Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің «Ұлы дала мәдениетіндегі зергерлік өнер» экспозициялық көрмесінің аудан жұртышылықтарына таныстырылуы Құрманғазы, Исатай, Индер аудандарынан соң Жылыой ауданында жалғасын тапты.
Аудандық музейдің көрме залында өткен ашылу салтанатында аудан әкімі Халел Жамалов қас шеберлердің қолынан шыққан асыл жәдігерлердің тарихи құндылығының аса жоғары екенін айта келіп, ұлт өнерін ұлықтайтын жауһарлардан жасақталған көрменің жұмысына сәттілік тіледі. Мәдени жиында Жылыой ауданының тарихы құндылықтарын жинақтауда өзіндік қолтаңбасы бар музей қызметі саласының ардагері Қуантқан Санахаева сөз алып, бабалар мұрасы болған ел қазынасын көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу баршамыздың парызымыз екендігін баса айтты. Шараға сондай-ақ, аудандық мәдениет саласының өкілдері мен ардагерлер, аудан әкімі жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері мен өнер жанашырлары қатысты.
Көрменің лентасын қию рәсімі аудан әкімі Халел Жамалов пен Жылыой ауданының Құрметті азаматы, мәдениет саласының ардагері Нұрдәулет Ақназаровқа жолданды. Көпшілік назарына қойылған зергерлік бұйымдарды Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің этнограф маманы Базаргүл Хансұлтанова таныстырып, тарихи жәдігерлердің баға жетпес құндылығын дәріптеді.
Аудан орталығындағы таныстырылымнан соң көшпелі көрме өз жұмысын Жем, Жаңа Қаратон, Қосшағыл, Қара Арна ауылдарында жалғады.