11 наурызда экскурсиялық – бұқаралық жұмыс бөлімі Бөкей ордасының 215 жылдығына орай «Бөкей ордасындағы Жәңгір ханның саяси тұлғасы» тақырыбында тарихи-танымдық сабақ өткізді. Сабақ барысында оқушыларға «ХІІ-ХХ ғасырлардағы өлке тарихы» экспозициясындағы Жәңгір хан туралы деректер мен заттай жәдігерлер таныстырылып, слайд арқылы түсіндірілді. Сабаққа №15 Абай атындағы орта мектебі оқушылары қатынасты.

4 наурызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тылдағы аналардың өмірі туралы Тылда – еңбек майданы, соғыста – ерлік майданы» атты тарихи-тағылымдық ерлік сабағы өткізілді. Сабақ барысында «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» экспозициялық залындағы Атырау облысы бойынша соғыс жылдарында тылда еңбек еткен аналар Енбаева Маржан, Қожахметова Қанаш, Шағырова Нәбираның және Гурьев-Астрахань теміржолының құрылысына қатысушы тыл ардагерлерінің еңбектері, ерлік істері туралы айтылып, тыл еңбеккерлері туралы видеоролик, слайд дайындалып көрсетілді. Сабаққа Д.Байбосынов атындағы №13 ұлттық мектеп гимназиясы ұстаздары мен оқушылары қатынасты.

4 наурызда Алаш қозғалысының жетекшісі, Алаш орда автономиялы үкіметінің төрағасы публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына орай «Алаштың ардақтысы» атты тарихи тағылымдық сабақ өткізілді. Сабақ барысында «ХІІ-ХХ ғасырлардағы өлке тарихы» залында оқушыларға Алаштың ардақтылары туралы видео роликпен слайд арқылы түсіндірілді. Сабаққа №21 Жамбыл атындағы орта мектептің ұстаздары мен оқушылары қатынасты.

1 наурызда ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алғыс айту күніне орай отбасын құрғандарына 50, 25 жыл толған және үстіміздегі жылы отбасын құрған әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған отбасыларымен «Отбасы – ұлттың тірегі» атты кездесу кеші өткізілді. Кездесу кешіне отбасы құрғандарына 50 жыл толған Исатай ауданының тұрғындары, қазақ және татар ұлт өкілдерінен құралған Сергей-Равиля Нығметжановтар жанұясы, отбасы құрғандарына 25 жыл толған Махамбет ауданының тұрғындары, қазақ және удмурт ұлт өкілдерінен құралған Ибрагим-Мария Лекеревтер жанұясы және үстіміздегі жылы отбасын құрған Алмаз-Салтанат Тілегендер жанұясы қатынасты.

18 ақпанда мұражай қорындағы жез ыдыстар түрлерімен жастарды таныстыру, өз елінің ұлттық мәдени, тарихи құндылықтарын құрметтеуге баулу мақсатында «Жез ыдыстар – көзайым дүниелер» тақырыбында тарихи-танымдық сабақ өткізілді.

15 ақпанда Жеңіс саябағында Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 27 жыл толуына орай Ауғанстан мен тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш кешенінің тарихы туралы «Жауынгерлер туралы естелік» атты мектеп оқушыларына тарихи – тағылымдық саяхат өткізілді.

10 ақпанда Х.Досмұxамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Атырау мұнай газ институтында белгілі суретші, иллюстратор, блогер Аңсаған Мұстафамен және "Ақ босаға" газетінің бас редакторы Шолпан Ұғыбайқызымен кездесу кеші өтті! Кеш барысында Аңсаған Мұстафаның осы өнер жолына келуі,суреттерінің әлеуметтік желіде кең таралуы әңгімеленді.Қызығушылық танытқан студенттерге автор өзінің соңғы кезде айналысып жүрген кәсібі ұлттық нақышта өз қолынан салынған суреттері бар футболкаларын табыстады.

5 ақпанда археология ғылыми-зерттеу бөлімінің ұйымдастыруымен «Батыс өңіріндегі сармат тайпалары» тақырыбында танымдық сабақ өткізілді. Танымдық сабақ оқушыларға сармат тайпалары туралы лекция түрінде баяндалып, слайд көрсетіліп және «Тылсым дәуір» экспозициялық залында қазба кезінде анықталған жәдігерлермен (қола қазан, қола айна, сүйек қасық т.б) таныстырылды. Сабақ соңында оқушыларға бекіту сұрақтары қойылып, жауаптар берілді. Танымдық сабаққа қалалық білім бөліміне қарасты №15 Абай атындағы орта мектебінің оқушылары мен ұстаздары қатынасты.

25 қаңтарда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Аталған шараға Өскемен қаласынан келген қонақтар мен Атырау қаласының тұрғандары, №1 В.Ленин атындағы, №12 Ф.Досымова атындағы, №13 Д.Байбосынов атындағы, №15 Абай атындағы мектеп оқушылары, №4 туберкелезді – санаторий интернаты және №9 «Алия», №25 «Еркемай» балалар бақшасынан барлығы 290 көрермен қамтылды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru