«Атырау квест» интелектуалды ойынының VI-шы маусымы басталады

Құрметті желідегі достар! Қадірменді атыраулықтар! Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі облыстық «Qazaqstan - Atyraý»» телеарнасымен бірлесіп атқарып келе жатқан жобасы – «Атырау квест» интелектуалды ойынының жаңа VI-шы маусымын бастайды.    

Атырау өңірінен жинақталған сан-түрлі жәдігерлерді сақтап, олардың тарихи құндылығын жұртшылыққа насихаттап жүрген өлкелік музейдегі  тарихи, археологиялық, этнографиялық экспонаттардың тарихын ұғындыра отырып, сайысқа қатысушы командалар арасында достық, сыйластық  қарым-қатынасты қалыптастыруды басты  мақсат қылған аталмыш жобаның алғашқы маусымы сонау 2016 жылы өткізілді. «Туған жер – тұғырым» тақырыбы аясында жас ұрпақты, жалпы көрерменді музейге тартуды көздеген бұл сайыстар бір жылдары  жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында өткізілсе, тағы бір кезекте бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, енді бірде мәдениет саласы қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілді. Жыл сайын жан-жақтан жиналған оннан астам команда өзара бақ сынасып, қызықты әрі тартысты өтетін жарыстың жеңімпаздары бірде Елорданың әсем ғимараттарына тәнті болу құрметіне ие болса,  келер жылғы топ Тараз өлкесінің қасиетті орындарын тамашалады. Одан кейінгі жылдардағы чемпион команда   Көкшетау баурайындағы Ботай қорғаны мен Бурабай көліне барса, ендігі жылы оза шапқандар Семей өңірін аралап, ұлы Абайдың туып-өскен жеріне табан тіреді. Ал былтырғы жеңімпаздар бура толқындары жағаға соққан Каспий теңізінің жағалауына барып, Ақтау қаласының әсем жерлерін көріп қайтты.

Сонымен «Атырау квест» интелектуалды ойынының биылғы маусымы несімен ерекшеленеді? Көпшілік оқырман білетіндей, еліміздің Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың  жарлығымен «2022 жыл – Балалар жылы» деп белгіленді. Осыған орай, басталғалы отырған сайыстарымыз тек 15 – 17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында өтеді. Ойынға 16 команда қатысып, кезең-кезеңмен өткізілетін іріктеу жарыстары арқылы жеңімпаздар топтастырылып отырады. Командалар арасындағы сайыстардың барлығы облыстық «Qazaqstan - Atyraý»» телеарнасынан көрсетіліп, бәсекеден бас бәйге алған жеңімпаз топ  киелі Түркістан шаһары және оның маңындағы қасиетті орындарға саяхат жасайтын болады.

Ендеше, қадірменді жас оқырмандарымыз! Сіздер осы интелектуалдық ойында бақ сынап,  қатысушысы болғыларыңыз келсе  87025464565, 87028162793 телефон номерлеріне хабарласуларыңызға немесе Инстаграм әлеуметтік желісіндегі atyrau_kvest парақшасына тіркелулеріңізге болады.

 

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru