Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Атырау өңірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында Аралтөбе, Миялы, Борсық, Қылыш, Сарықамыс, Иманқара, Құдайберген қорғандарынан табылған б.з.д. IV ғасыр мен б.з. XI ғасыр аралығын қамтыған жәдігерлердің тарихын, мәдениетін, көшпелі тайпалардың өркениеті мен жетістіктерін көпшілікке насихаттайтын «Археология» экспозициялық залы қайта жасақталып ашылды.
Залдың салтанатты ашылуына Сақ және Ғұн тайпалары жауынгерлерінің қалыпқа келтірілген тұлғалық мүсіндерінің авторы «Тархан» тарихи реконструкциалар орталығы» шығармашылық тобының менеджері Алау Ахметжанов, облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Әсия Қыстаубаева, экспозициялдық залды жасақтауға демеушілік білдірген «Ақ желкен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нұрберген Даулетов, музей жанынан құрылған ғылыми-кеңес мүшелері, тарихшылар, өлкетанушылар, студенттер қатысты.
Жаңғыртылған экспозициялық залда Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған экспедициялық топтың облыс аумағында әр жылдары жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер қойылды. Көрермендер бұл жерден 1999 жылы Жылыой ауданындағы Аралтөбе қорғандар комплексінен табылған «Сармат көсемі» атауы берілген «Алтын адамды», 2017 жылы Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғанынан табылған «Ұлы дала жауһары» аталатын алтын киімді әйелдің реконструкциясын, Сақ және Ғұн тайпалары жауынгерлерінің қалыпқа келтірілген тұлғалық мүсіндерін, 2020 жылы Миялы (Жангелді) қорғандарынан табылған күміс әшекейлі қыздың және жылқы жүгенінің әшекейлі күміс жапсырмаларын, Аралтөбе қорғанының макетін тамашалады.
Ерте темір дәуірін көз алдыңа келтірер көріністер мен жүргізілген қазба жұмыстарының кейбір сәттері арқылы әсем безендірілген залда сондай-ақ қазба жұмыстары кезінде Аралтөбе, Иманқара қорғандарынан табылған семсерлер мен ақинақтар, моншақтар мен қайрақтастар, Миялы, Сарықамыс қорғандарынан табылған қыш құмыралар мен ыдыстар, сүйек қасық, алтын (көшірме) және күміс жапсырма әшекей бұйымдары, Борсық, Қылыш, Миялы қорғандарынан табылған қоладан құйылған төрт құлақты қазандар мен қола айналар, Қосшағыл маңындағы Қызыл-Үйіктен табылған IV-V ғасырларға жататын бал-бал тастар көпшілік назарына ұсынылады.
Сонымен қатар көрермендер бұл залдан қоладан жасалған арқар бейнеленген белдік басы, сүйек ине сауыт, қола айылбас, қорамсақты әшекейленген жапсырмалар, тостаған, қыш көзе, сүйек қасық, қайыңнан жасалған қалқан, аң, құс бейнелі және пирамида тәріздес алтын жапсырмаларды (72% алтын), Сармат көсемі мен Сармат дәуіріндегі әйел адамның қалпына келтірілген бет – бейнелерін тамашалады.
Жалпылай алғанда «Археология» экспозициялық залында музей қорына тіркелген 505 жәдігер қойылды. Олардың 485-сі негізгі қордан, 20-ы қосымша қордан алынды.