Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейін аралаған көрермендерді ерекше сезімге бөлеп, көне дәуірдің тылсым әсеріне бөлендіретін бөлігі – «Археология» экспозициялық залы.
Бұл залға адам алғаш бас сұққанда алдынан саф алтынға көмкерілген қос «Алтын адам» бейнесі көрініс береді. Оның бірі 1999 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылынан шығысқа қарай орналасқан Аралтөбе қорғанынан табылған – Сармат көсем реконструкциясы.
Қасқыр терісінен жасалған бөстек төселген тағында отырған Сармат көсемінің киімі алтынмен апталып, оң қолына алтынмен зерленген аса ұстатылған. Шашын түйген байламшасы, жанындағы қару-жарақтары мен қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық құсының бейнесі алтынмен әшекейленген.Екі тізесіне қынабына салынған алмас қылышы қойылған. Мұның бәрі бұл адамның тайпаның көсемі, әскербасы немесе абыз болғандығын білдіреді. Жүзінен айбар мен ірілік сезілетін бұл бейнені тамашалаған адам өткен дәуірлердегі тайпа көсемімен шынайы жүздескендей әсер алады. Бұнымен қоса бұл жерде келушілерге талай ғасыр қойнауына сыр бүккен Аралтөбе қорғанының макеті ұсынылып, қорған құрлысының құрылымы қандай болатындығы кескіндемемен көрсетілген.
Екіншісі – 2017 жылы Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғанынан табылған «Ұлы дала жауһары» атауы берілген (Қазақстан бойынша жетінші) алтын киімді әйелдің қалпына келтірілген бейнесі (реконструкциясы).
Бұл залда сондай-ақ Атырау өңірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында Аралтөбе, Миялы, Борсық, Қылыш, Сарықамыс, Иманқара, Құдайберген қорғандарынан табылған б.з.д. IV ғасыр мен б.з. XI ғасыр аралығын қамтыған жәдігерлер жинақталған. Көрермендер залдан қазба жұмыстары кезінде Аралтөбе, Иманқара қорғандарынан табылған семсерлер мен ақинақтар, моншақтар мен қайрақтастар, Миялы, Сарықамыс қорғандарынан табылған қыш құмыралар мен ыдыстар, сүйек қасық, алтын (көшірме) және күміс жапсырма әшекей бұйымдары, Борсық, Қылыш, Миялы қорғандарынан табылған қоладан құйылған төрт құлақты қазандар мен қола айналар, Қосшағыл маңындағы Қызыл-Үйіктен табылған IV-V ғасырларға жататын бал-бал тастарды көре алады.
«Археология» залында сонымен бірге Сақ және Ғұн тайпалары жауынгерлерінің қалыпқа келтірілген тұлғалық мүсіндері қойылған. Құрама дулыға, көбе сауыт киініп, екі жүзді семсер, әшекейлі белдік тағынған айбарлы батырлар сол дәуірдің кескін-келбетін көз алдыңызға келтіреді.
Сонымен бірге, көрермендер бұл залдан қоладан жасалған арқар бейнеленген белдік басы, сүйек ине сауыт, қола айылбас, қорамсақты әшекейленген жапсырмалар, тостаған, қыш көзе, сүйек қасық, қайыңнан жасалған қалқан, аң, құс бейнелі және пирамида тәріздес алтын жапсырмаларды (72% алтын), Сармат көсемі мен Сармат дәуіріндегі әйел адамның қалпына келтірілген бет-бейнелерін тамашалайды.
Аталмыш залда, мұнымен қоса, Миялы (Жангелді) қорғандарынан табылған күміс әшекейлі бұйымдар коллекциясы толық нұсқадағы күміс жапсырмалары да көрермен назарына ұсынылған. Бұл әшекейлер IX-XI ғасырларда Солтүстік Каспий маңын мекен еткен көшпелі тайпаларға тиесілі жерлеу орындарыннан шыққан. Қорғанда жерленген қыз мүрдесі мен оның қасынан табылған жылқының бас сүйегі күміс әшекейлермен көмкерілген. Экспозицияда күміс әшекейлі қыздың және жылқы жүгенінің күміс жапсырмалары (71 % күміс), ат әбзелінің белбеулік айырғыш жапсырмасы (81% күміс), түйме тәріздес жапсырма (85% күміс), ай тәріздес әшекей жапсырма (81% күміс), көбелек тәріздес әшекей жапсырма (78 % күміс), қыз белбеуінің әшекей бұйымдары (75% күміс), тұмары, күміс сырғасы (71% күміс), қыздың тұрмыста пайдаланған пышағы мен қайшысы қойылған.