«Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан тарихы» залы ашылды

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан тарихы»  экспозициялық залдың салтанатты ашылу рәсімі болды.

Қазақстанның  Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған залдың тұсаукесер лентасын Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен Қазақстан Халқы Ассамблеясы Атырау филиалының мүшесі, «Иверия» грузин этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Зураб Бобохидзе қиды. Өз сөзінде Елбасымыздың ел игілігі жолында сіңірген ерен еңбегін егжей-тегжейлі баяндаған аймақ басшысы, мемлекетімізді іргелі елдерінің даму деңгейіне жеткізген жасампаз тұлғаның өмір жолын дәріптейтін осындай танымдық залдың Атырау өңірінен ашылуын өте орынды санайтынын айтты.  

Мәдени шараға Елбасы кітапханасының экспозицияларды және көрмелерді  ұйымдастыру қызметінің басшысы, Мемлекет тарихи институтының директоры Еркін Әбіл,   облыстық  Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының  өкілдері, музей жанынан құрылған ғылыми – кеңес мүшелері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессорлары, тарихшылар, өлкетанушылар, студенттер қатысты.

Атырау өңірінің құнды жәдігерлерін сақтап, тарихи экспонаттардың баға жетпес құндылығын жұртшылыққа насихаттап жүрген музейден орын алған экспозициялық залда  –  Тұңғыш Президенттің  тағылымға толы өмірінен мол мағұлұмат беретін тарихи деректер, жалынды жастық шағы мен қоғам қайраткері болып қалыптасқан кезеңдеріндегі фотосуреттері қойылды. Арнайы залда Ұлт Көшбасшысының ел тізгінін қолына алып,  мемлекетімізді өркендету жолында жасаған іргелі істерінің тарихи сәттерін бейнелейтін архивтік құжаттар  көпшілік назарына ұсынылды. Осы залда сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен ұлттық рәміздеріне арнайы орын бөлініп, Ұлттық валютаның енгізілуі, Қазақстан  Халқы Ассамблеясының құрылуы, Қазақстанның Бірікккен Ұлттар ұйымына мүше болуы туралы құжаттық деректер қойылды. Атырау облысының тәуелсіздік жылдарында экономика мен мәдениетте қол жеткізген жетістіктерін баяндайтын анықтамалар мен фотосуреттер орналастырылды. Залды тамашалаушылар Елбасының Атырау өңіріне жасаған сапарлары кезіндегі түскен суреттерін, «Теңізшевройл» ЖШС, «АтырауМұнайМаш» ЖШС сынды ірі кәсіпорындарды алғашқы болып іске қосқан тарихи сәттерін көрсеткен фотожәдігерлерді тамашалады.  Сонымен қатар, бұл залда ерен тұлғаның бастамасымен басылған егеменді еліміздің тұңғыш ақшаларының үлгілері жұртшылық назарына ұсынылды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru