«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» экспозициялық залы

Бұл залда негізінен Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан атыраулық жауынгерлер туралы деректер мен  қан майданда етігімен су кешкен солдаттардың пайдаланған жеке заттары көрініске қойылған. Аталмыш залдың негізі Екінші дүниежүзілік соғысының аяқталғанына 65 жыл толуына орай жасақталып, бүгінде  экспозициялық зал Брест қорғаны, Мәскеу, Сталинград шайқастары мен  Ленинградты қорғауға қатысқандарға арналған экпозициялар бар. Батыр қалаларды азат етуге ат салысқан атыраулық жауынгерлердің фотосуреттері, соғыс кезінде пайдаланылған қару-жарақ түрлері, ұстап-тұтынған бұйымдары көрініс береді. Атап айтсақ, жерлесіміз, флот адмиралы Лев Владмирский мен әскери ұшқыш, сынақшы Шаухат Есетовтың әскери киімдері мен  жеке құжаттары, майданда және туған-туыстарымен түскен суреттері, И.С.Герасимовтың батыр қала Москваны  ерлікпен  қорғағандығы үшін берілген куәлігі,  1981 жылғы Москва қаласында азат етуші ардагерлердің Москва қаласындағы кездесу сәтінде түскен суреттері  көрсетілген.

Жиырмасыншы ғасырдың ең сұрапыл кезеңі саналатын соғыс жылдары  Кеңес әскері қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылып, оның 601 мыңы туған жерге оралған жоқ. Ұлы Жеңісті жақындатуда атыраулықтардың да еңбегі ерекше болды. Ел басына күн туған осынау шақта Атырау облысынан (бұрынғы Гурьев) елді қорғауға өз еркімен 42509 адам, оның ішінде Атырау қаласынан 11302 адам майданға аттанды. Кеудесін оққа тосқан осынау атыраулықтардың 13287 - сі өз ошағына қайта оралмады. Қазақстандықтар қан майдан даласында ерлікпен шайқасып,  100 мыңнан астам отандасымыз жауынгерлік ерліктері үшін медаль-ордендермен марапатталды. Соның ішінде Атырау облысынан  Қайырғали  Смағұлов, Боран Нысанбаев, Мұса Баймұханов, Георгий Канцев, Мұқат Мусаев, Иван Березин, Александр Афанасьев , Филипп Мазуров,  Иван Махориндер «Кеңес Одағының Батыры» атағын иеленсе, Шүкір Еркінов, Ғизат Алипов, Евгений Полынин, Гаврийл Шаминдер «Даңқ» орденінің толық иегерлері атанды.  Сонымен қатар, қазақтан шыққан ұшқыш қыз Хиуаз Доспановаға  Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен асқан ерліктері үшін 2004 жылы желтоқсанда сол кездегі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Музейдің осы залында асқан ерлігімен ерекшеленген тұлғаларға арнайы экспозиция жасақталған.

Сонымен қатар витриналарға соғыс жылдарындағы баспа өнімдері, фотосуреттер, байланыс құралдары, майдандық хаттар, құжаттар, тыл еңбеккерлерінің жеке заттары  орналастырылған.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru