Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде мекеме жанынан құрылған ғылыми Кеңестің 2022 жылғы алғашқы мәжілісі болып өтті.
Ғылыми кеңес мүшелері, музей қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан жиында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова ғылыми Кеңес мүшелерінің құрамын таныстырып, одан әрі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тақырыптық баяндамалар жасалды.
Алдымен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушы Динара Бисембаева музейдің 2021 жылғы атқарылған жұмыстарының есебін беріп,
қазіргі уақытта облыстық музей қорының жәдігерлер саны 63 818 бірлік, бөлімшелерде 35 791 бірлік, барлығы 99 609 жәдігерді құрағандығын айтты. Жыл ішінде жасалған ауқымды шараларды тізбектей келе, музейдің және музей қызметкерлерінің жеткен жетістіктерін атап өтті.
Бұдан соң музейдің Палеонтология бөлімшесінің меңгерушісі Эльмира Мұқамбетқалиева Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимаратынан ашылатын «Палеонтология» экспозициялық залының ғылыми тұжырымдамасымен таныстырды. Ашылатын залда палеонтология ғылымының зерттелу тарихы, жердің даму тарихында тіршілік етіп, бүгінде жойылып кеткен ежелгі өсімдіктер мен жануарлар туралы деректер мен осы өңірден табылған сүйектерден жануарлардың жәдігерлік қаңқалары жасалып қойылатындығын жеткізді.
Ал музейдің ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету (жалпы тарих, археология және этнография) бөлімінің сектор жетекшісі Айдос Қалшабаев жаңадан жасақталып жатқан «Археология» экспозициялық залының тұжырымдамасын талдап берді. Өңірімізде жасалған қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлердің тарихын, сипаттамаларын, құндылықтарын түсіндірді. Ашылатын залға қойылатын музей қорындағы жәдігерлердің орналасу тәртібін пысықтады.
Жиын отырысында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова ғылыми кеңес мүшелерін музейдің 2022 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырып, Кеңес соңында ғылыми-кеңес мүшелері күн тәртібіне қойылған мәселелер турасында өздерінің ой-тұжырымдарын айтып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Images not found, please check your gallery source.