкес Атырау өңірінде «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы  өтіп, үш күнге созылған алқалы жиында  еліміздің түпкір-түкпірінен келген тарихшы ғалымдардардың баяндамалары мен ортаға тасталған ой-пікірлері негізінде конференцияның қарары қабылданған болатын. Бұл құжатта Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде  «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» экспозициялық залын жасақтау ұсынысы мақұлданды. Осы негізде музей жанынан құрылған ғылыми кеңестің аталмыш отырысында қабылданған қарарының шешіміне сәйкес жасалатын экспозициялық залдың ғылыми тұжырымдамасы бекітілді.

Мұнай мұхитының көшбасшысы

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы Жолдасқали Досмұхамбетовтің туғанына 105 жыл толуына орай «Мұнай мұхитының көшбасшысы» тақырыбында  тарихи-танымдық сабағы  өтті.

Қ.Дүтбаева атындағы педагогикалық колледж студенттері   мен  музей мамандары қатысқан шарада білікті мұнайшы ретінде атағы шартарапқа танымал тұлғаның  өмір жолы, еңбектегі жетістіктері жан-жақты таныстырылды. Сабаққа қатысушылар елге сіңірген ерен еңбегі арқасында екі рет Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің депутаты болған танымал мұнайшының музейдің көрме залына  қойылған «Құрмет белгісі», «Еңбек ҚызылТу»,  «Ленин»,  «Октябрь Революциясы»  ордендері мен медальдарын тамашалады.

Ұлттық музейде Мақаш әкім туралы деректер қойылды

ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Бөкей Ордасының 220 жылдығы және Қазақстандағы тұңғыш мектеп – Жәңгір училищесінің 180 жылдығы аясында «Бөкей Ордасы - ел мұрасы» көрмесі өтті.

 Осы көрме аясында Бөкей ордасында өмір сүріп, атағы Еділ-Жайық аралығындағы қазақ, орыс, ноғай, қалмақтарға мәшһүр болған қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Мақаш Бекмұхамедовтың өмір тарихынан сыр шертетін деректер, атақты старшынның Ресей патшалығынан алған түрлі марапаттары  жұртшылықтың  тамашалауына  қойылды. Отарлаушы патша үкіметіне де, туған халқына жұғымды іс істеп, ел аузында аса жоғары беделге ие болған Мақаш әкімнің бұл жәдігерлері Атырау облысы тарихи-өлкетану  музейінің қорынан апарылды.  

«Ұлы дала мәдениетіндегі зергерлік өнер» экспозициясы Жылыой ауданында

 

 Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің «Ұлы дала мәдениетіндегі зергерлік өнер» экспозициялық көрмесінің аудан жұртышылықтарына таныстырылуы  Құрманғазы, Исатай, Индер аудандарынан соң Жылыой ауданында жалғасын тапты.

Аудандық музейдің көрме залында өткен ашылу салтанатында аудан әкімі Халел Жамалов  қас шеберлердің қолынан шыққан асыл жәдігерлердің тарихи құндылығының аса жоғары екенін айта келіп, ұлт өнерін ұлықтайтын жауһарлардан жасақталған көрменің жұмысына сәттілік тіледі. Мәдени жиында   Жылыой ауданының тарихы құндылықтарын жинақтауда өзіндік қолтаңбасы бар музей қызметі саласының ардагері Қуантқан Санахаева сөз алып, бабалар мұрасы болған ел қазынасын көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу баршамыздың  парызымыз екендігін баса айтты. Шараға сондай-ақ, аудандық мәдениет саласының өкілдері мен  ардагерлер, аудан әкімі жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері  мен өнер жанашырлары қатысты.

«Ұлы дала мәдениетіндегі зергерлік өнер» экспозициясы Индер ауданында

 

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің   «Ұлы дала мәдениетіндегі зергерлік өнер» экспозициясы Құрманғазы, Исатай аудандарынан соң  өз жұмысын Индер  ауданында жалғастырды.

Индер аудандық музейінде өткен көрменің ашылу салтанатына аудан әкімі орынбасары Гүлнұр Жалғасқызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Республикалық "Махамбет" қорының президенті, Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын, жазушы, Индер ауданының Құрметті азаматы Қойшығұл Жылқышиев, аудан ардагерлері, баспасөз өкілдері, мекеме басшылары, мұғалімдер, студенттер, аудан тұрғындары қатынасты.  

«Ұлы дала мәдениетіндегі зергерлік өнер» экспозициясы Исатай ауданында

 

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің   «Ұлы дала мәдениетіндегі зергерлік өнер» экспозициясы өз жұмысын Құрманғазы ауданынан соң  Исатай ауданында жалғастырды.

Аудандық мәдениет үйінде өткен көрменің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан, аудандық Ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Арманбек Махмутов, аудандық мәдениет және дене шынықтыру, спорт бөлімінің басшысы Сейітжан Бегесинов, үздік мемлекеттік қызмет ардагері Мәди Өтеғалиев, Исатай ауданының Құрметті азаматы Құрмет Төлеуішов, аудандық бөлім басшылары, мекеме қызметкерлері, ауданның қол өнер шеберлері және мәдениет бөлімінің қызметкерлері қатысты.  

«Ұлы дала мәдениетіндегі зергерлік өнер» экспозициясы  Құрманғазы ауданында

 

        Қазақстан Републикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі  аудандарға арналған «Ұлы дала мәдениетіндегі зергерлік өнер» экспозициясының  шеруін  Құрманғазы ауданынан бастады. Шараның салтанатты ашылуында көрменің ашылу лентасын қию рәсімі  аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова мен Құрманғазы ауданының "Құрметті азаматы" Өмірзақ Қажымғалиұлына жолданды.  

Атырауда Алтын Орданың айбыны асқақтады

Қазан айының 27-29 аралығында Атырауда «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы  өтіп, жалпақ әлемге «Алтын Орда» дәуірінің асқақтығын паш еткен ауқымды шараға  еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шет елдерден белгілі ғалымдар мен тарихшылар келді. Үш күнге созылған жиында өткен дәуірлерде дәурен құрған алып мемлекеттің тарихы жан-жақты сараланды. Тарихи деректер ортаға тасталып, Ұлық Ұлыстың ұлықтығын одан әрі дәріптеу жолдары қарастырылды.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және отандық, Еуропа, Америка, Түркия, Жапония, Ресей, Украина елдерінен зерттеуші-ғалымдар қатысты.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru