Өңіріміздегі тарихи жәдігерлердің мол қорын сақтап, оның баға жетпес құндылығын жұртшылыққа насихаттап жүрген Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі өзінің жанынан құрылған ғылыми кеңестің кезекті мәжілісін өткізді.
Көпшілік білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын Орда» дәуірін ұлықтауға байланысты берілген тапсырмасына сәйкес Атырау өңірінде «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп, үш күнге созылған алқалы жиында еліміздің түпкір-түкпірінен келген тарихшы ғалымдардардың баяндамалары мен ортаға тасталған ой-пікірлері негізінде конференцияның қарары қабылданған болатын. Бұл құжатта Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» экспозициялық залын жасақтау ұсынысы мақұлданды. Осы негізде музей жанынан құрылған ғылыми кеңестің аталмыш отырысында қабылданған қарарының шешіміне сәйкес жасалатын экспозициялық залдың ғылыми тұжырымдамасы бекітілді.
Алтын Орда дәуірінің асқақтығын дәріптеп тұрар танымдық залдың жасалу жобасын талқылауға ғылыми кеңес мүшелері мен ҚР Ұлттық ғылым Академиясының Құрметті академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған қатысты. Жиын офлайн және онлайн форматта өтті.
Басқосуда сондай-ақ, 2020 жылы Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғандарына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ерекше жәдігер – «Темір сауытты жауынгер» жайы талқыға түсті. Жер жаһанның тарихшыларын таң қалдырған тарихи мұраға байланысты атқарылған жұмыстар сараланып, құнды экспонатты одан әрі жіті зерттеу мәселесі ғылыми кеңес мүшелері тарапынан зерделенді. Тұшымды ойлар айтылып, ұсыныс-пікірлер жинақталды.
Жиын барысында музей қорындағы жәдігерлерді түгендеу-тексеру жұмыстарының қорытындысы жарияланып, музейдің 2022 жылға арналған жұмыс жоспары таныстырылды.