«Қарашүңгіл -  Қазақстандағы алғашқы мұнай кен орны» көрмесі

Қазақстандағы тұңғыш мұнай бұрқағы атқылағанына 125 жыл толуына орай музейде «Қарашүңгіл - Қазақстандағы алғашқы мұнай кен орны» уақытша көрмесі ашылды.

Көрменің мақсаты: Қазақ мұнайының жалпы шығу тарихы, өлкеміздегі мұнай өндіру кен орындарының шығу тарихы, Отандық мұнай өндірісінің бүгінде ел экономикасына әсері мен пайдасын, болашағы туралы кейінгі жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, таныстыру.

Көрмеге Алматы қаласындағы ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағаты, Орталық Мемлекеттік ғылыми техникалық құжаттама архивінен алынған материалдар және Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы құжаттай материалдар мен заттай жәдігерлер қойылды. Көрмені сонымен қатар Қарашүңгіл кен орны, Доссор мұнай кені, Мұнай мұнарасы макеттері толықтырды.

Көрме Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ә.Тауфихұлы кіріспе сөзімен ашып,  мұнай тарихын зерттеуші тарихшы ғалымдар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры,  тарих ғылымдарының докторы Бердіғожин Лесқали Базарғалиұлы мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғалымдарының кандидаты Мұхитов Қабибек Сәдірұлы  өз зерттеулерімен бөлісіп, мұнай саласының тасымалдау тарихына тоқталды.

Көрменің ашылу салтанатына «Ембімұнайгаз» мекемесінің қызметкерлері мен ардагерлері, мекеме басшылары, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің, Бизнес және құқық колледжінің студенттері қатысты.

Жалпы қазақ мұнайының және өлкеміздегі мұнай өндіру кен орындарының шығу тарихын көпшілікке насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған көрме 07-15 қараша аралығында музей көрермендерінің назарына ұсынылып, одан әрі өндірістік кен орындарында жалғасын табатын болады.

Қаһарман тұлғаның кескіндемелік портреті музей қорына табысталды.

«Бабалар ізімен....» тарихи-мәдени экспедициясы аясында төл тарихымызда айшықты із қалдырған батыр бабамыздың есімін жаңғырту, кейінгі ұрпаққа ерлігін насихаттау бағытында Өтей батырдың ұрпақтарымен кездесу кеші өтті.

         Кездесу кешіне Атырау облысы әкімінің орынбасары Д.Шамұратов, Атырау облысы Мәдениет жіне тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ә.Қыстаубаева, Атырау облысының Құрметті азаматы Р.Мүрсәлиева, Мәдениет саласының ардагері Е.Өміров, және Өтей батырдың ұрпақтары М.Раисов, М.Алимов,  М.Якупов, А.Сейдахметов, А.Алимов және тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, мәдени мекеме қызметкерлері мен музей мамандары қатысты.

         Шара барысында сөз алған Атырау облысы әкімінің орынбасары  Д.Шамұратов тұлға тарихын жаңғыртудың маңыздылығына тоқталса,  батырдың туған жері Торғай елінде дүниеге келген, Қоғам қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері Р.Мүрсәлиева батыр бабамыздың есімін жаңғырту, оның ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау бағытында атқарылып жатырған жұмыстарға оң баға берді.

Батырдың ұрпақтары шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдіре отырып, музей қорына батыр бабаларының портретін табыс етті. Қаһарман тұлғаның кескіндемелік портретінің авторы-көрнекті қылқалам шебері, танымал мүсінші Сапарбек Ұзақов.

 Өтей батыр 1714 жылы Торғай өңірінде дүниеге келген. Еділ бойы қалмақтары қазаққа шабуыл жасап, Ойыл өзеніне дейінгі жерді алғанда, Орта жүзден Кіші жүзге келген әскер қолын Өтей батыр бастап барған деседі. Осылайша, Өтей батыр Кіші жүздің Қызылқоға жерінде кескілескен соғысқа қатысып, 1749 жылы небәрі 35 жасында қаза табады. Кіші жүз қазақтары қалмақтарды жеңгеннен кейін, күрестегі ерлігі үшін оның құрметіне құлпытас қойған. Алайда жылдар өте белгісіз боп қалған. 2008 жылы  ұрпақтары батырдың тарихи отаны Қостанай облысы Жангелдин ауданының Қызбел ауылына да құлпытас қойылады. Өтей батырдың бейіті Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау жерінде орналасқан және халық арасында «Өтей қорымы, Өтей бейіті» деген атқа ие.

«Жазудың жүйрік жорғасы»  кездесу кеші

          2024 жылдың  16 қазан күні Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы Төлеген Жаңабайұлының мерейлі 80 жасына арналған «Жазудың жүйрік жорғасы»  атты кездесу кеші өтті.                     

       Салтанатты шара Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістерінің сомдауымен Төлеген Жаңабайұлына арналған «Төлеген Тұлға» атты сахналық қойылымнан бастау алды.

       Алғашқы құттықтау сөз Атырау облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жоламанов Әбіл Тауфихұлына, Жазушы Сидағалиев Сайпеден Шәмшиденұлына, «Атырау» газетінің  Бас редакторы Қосшиев Назарбек Төлеуішұлына, батагөй ақсақал Ақмырза Батырқайырұлына берілді.

      Сонымен қатар шарада Н.Жантөрин атындағы облыстық филормония әншілері өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерді зор қошеметке бөледі.

      Арнайы ұйымдастырылған іс-шараға Атырау облыстық Мәдениет мекемелерінің басшылары, жергілікті ардагер қаламгерлер, бұқаралық ақпарат - құралдарының  өкілдері, өлкетанушылар, Төлеген Жаңабайұлының ағайын-туыстары, замандас, құрдастары қатынасты.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» KPI компаниясы арасында меморандумға қол қойылды.

Қараша айында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі М.Кипиев пен «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» KPI компаниясының директоры Д.Әшімов екі жақты меморандумға қол қойды.

Жиынға Атырау облысы әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев, Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ә.Жоламанов, КРІ компаниясының бас директоры Д.Әшімов, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне басшысы М.Кипиев және мұнай саласының ардагерлері мен KPI компаниясының қызметкерлері қатысты.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев KPI компаниясының газ-химия саласын дамытудағы көшбасшы компания екендігін және кешеннің Қазақстанның экономикасы мен өнеркәсібіне орасан зор үлес қосып жатқанын атап өтті.

Ынтымақтастық меморандум аясында КРІ компаниясының бас директоры Д.Әшімов «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» газ-химия кешенінің іске қосылғанына екі жыл толуына орай музейге пропилен ұнтағынның бірінші партиясын, 030GP маркалы полипропилен түйіршіктерін, С3Н8 (пропан) шикізатының бірінші цистернаның пломбасын және кешеннің іске қосылған салтанатты шарасының тарихи суреттерін тапсырды.

Сондай-ақ Д.Әшімов меморандум аясында KPI компаниясы мен музей арасында өзара бірлескен тың жобалардың жүзеге асатынын атап өтті және алдағы уақытта музейде газ-химия бұрышын құру үшін өзге жобалардың экспонаттары қосылатынын сенім білдірді.

Жиын KPI компаниясының құрылғанына екі жыл толуына орай сала қызметкерлері үшін Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ашық есік күнімен жалғасты.

 KPI компаниясы еліміздегі газ және мұнай-химия саласын дамытудағы көшбасшы болып табылады. Компания ең алғашқы интеграцияланған газ-химия өндірісі ретінде, Қазақстанның экономикасы мен өнеркәсібінің өркендеуіне орасан зор үлес қосуда.

Музей қоры қазақ әдебиеті тарихында дара қолтаңбасымен ерекшеленген Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын, поэзия падишасы Фариза Оңғарсыноваға тиесілі құнды жәдігерлермен толығуда

Музей қоры қазақ әдебиеті тарихында дара қолтаңбасымен ерекшеленген Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті ақын, поэзия падишасы Фариза Оңғарсыноваға тиесілі құнды жәдігерлермен толығуда. Жәдігерлерді жинақтау үшін музейдің Бас қор сақтаушысы Б.Хасанова және қорларды есепке алу секторының жетекшісі Ф.Таменова қараша айының басында арнайы Алматы қаласында іссапарда болды. Ақынның сіңлісі Алмагүл Оңғарсынова тапсырған жәдігерлердің ішінде ақынға тиесілі  қазақтың қасиетті қара домбырасы мен қылқобызы, шертіп ойналатын шекті музыкалық аспап мандолинасы, кітаптары мен фотосуреттері,қолжазбалары және көзі тірісінде киген киімдері т.б заттары бар.

10 шілде күні Балықшылар күніне орай «Балығы тайдай тулаған өлке» тақырыбында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткізілген...

10 шілде күні Балықшылар күніне орай «Балығы тайдай тулаған өлке» тақырыбында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткізілген уақытша көрмені Дамбы ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жастары мен Қызылқоға аудандық «Жаңа шаруа» қазақ орта мектебінің оқушылары, ұстаздары тамашалады.

Көрмеде музей қорындағы 1983 жылы шыққан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысы, 1945 жылдың №360 санындағы «Социалистік құрылыс» газетінің фотокөшірмесі, Гурьев балық комбинатының жұмыс процесі, балық аулау сәтінен түсірілген тарихи фотосуреттер, балық консерві комбинаттың балық өнімдерінің құтылары, бекіре балығының муляжы, балықшы киімі, балық аулау құралдары, сондай-ақ, осы салада ұзақ жылдар бойы еңбегі еленген өлкемізден шыққан балық кесуші А.Байжігітованың «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілгендігі жөніндегі куәлігі, Х.Ғабдолованың, Қ.Әлиевтің өмір деректері мен құжаттай материалдары орын алған.

27-28 маусым күндері өткізілген  «Ұлттық қолөнер – тарих көзі» тақырыбындағы облыстық көрме – жәрмеңкесі қорытындыланды

27-28 маусым күндері өткізілген  «Ұлттық қолөнер – тарих көзі» тақырыбындағы облыстық көрме – жәрмеңкесі қорытындыланды.

Шара барысында музей басшысы Кипиев Мұхамбетқали Қуанышқалиұлы Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы атынан қолөнер арқылы ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан–ұрпаққа жеткізуде халық өнерін насихаттап, оны түрлі қиялмен жаңартып, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысып келе жатырған көрме – жәрмеңкеге қатынасушы қолөнер шеберлеріне шексіз алғысын білдіріп, қолөнер шеберлеріне Алғыс хат, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыстап, шараны қорытындылады.

Ортағасырлық Сарайшық қалашығына археологиялық қазба жұмыстары басталды.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан құрылған экспедиция жылдық жоспарға сәйкес ортағасырлық Сарайшық қалашығына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді бастады.

Қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі тарих ғылымдарының кандидаты М.Қасенов. Отряд жетекшісі М.Әбдіғалиев.

«АТЫРАУ ӨЛКЕТАНУ ОҚУЛАРЫ» тақырыбында  І облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді.

Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Атырау облыстық тарихи – өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «АТЫРАУ ӨЛКЕТАНУ ОҚУЛАРЫ» тақырыбында І облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі алғаш рет өткізіп отырған «Атырау өлкетану оқулары» І облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясына облыстағы зерттеуші-ғалымдар, өлкетанушылардың Атырау өлкесінің табиғаты, географиясы, топономикасы, археологиясы, этнографиясы, фольклоры, тарихы, ескерткіштері, музей ісі туралы жұмыстары енген.

«АТЫРАУ ӨЛКЕТАНУ ОҚУЛАРЫ» тақырыбында  І облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы  4 секциялық отырысқа жалғасты.

  1. Өлкенің географиясы, топонимикасы;
  2. Өлкенің археологиясы, этнографиясы, фольклоры;
  3. ХVII-XXI ғ.ғ өлке тарихы;
  4. Өлкенің тарихи-мәдени мұрасы: ескерткіштану, музейтану;

Конференция Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысы А.Жоламановтың алғы сөзімен ашылды. Конференцияның модераторы музей басшысы М.Кипиев болды. Панелдік отырыста - PhD, қауымдастырылған профессор Қалменов Мұрат Дабылұлы «Таскешу керуен сарайындағы 2021 жылғы жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Шамғонов Амангелді Шамғонұлы «Атыраулық төлеңгіттер туралы зерттеулер», Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық «Теңіз» филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы, Қажымғалиев Өмірзақ, «Құрманғазы ауданының географиясы және топономикасы», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Өтеғалиев Мәди «Исатай ауданының қалыптасуы мен өркендеуі хақында», тарихшы-өлкетанушы, Исатай аудандық мәслихаты аппаратының басшысы Насиханов Мүтиғолла Атоллаұлы «Бұл елде Тұщықұдық ауылы бар», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мұхитов Қабибек Сәдірұлы «Соғысқа дейінгі жылдарда Жайық-Жем ауданында салынған мұнай құбырларының тарихы» тақырыптық баяндамалары жасалып, ұсыныс-пікірлер айтылды.

Конференцияға тарих, археология, өлкетану, жаратылыстану, мәдениеттану салаларының ғалымдары, ғылыми-зерттеу институттары мен музей қызметкерлері, тарихи-мәдени мұраларды зерттеушілер, жалпы білім беретін мектептердің ұстаздары, ЖОО магистранттары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатынасты.

 

«Ұлттық қолөнер – тарих көзі» тақырыбында облыстық көрме – жәрмеңкенің ашылуы рәсімі өткізілді.

Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, Атырау облыстық тарихи - өлкетану музейінінің ұйымдастыруымен Атырау облысына қарасты қала мен аудандардың қолөнер шеберлерінің қатынасуымен Облыстық музейде «Ұлттық қолөнер – тарих көзі» тақырыбында облыстық көрме – жәрмеңкенің ашылуы рәсімі өткізілді.

Көрме – жәрмеңке ұлттық өнердің алтын арқауының бірі болып саналатын дәстүрлі колөнер кәсібін дамыту, өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарға қызығушылығы мен құрметін арттыру, ел ішіндегі шеберлерді тауып дәріптеу және олардың қолынан шыққан ұлттық бұйымдарды халыққа таныстырып, кеңінен насихаттау және халық арасында ұлттық қолөнерді сақтап еңбек етіп жүрген тұлғалардың тері, сүйек, ағаш, қыш, темір, жүннен жасалған бұйымдары, зергерлік бұйымдар және ұлттық нақышта тігілген төсек жабдығы мен киімдер дайындайтын қолөнер шеберлерінің туындыларын (тауарларын) өлкеміздің тұрғылықты халқы мен келуші қонақтарының көптеп сатып алуына мүмкіндік туғызу мақсатында ұйымдастырылды.

Шараның ашылуы барысында Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жоламанов Әбіл Тауфиқұлы құттықтау сөз сөйлеп, қолөнер арқылы ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан–ұрпаққа жеткізуде халық өнерін насихаттап, оны түрлі қиялмен жаңартып, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысып келе жатырған көрме – жәрмеңкеге қатынасушы қолөнер шеберлеріне сәттілік тіледі. Сондай – ақ, көрме – жәрмеңкеге Мақат ауданынан қатынасушы тоқыма шебері, құрақ құраушы – Имашева Үмітжан Аққалиқызы сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға қолөнер шеберлері атынан алғысын білдірді.

Облыстық көрме - жәрмеңкеге қазақ халқының ұлттық қолөнерін дамытып, жастарға дәріптеп, еңбек етіп жүрген Атырау облысының Исатай, Индер, Жылыой, Қызылқоға, Мақат, Құрманғазы аудандары мен Атырау қаласынан 20 қолөнер шебері қатынасып, ашылуы рәсімінен кейін шараға қатынасушыларға өз туындыларының жасалу барысы туралы шеберлік сағаттарын өткізуде.

Шараға Абай атындағы оқушылар Орталығы үйірмелерінің ұстаздары мен оқушылары, «Өрлеу» «БАҰО» АҚ «Атырау облысы бойынша кәсіби даму институты» филиалының қызметкерлері, Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты мәдениет мекемесінің басшылары мен мамандары, жергілікті суретшілер, Атырау облыстық тарихи – өлкетану музейінің ардагерлері мен қызметкерлері және музейге келуші көрермендер қатынасты.

 

Қор іріктеу комиссиясы отырысы өткізілді.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2024 жылдың 2 тоқсанының Қор іріктеу комиссиясының отырысы өтті. Комиссия отырысында облыстық музей қорына және Индер аудандық музейі, Елтай ауылдық музейі , Құрманғазы аудандық музей бөлімшелері қорына ұсынылған музейлік мәні бар заттар қабылданды.

 Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған экспедиция 2024 жылдың жылдық жоспарына сәйкес археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді бастады.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі маусым-тамыз айларында Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылы маңындағы Ерте темір дәуірінің  Қарабау-2 қорғанына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді. Аталған қорғанның диаметрі 70 м, биіктігі 300см. Қорғандар Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылынан солтүстік батысқа 8,5 км қашықтықта орналасқан. Археологиялық қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі тарих ғылымдарының кандидаты М.Қасенов.

Атақты Әйтеке би Байбекұлының туғанына 380 жыл толуына орай танымдық сабақ

20 маусым Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері - Әйтеке би Байбекұлының туғанына 380 жыл толуына орай танымдық сабақ өткізілді.

Кіші жүздің алшын Әйтеке би- Тәуке ханның ақылшысы болған кемеңгер үш бидің бірі. Сабақ барысында Әйтеке бидің өмірі, айтқан өсиеті мен шешендік сөздері бүгінгі жастарымызға үлгі, кейінгі ұрпаққа өнеге екені насихатталды.

Танымдық сабаққа Абай орталығы, Алмалы орта мектебі жанында ұйымдастырылған лагерь оқушылары қатысты.

 

Ортағасырлық «Таскешу» керуен-сарайы мен Сарайшық қалашығына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған жәдігерлердің көрмесі өткізілді.

28-наурыз - Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ортағасырлық «Таскешу» керуен-сарайы мен Сарайшық қалашығына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған жәдігерлердің көрмесі таныстырылды. Көрмеде Таскешу керуен-сарайынан табылған Алтын Ордалық 30-ға жуық Тоқтамыс хан мен Өзбек ханның монеталары, керамикалық ыдыс фрагменттері, моншақ бөліктері, шығыр бөліктері, әртүрлі іздер қалған стандартты кірпіш тастар сонымен қоса Ортағасырлық Сарайшық қалашығынан табылған Мурид хан, Жәнібек хан, Темір Қожа хан, Әзиз Шейх хан, Өзбек хан, Құлына хан т.б хандардың 100 ге жуық күміс монеталары, қыш ыдыс түрлері құмыра, құмған, көзе, түбек, ыдыс қақпақтары, әр түрлі сырлы ыдыс бөліктері, шаруашылық мақсатта қолданылған қыш бұйымдар шырағдан түрлері, құбыр, шығыр, сфераконус бөлігі, ау батырмалары, ұршық басы, тас қалып түрлері, сүйек бұйымдар шүмек, өңделген сүйектер – ау тоқуға арналған сүйек түрлері, өңделген асық, әшекей түрлері қола айна, қола айна бөліктері, шыныдан жасалған моншақ түрлері т.б көрермен назарына ұсынылды. Көрмеге Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығы, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері, БАҚ қызметкерлері, музей қызметкерлері, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығынан курстан өтуші бастауыш пәні мұғалімдері және қала тұрғындары тамашалады.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2024 жылдың I тоқсанының Қор іріктеу комиссиясының отырысы өткізілді.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2024 жылдың I тоқсанының Қор іріктеу комиссиясының отырысы өтті. Комиссия отырысында облыстық музей қорына және Индер аудандық музей бөлімшесі қорына ұсынылған музейлік мәні бар заттар қабылданды.

Наурыз мерекесіне орай «Наурыз көже – Ұлыс дәмі» атты тағылымдық дәріс өткізілді.

19 наурыз Атырау облыстық тарихи – өлкетану музейінде Наурыз мерекесіне орай «Наурыз көже – Ұлыс дәмі» атты тағылымдық дәріс өткізілді.

Дәріс барысында қатынасушы студенттерге наурыз мейрамының ерекшелігі туралы мағлұмат беріліп, наурыз көженің маңызы түсіндірілді. Салт-дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл - ел болып, атап өтетіндігі, келген қонақтар да «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, бәле - жала жерге енсін» - деп амандасып, Наурыз мерекеге ұласып, көже ішіліп, түрлі сауық - сайрандар ұйымдастырылған. Наурыз көже – Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас. Ежелден келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген. Ұлыстың ұлы күні кем дегенде жеті түрлі дәмнен тұратын Наурыз көженің дайындалу жолдары айтылып, студенттер өздерінің сұрақ–жауаптарымен де дәріс барысында бөлісті.

Тағылымдық дәріске Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері мен мұғалімдері қатынасты. Дәрістен соң студенттер музейдің экспозициялық залдарымен де танысып, тамашалады.

«Көрісу – наурыздың бастауы» және «Тұсау кесу» дәстүрлі мәдени шарасы өткізілді.

16 наурыз - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Атырау облыстық тарихи – өлкетану музейінде «Елсана» руханият - патриоттық қауымдастығы мүшелерінің қатынасуымен «Көрісу –наурыздың бастауы» және «Тұсау кесу» дәстүрлі мәдени шарасы өткізілді.

Шара барысында «Елсана» руханият - патриоттық қауымдастығының «Бабалар үні» ақылдастарының «Батагөй» ақсақалы Ақмырза Батырқайырұлы Қазақстанның батыс өңіріндегі қазақ халқында көбірек сақталған ежелгі дәстүр «Көрісу» мейрамының мән – маңызы туралы шараға қатынасушы жастарға әңгімелеп, ақ батасын беріп, жақсы тілектерін арнады.

Тұсау кесу – қазақ халқының тұрмыс – тіршілігіндегі ең әдемі әдет-ғұрыптардың бірі. Шара барысында «Елсана» руханият - патриоттық қауымдастығының президенті Нұрберген Әбдірешұлы Даулетов кішкене сәби Аяттың тұсауын кесіп, сәбиге ақ – тілектерін арнап, ақсақалдар баталарын берді.

Шараға «Елсана» рухани - патриоттық қауымдастығының президенті мен жетекшісі, «Бабалар үні» ақылдастар алқасы, «Алтын адам» марапаттар алаңы, «Көкжал» әскери–патриоттық алаңы, Инабат» аналар алқасы, «Әсем әуен», «Ұлт мұрасы», «Ақ дастархан» бағыттары мен «Дәстүр» салт - дәстүр алаңы, «Ақ сәуле» қолөнер шеберлері алаңдарының төрағасы мен төрайымдары, жетекшілері мен мүшелері, Ұлттық Құрылтайға қатынасушы музейге келген қонақтар, «KEGOC» компаниясының (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) қызметкерлері, музейдегі «Ашық есік» күніне орай келуші жеке көрермендер және Атырау облыстық тарихи – өлкетану музейінің қызметкерлері қатынасты.

Атырау облыстық тарихи – өлкетану музейінде Қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаты өткізілді.

13-наурыз Атырау облыстық тарихи – өлкетану музейінде Қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаты өткізілді.

Шараның мақсаты: Эстетикалық рухани байлық-ұлттық зергерлік әшекейлер, ағаш және тері бұйымдарының құндылығы арқылы ұрпақтарымызды әдемілікке, әсемдікке, әдептілікке баулу және жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды құрметтеуге бағыттау болды.

Шеберлік сағатына тері бұйымдарын жасаушы қолөнер шебері, ЮНЕСКО көлемінде өткен Қазақстан қолөнер шеберлерінің дипломанты Кеңес Айыпқалиев, жастайынан ағаш тамырымен сусындап өскен, атадан балаға, баладан немереге дарыған қолөнершілік өнерді дамытып келе жатқан облысымызға, республикаға танымал қолөнер шебері, көптеген байқаулардың жеңімпазы Нұрсұлтан Қалиев, ұлттық мұраны заманға сай жаңғыртып, тастың өзін теңдессіз әшекейге айналдырып, ұлттық нақышты ұлықтап, қазақ даласынан табылған тарихи таңбаларды бұйым бетіне бедерлеп, күмістен құятын шебер, атыраулық жас зергер Қайрат Шапабаев қатынасып, жеке –жеке өздерінің қолөнер жұмыстарын көрсетіп, таныстырды.

Шеберлік сағатына Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің студенттері және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының педагог-мастерлері, курс педагогтері қатынасты.

\

Дүниежүзілік теңіз жануарларын қорғау күніне орай «Итбалықтар туралы қызықты деректер» тақырыбында музейлік дәріс өткізілді.

19-ақпан Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттеріне Дүниежүзілік теңіз жануарларын қорғау күніне орай «Итбалықтар туралы қызықты деректер»тақырыбында музейлік дәріс өткізді.

Дәрістің мақсаты: студенттерге Каспий теңізінің эндемигі итбалықтардың тіршілігіндегі ерекшеліктері жөнінде мағлұмат беру, өз өлкесінің табиғатын аялап, қорғай білуге тәрбиелеу, өлкеміздің баға жетпес байлығы жануарлар әлеміне деген мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық қасиеттерін арттырып экологиялық сауаттылықтарын қалыптастыруды насихаттау болды.

Дәріс барысында студенттерге халқымызға ғасырлар бойы пана болған қасиетті Каспий теңізі жөнінде, Каспий итбалығының зерттелуі, биологиясы, қоректенуі, түлеуі, көшуі (миграциясы), таралуы, экологиясы, маңызы және Каспийдің көркіне айналған жануардың азаю себептері туралы түсінік берілді. Табиғаттың тамаша туындысы, Каспий экожүйесінің ең маңызды бөлігі Каспий итбалығы жөнінде «Иең қайда, итбалық?!» тақырыбында деректі фильм көрсетілді.

Нұралы Әжіғалиевтің туғанына 85 жыл толуына орай “Жырым менің- жанарым елге қарар” атындағы танымдық дәріс өткізілді.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақын Нұралы Әжіғалиевтің туғанына 85 жыл толуына орай, “Жырым менің- жанарым елге қарар” атындағы танымдық дәріс өткізілді. Дәріске Х.Доспанова атындағы орта мектептің оқушылары және мұғалімдері қатысты. Танымдық дәрістен кейін оқушылар экспозиялық залдар бойынша экскурсия тыңдады.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru