Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде ел басқару ісіне араласқан ержүрек қайраткер, ауызы дуалы мәмілегер Бопай ханымды насихаттауға арналған «Бопай ханым: өнегеге толы өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі» атты конференция өткізілді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелеудің жалпыұлттық жоспарын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған шара барысында Ислам қажы Мырзабекұлының «Әбілхайыр хан және Бопай ханым» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды.
Жиын офлайн және онлайн форматта жүргізіліп, оған Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Түркістан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан зерттеушілер мен Бопай Сүйіндікқызының ұрпақтары, өлкетанушылар, облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы, демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж студенттері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатынасты.
Басқосуда Әбілхайыр хан және Бопай ханымдардың өмір тарихына зерттеу жүргізуші тарихшылар мен өлкетанушылар тарапынан ортақ тақырыпқа қатысты ой-пікірлер айтылды. Шара барысында Х.Досмұхаммедов атындағы Атырау университетінің профессоры Лесқали Бердіғожин – «Қазақ тарихындағы Әбілхайыр хан және оның ұрпақтары», «Сарайшық» республикалық музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар – «Бопай ананың қоғамдық саяси кезеңдегі қызметі», өлкетанушы, Атырау облысының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев – «Әбілхайыр хан мен Бопай ханымның ұрпағы Бөкей ханның тарихтағы орны», «Ақпарат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Елешова – «Бопай ханымды туризм арқылы насихаттау жолдары» тақырыбында баяндамалар оқыды.
Осыдан соң, «Әбілхайыр хан және Бопай ханым» кітабының авторы Ислам қажы Мырзабекұлы және облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы, демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Замзәгүл Жалмурзиналар Әбілқайыр ханның көмекші-кеңесшісі ретінде ел басқару ісіне атсалысып, талай маңызды мәселелерге ойы мен парасатын, билігі мен беделін араластырған Бопай ханымның кісілік келбеті мен адамгершілік қасиеттері туралы өз ойларын айтты.
Мәдени кеште Н. Жантөрин атындағы филармония әншілері Жасұлан Базарбаев «Ер тұлғалы Бопай ана» арнауын, Нұрбек Іздібай «Туған жер» әнін орындады. Ал жиынды Алатау баурайында отырып тамашалаған белгілі күйші Шәміл Әбілтай өзінің ақын Сабыр Адайдың сөзіне жазылған «Бопай ана» арнауын көпшілікке онлайн ұсынды.
Бұл жиынға Нұр-Сұлтан қаласынан белгілі ақын Маржан Ершу, Алматы қаласынан жазушы Өтеген Оралбай, күйші Шәміл Әбілтай, Ақтөбе қаласынан жазушы Алтай Тайжанов, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетің ректоры Бекежан Ахан сынды белгілі адамдар онлайн режимінде қосылды. Жалпы осындай бейне байланыспен конференцияға Нұр-Сұлтан қаласынан 2 адам, Алматы қаласынан 7 адам, Ақтөбеден 6 адам, Ақтаудан 5 адам, Түркістан облысынан 5 адам, Бейнеуден 4 адам, Тараз және өзен қалаларынан бір-бір адамнан қатысты. Атырау өңірінен қосылған тыңдармандарды есептегенде жиынды 41 адам тамашалады.