Қылыш қорғаны туралы танымды сабақ өтті

Атырау облыстық  тарихи-өлкетану музейінде  өлкеміздің тарихи ескерткіші саналатын Қылыш қорғандарына музей тарапынан жүргізілген қазба жұмыстары  туралы танымдық сабақ өтті.

Индер ауданының Жарсуат ауылынан 22 км қашықтықта  орналасқан аталмыш қорғанның ерекшелігі, тарихи құндылығы түсіндіріліп, және қорғаннан табылған жәдігерлер туралы жан-жақты мағұлұмат берілген дәріске Атырау қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы № 9 орта мектептің жоғары сынып оқушылары қатынасты. Өңір тарихымен жақыннан танысуға қызығушылық танытқан жеткіншектерді  тарих ғылымдарының магистранты Нұрбақыт Жеңісов бастап келді.

Шараға қатысушыларға алдымен Атырау облыстық  тарихи-өлкетану музейі жүргізген қазба жұмыстары туралы бейнебаян көрсетіліп, зерттеу  жұмыстарының жүргізілу әдістемесі слайд-презентация арқылы түсіндірілді. Көрініске  Қылыш қорғандарынан табылған жәдігерлер – айдарлы сегіз аяқты айдаһар бейнесі бедерленген  қола айна, төрт құлақты қола қазан,  қыш ыдыстар қойылды.

Музейдің ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің кіші ғылыми қызметкері  Ерлан Тілекқабылов жүргізген танымдық сабақ барысында өлкедегі қорғандар, қазба жұмыстары, тарихи жәдігерлерге жүргізілген ғылыми зерттеулер туралы толымды түсінік берілді. Сабақ соңында оқушылар тақырыпқа қатысты қойған сұрақтарына жауап алды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru