«ХVІІ-ХХ ғғ. І – ші жартысындағы өлке тарихы» экспозициялық залы

«ХVІІ-ХХ ғғ. І – ші жартысындағы өлке тарихы» экспозициялық залында қазақ халқының құрылу тарихы,  қала іргетасының қалануы мен өңірдегі тарихи оқиғалармен таныса аласыз.  Тарихи тұлғалар Еділ-Жайық бойының перзенті Бейбарыс сұлтан тарихынан бастап, Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтеріліс туралы тереңірек мәліметтерді мұрағаттық құжаттар арқылы білесіз. Бөкей ордасы жөніндегі деректер мен жәдігерлер, өлкеміздегі оқу-ағарту саласы жөніндегі мәліметтер де осы залда көрініс тапқан.  ХVІІІ-ХІХ ғасырларға  жататын жәдігерлер-балық аулау құралдары, қару-жарақтың түрлері,  әртүрлі дін өкілдерінің сиыну бұйымдары да көрермен назарына ұсынылған.

Атап айсақ, жергілікті суретші Б.Телеубайдың майлы бояумен салған «Сұлтан Бейбарыс» картинасы залға өзіндік реңк сыйласа, Сұлтан Бейбарыс қабірінен алынған тастың бөлігі мен  Мысыр елінен әкелінген алтын теңгелер, Солтүстік Африкалық үлгіде күміспен әшекейленіп жасалған мамлюктердің тапаншалары  сол дәуірдегі кезеңдік көріністі көз алдыңа әкелгендей әсер береді. Ал Қазақ елінің бірлігі жолында, халықтың ынтымақта өмір сүруіне  бар ғұмырын арнаған Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билердің өмір-деректерінен мол мағұлұмат беретін бөлікте  шамамен ХVІІІ ғ. жасалған тудың ұштығы  мен найзалардың ұштары қойылған. Ұштықтың ортасында «Алла Мұхаммед Али ғаләйссалам» деген, ал айналасында «Дұрұт» аяты жазылған. «Ши-а» (Шейіт) ағымының символы саналатын бұл  құнды жәдігердің бір жағында  «Имам Хусейн Карбалада (Ирактың шөлінде) шахи болды. Имам Али» деген жазу жазылса, екінші жағында «шиалардың» атақты 12 имамының есімдері көрсетілген. Сондай-ақ көрермендер қазақтың батырлары пайдаланған  дулыға мен кіреуке,сауыт пен сайман, садақ пен жебе, найза мен  қалқанның түпнұсқаларын тамашалап, ұлтымыз ұстанған сан-түрлі тұрмыстық заттарды көре алады. 

Залдың бір бөлігінде Халел Досмұхамедов, Ғұбайдолла Бердиев, Махмут Шолтыров, Уалитхан Танашев тәрізді Алаш қайраткерлері туралы деректер қойылса, ендігі жерде өзінің асқан әділдігі арқылы өңірге атағы шыққан Мақаш әкім, оның ұлы қазақтан шыққан тұңғыш заңгер Шафхат Бекмұхамбетов жайында мәліметттер жайғастырылған. Әйгілі старшынның Патша өкіметінен алған өңірлік ордендерінің коллекциясы көрініс береді. Тағы бір бөлігінде халық батырлары Исатай мен Махамбетке арналған экпозиция жасалған. Онда өршіл ақын Махамбеттің домбырасы және ұлт-азаттық көтерілісшілердің найза мен қылыштарын қайраған Жүзбатырдың қайрақтасы, батырлар туралы толымды деректер  қойылған.

Осы залға келген көрерменге бір сәтте мол мағұлұмат беретін жәдігердің бірі қабырғаға ілінген «Атырау алыптары» картинасы. Мұнда суретші Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Ығылман, Бейбарыс, Исатай-Махамбет, Сырым, Құрманғазы, Дина, Әбу,  Жұмекен тәрізді алыптарымыздың  бейнесін шынайы суреттеген.

Осымен қоса мұнда, балықшылардың балық аулау, балық тұздау сәттері мен балық шаруашылығында пайдаланған бұйымдары, «Реюшка» желкенді қайығының макеті, шананың фрагменттері, аудың түрлері мен зәкірлер көрсетілген.Гурьев қаласының пайда болуы туралы мәліметтер қойылған.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru