Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференция қарары негізінде Республикалық кеңес отырысы өткізілді.
Басқосу басында облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы сөз алып, Алтын Орда дәуірінің ұмыт болып бара жатқан тарихын жаңғырту қазіргі кезеңдегі кезек күттірмес өзекті мәселенің бірі екендігін айтты. Бүгінгі Қазақстанның мемлекет есебінде қалыптасуына негіз болған Ұлық Ұлыстың ұлықтығын дәріптеу әрбіріміздің міндетіміз екендігін жеткізді.
Республикалық кеңесте конференция қарарынан туындайтын бес жылға арналған жоспар бекітіліп, одан өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабай, Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл, «Сарайшық» мемлекеттік музей қорығының директоры Әбілсейіт Мұхтар, археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Марат қасенов, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтер Алтын Орда дәуіріне қатысты мәліметтерді толықтыратын баяндамаларын оқып, өңірдегі тарихи қалалар мен көне Сарайшық туралы пікірлерін ортаға салды.
Салтанатты шарада қазақ тарихынан сыр шертетін арнайы дайындалған фильм келушілер назарына ұсынылды. Бұл басқосуға сондай-ақ музей жанынан құрылған ғылыми – кеңес мүшелері, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілдері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессорлары, тарихшылар, өлкетанушылар қатысты.