ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Бөкей Ордасының 220 жылдығы және Қазақстандағы тұңғыш мектеп – Жәңгір училищесінің 180 жылдығы аясында «Бөкей Ордасы - ел мұрасы» көрмесі өтті.
Осы көрме аясында Бөкей ордасында өмір сүріп, атағы Еділ-Жайық аралығындағы қазақ, орыс, ноғай, қалмақтарға мәшһүр болған қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Мақаш Бекмұхамедовтың өмір тарихынан сыр шертетін деректер, атақты старшынның Ресей патшалығынан алған түрлі марапаттары жұртшылықтың тамашалауына қойылды. Отарлаушы патша үкіметіне де, туған халқына жұғымды іс істеп, ел аузында аса жоғары беделге ие болған Мақаш әкімнің бұл жәдігерлері Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қорынан апарылды.
Көрмеге Мақаш Бекмұхамедовтың «Әулие Станислав», «Әулие Владимир», «Әулие Анна» ордендерімен қатар І-ші, ІІ-ші, ІІІ-ші дәрежелі Кресттері, «Драгун полкынің лейб-гвардия» белгісі, ауылнай, старшын және сот-би өңірбелгілері, жеке мөрі, сиясауыты қойылды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Жайық өзені бойында елу жылдай ел басқарған белгілі тұлғаның жеке заттарын тамашалаушылар, әсіресе, қоғам қайраткерінің күміспен күптелген өңірлік ордендеріне асқан қызығушылықпен үңілді. Мақаш әкімнің кеудесінде жарқыраған марапаттардың берілу тарихымен танысты. Осы орайда саналы ғұмырын Атырау өңірінің тарихын зерттеуге арнаған өлкетанушы, жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Мақсот Жолжановтың Мақаш әкімнің иеленген ордендері турасындағы жазбалары негізге алынды.