«Ұлы дала жауһары» экспозициясы Қызылқоға ауданында

Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылында Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің  «Ұлы дала жауһары» уақытша көшпелі экспозициясының таныстырылымы өтті.

Аудандық музейде жайғастырылған көрменің салтанатты ашылуына  Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиев, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері  мен еңбек ардагерлері, әр саладағы мекеме қызметкерлері мен  аудан тұрғындары қатынасты. 

 Мәдени шарада аудан әкімі Нұрсұлтан Орақұлы сөз алып, аса құнды жәдігерлеріміздің аудан халқына насихатталуы жергілікті тұрғындардың рухани өрісін кеңейтіп, ел тарихына деген оң көзқарас  қалыптастыратынын айтты. Шара барысында аудан әкімі Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшылығына жазылған Алғыс хатты облыстық музей қызметкері Ерлан Тілекқабыловқа табыстады.  Бұдан соң өлкетанушы, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Құмар Хасанов өлкедегі тарихи жерлер мен құнды жәдігерлерге тоқтала келе, өңір тарихынан мол мағлұмат беретін көрмеге сәттілік тіледі. Өз кезегінде облыстық музей қызметкері Ерлан Қоныскерейұлы көрменің өткізілуіне қолдау білдірген әкімшілікке облыстық музей басшысы Рашида Харипованың Алғыс хатын табыстап, Қызылқоға аудандық музейіне Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің  жәдігерлері жинақталған 5 томдық ғылыми каталогты сыйға тарты.

Қызылқоғалықтар 30 қараша мен 6 желтоқсан аралығында тамашалаған көшпелі экспозицияға 2017 жылы Миялы қорғандарынан табылған «Ұлы дала жауһары» Сармат әйелінің реконструкциясы, қайың ағашының қабығы,  ұшы темірден жасалған садақтың жебелері, қола жебе ұштары, ат әбзелдері, белбеу мен киім жапсырмалары тәрізді ерекше жәдігерлер қойылды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru