Атырауда Алтын Орданың айбыны асқақтады

Қазан айының 27-29 аралығында Атырауда «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы  өтіп, жалпақ әлемге «Алтын Орда» дәуірінің асқақтығын паш еткен ауқымды шараға  еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шет елдерден белгілі ғалымдар мен тарихшылар келді. Үш күнге созылған жиында өткен дәуірлерде дәурен құрған алып мемлекеттің тарихы жан-жақты сараланды. Тарихи деректер ортаға тасталып, Ұлық Ұлыстың ұлықтығын одан әрі дәріптеу жолдары қарастырылды.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және отандық, Еуропа, Америка, Түркия, Жапония, Ресей, Украина елдерінен зерттеуші-ғалымдар қатысты.

Ұлық Ұлыстың тарихы турасында ой-пікірлер ортаға тасталып, тың деректердің талқылануы Абай орталығында бастау алды. Бұл жерде қатарынан 4 панельдік отырыс қатар өткізілді.

Оның біріншісі –  «Алтын Орда дәуірінің мәдени мұрасы тарихи деректерде»  аталып, онда алыс-жақыннан келген тарихшылар Ұлық Ұлыстың дәуірлеп тұрған кезіндегі мәдени мұраларының ерекшеліктерін саралап, Алтын Орданың билік құрған аумағының тым үлкен болғандына дәлелдер келтірді. Мәселен, ресейлік ғалым Александр Кадырбаев 1396-1427 жылдар аралығында 30 жылдай мұсылмандарда тұтқында болған неміс солдатының жазба деректерін алға тартты. Құжатта келтірілген мәліметтерге сәйкес сол кезде әйгілі Хорезм, Үргеніш, Бештамақ, Астрахань, Болгар қалалары Алтын Орда қарамағында болған.

Тағы бір панельдің атауы  – «Археологиялық құндылықтардың  тарихи маңызы». Ғалымдар бұл отырыста Алтын Орда дәуірінен қалған тарихи ескерткіштердің құндылықтарын дәріптеп, қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлердің алтынордалық кезеңге жатқызылуын түсіндірді. Мәселен, ғалым Есен Сырым өзінің «Алтын Орда дәуірінің жерлеу ескерткіштерін зерттеу мәселелері» баяндамасында Сарыарқаның солтүстік аумақтарын қамтитын Ертіс, Есіл мен Нұра өзендері аңғарларында орналасқан Жошы Ұлысы кезеңіне жататын ортағасырлық жерлеу ескерткіштерінің қысқаша зерттелу тарихы мен авторлардың әр жылдарда жүргізген археологиялық қазба жұмыстарының қортындыларын таныстырды. Сонымен қатар, Атырау өңіріндегі Ақтөбе-Лаэти тәрізді алтынордалық қалалар мен мекендерде жүргізілген археологиялық зерттеулердің қортындысы көпшілікке жарияланды. 

Ал, «Ұлық Ұлыс дәуірі фольклорының ерекшеліктері» атты панельде Алтын Орданың тарихи жазба деректері зерделеніп, Жошы ұлысы мен қазақ фольклорының тарихи тамырластығы тың деректер арқылы дәлелденді. Ұлық Ұлыс кезеңінің әдеби мұралары айшықталды. Басқосуда философия ғылымдарының докторы Ислам Жеменей, саясаттану ғылымдарының докторы Бақытгүл Хаменова, филология ғылымдарының докторы Абдысадық Алмасбек тәрізді ғалымдар тағылымы мол баяндама жасады.

Төртінші панель – «Қасым Хан және Сарайшық: Қазақ мемлекеттілігі тарихында» аталып, мұнда Ортағасырлық Сарайшық қаласының Алтын Орда дәуіріндегі мәртебесі көрсетіліп, көне шаһардағы сәулет ескерткіштерінің ерекшелігі айтылды. Сонымен қатар, Жайық өзені жағасындағы тарихи орында Алтын Орда хандары Менгу-Тимур, Тоқтағу, Жаныбек, Әмір Едігелермен қатар қазақтың әйгілі ханы – Қасымның да осы киелі топырақта жатқанына ғалымдар тарапынан түрлі дәлелдер мен тоқтамдар айтылды. Осы отырыста тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев өз баяндамасында Алтын Орда мемлекетінің күйреу тарихын сипаттап, хан тұқымдары арасындағы билікке таластың қалайша өршігенін суреттеді.

  Абай орталығында  сондай-ақ, суретшілер пленері  ұйымдастырылып, онда елімізге танымал Сейсенхан Маханбетов, Ерлан Айтуаров, Қамбарбек Аманов, Манарбек Дәулетияров, Әділқайыр Жантасов сынды  қылқалам шеберлерінің көне ғасыр келбетін кескіндеулері көпшілік назарына ұсынылды.

Конференция аясында  Салтанат сарайында «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» атты көрме қойылды. Көрмеде Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған тарихи жәдігерлер, яғни, Сарайшық, Ақтөбе-Лаэти қалалары мен Таскешу керуен сарайларының орындарына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған артефактілер қонақтар назарына ұсынылды. Сонымен қатар, көпшілік  1909 жылы Сарайшық қаласының орнынан табылған, бүйірінде Жүсіп Баласағұнның поэмасынан үзінді жазылған хұмша, сүйектен, күмістен жасалған әшекей бұйымдарды, нумизматикалық және археологиялық құндылықтарды тамашалады. Жалпы есеппен бұл көрмеге  музей қорындағы  256 экспонат қойылды.

«Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясындағы негізгі  пленарлық мәжілісті ҚР Президент әкімшілігінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев пен Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов құттықтау сөздерімен ашып, басқосуда   ҚР Ұлттық ғылым Академиясының Құрметті академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған, Колумбия университетінің профессоры, Ph.D. (тарих)  Юлай Шамильоглу, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов, тарих  ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтарлар Ұлық ұлыстың терең тарихынан сыр шертетін мәліметтерді жұртшылыққа ұсынды.  Бірі ордалы елдің билеушісі болған Ұрысхан мен Үлкен орданың ханы Барақтың  ел басқару ерекшеліктерін көрсетсе, бірі – ортағасырлық Қышқала (Баршынкетте) шаһарында жүргізілген қазба жұмыстары бұл қаланың гүлденген кезі Алтын Орда дәуірінде болғанын жеткізді. Сонымен қоса, ғалымдар Ұлық Ұлыстың салтанат құрған кезеңінде Ұлы Далада  өз заманының кең картинасын жасаған, халықтың тарихын, салт-дәстүрін, өмірін, мұң-шерін, мақсат-мүддесін, қоғамдық, саяси ахуалын баяндайтын бай мазмұнды, көркем тілді ұшан-теңіз мол мұра қалыптасқанын тілге тиек етті. Осы тәрізді Еуропа мен Азияның керуен жолдары түйіскен Сарайшық қаласы Алтын Орданың саяси-экономикалық және әлеуметтік-рухани орталығы болғандығы тарихи деректер негізінде дәлелденді.

Ал конференциясы аясында Сарайшық ауылында  бой көтерген этноауылдағы  ақшаңқан киіз үйлердің төртеуінде Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің 315  аса құнды жәдігері жұртшылықтың назарында болды. Олардың ішінде Аралтөбе мен Миялы қорғандарынан табылған екі алтын адам, дала батырының бес қаруы, қазақтың сан түрлі  әшекей бұйымдары да бар. Сонымен қатар, көрмеде музейге ұлтымыздың ұлы тұлғалары тарту еткен домбыралар коллекциясы қойылды. Музей қызметкерлері келушілерге қойылған жәдігерлердің құндылығы мен тарихын жіті түсіндірді. 

Этноауылдың әр жерінде  алтыбақан тебіліп,  ұлттық нақышта  киінген жастар пәуескемен серуен құрды. Жігіттер жағы құмай тазы жүгіртіп, берен мылтықтарын оқтады.  Сол маңда садақшылар сайысы өткізілді.  Қыран бүркітін баптаған аңшылар төңірегі де қызықтаушыларға толы болды. Әр жерден қыз-келіншектердің шашбау  сылдыры мен күміс күлкілері естіліп жатты.

 

 

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru