«Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» залы ашылды

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда»  халықаралық ғылыми-практикалық конференция қарары негізінде «Ұлық Ұлыс - Алтын Орда» экспозициялық залы ашылды.

Ағымдағы жылдың қазан айының соңында Атырау қаласында  өткізілген «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда»  халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында қабылданған қарарға сәйкес  ашылған   экспозициялық залдың тұсаукесер лентасын Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Мемлекет тарихы институты» директоры  Еркін Әбіл салтанатты жағдайда қиды.

Көрерменді Жошы Ұлысынан бастау алатын дәуірге жетелер экспозициялық залда Алтын Орда кезеңімен байланысы бар тарихи жәдігерлердің реставрацияланған, консервацияланған нұсқалары көпшілік назарына ұсынылды. Көз жауын алар әсемдікпен сәнделген залда Шығыс пен Батысты жалғайтын көпір іспеттес болған Ұлық Ұлыстың саяси құрылымы, Алтын Орданың  тарихы мен экономикалық өрлеуі туралы мәліметтер тізбектелді. Алтын Орда ұлысының Бату хан, Берке хан, Мөңке Темір хан, Тоқта хан (Тоқтай), Өзбек хан, Жәнібек хан, Бердібек хан, Тоқтамыс хан секілді билеушілерінің өмір жолы және ел басқару әдістері туралы деректер келтірілді. Сол кезеңдердегі мемлекеттің заң тәртібі  Шыңғыс ханның көшпелі өмір салтына сәйкес негізделген 17 тармақты «Яса» заңға сүйенгендігі айтылып, аталмыш заңдар тізбесі жұртшылық назарына ұсынылды.  

Сондай-ақ осы залда Алтын Орда кезеңіндегі әскери іс пен рәміздер туралы мәліметтер, сол дәуірде қолданылған қару-жарақтар мен қыш ыдыстардың түрлері көрініске қойылды. Ұлық Ұлыс қалаларында өзіндік ерекшеліктермен  соғылған теңгелер  мен пайзалар коллекциясы сан ғасырдан сыр шертер құнды жәдігерлердің бірі ретінде жайғастырылды. Ұлық империя кезеңінде әдебиет пен ғылымның аса жоғары дамығаны туралы тұшымды дәлелдер келтіріліп, осы тұста мемлекеттің  беделі көтеріліп, көрші елдермен қарым-қатынасының  нығайғандығы туралы тарихи деректер ілінді.

Арнайы залдың бір бөлігінде Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың  Сарай Бату, Сарай Берке, Сарайшық сынды  астаналары мен  Янгикент, Созақ, Сауран, Сығанақ, Отырар, Испиджаб, Женд секілді қалалары туралы мәліметтер берілді. Атырау өңірінің ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти, Қызылқорған қалалары, Таскешу керуен сарайы мен керуен жолдары туралы толыққанды деректер және өңіріміздегі тарихи орындарда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған құмыралар мен хұмшалар, тас диірмендер мен майшамдар, шырағдандар мен табақтар, қабырға қыштары мен кәріз жүйелерінің бөліктері, моншақтар мен сүйектен жасалған бұйымдар қойылды. Сол дәуірдегі молда-ишандар оқыған Құран кітаптары мен тәпсілер тылсым дәуірден жеткен тәбәрәк секілді қастерленіп, араб жазуымен көмкерілген күрсілерде орын тапты.

Экспозициялық залда сондай-ақ Жошы Ұлысының Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы алар маңызды тарихи рөлін айқындайтын мәліметтер мен  Алтын Орда қалаларының орнында қазба жұмыстарын жүргізген археологтар, этно-археологтар туралы деректерге арнайы планшет  қойылды. Орта ғасыр дәуірін көз алдыңа келтірер осынау залдағы тақырыптық планшеттердегі мәліметтердің  барлығы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілді.

 

 

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru