Бұл залда негізінен Атырау өңірінен шыққан әдебиет және өнер майталмандары туралы мәліметтер жинақталған. Келген көрерменді өлкеміздің мәдениет әлеміне жетелейтін музей бөлігінде қазақ прозасы мен поэзиясына өлшеусіз үлес қосқан жерлес ақын-жазушылар Әбу Сәрсенбаев, Ғабдол Сланов, Хамит Ерғалиев, Фариза Оңғарсынова, Жұмекен Нәжімеденов, Сәтімжан Санбаев, Зейнолла Қабдолов, Меңдекеш Сатыбалдиев, драматургия, театр және кино саласының тарландары Нұрмұхан Жантөрин, Мұхтар Бақтыгереев, Берқайыр Аманшин, Берік Қорқытов, Қуат Төлековтердің өмір-деректері туралы мәліметтер, тұтынған заттары, пайдаланған бұйымдары қойылған. Сонымен қатар, қазақ журналистикасының негізін салушы, филология ғылымдарының докторы Тауман Амандосов, күй қағаны Рысбай Ғабдиев, танымал өнер иелері Сейілхан Құсайынов, Раушан Нұрпейісова, Айтқали Жайымов, Орақ Жауыровтар туралы танымдық деректер ұсынылған.
Осынау залдың төрінде қазақ күйінің атасы Құрманғазы Сағырбаев пен күй падишасы Дина Нұрпейісованың бейнелері сомдалып, залдың ортаңғы бөлігіне музей қорындағы 70-ке жуық домбырадан құралған коллекцияның бір бөлігі қойылған. Залды тамашалаушылар бұл жерден дауылпаз күйші Дина Нұрпейісованың, атақты әнші, Қазақ КСР-інің халық әртісі Жүсіпбек Елебектің, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қаршыға Ахмедияровтың, жазушы, драматург, Махамбет сыйлығының бірінші иегері Берқайыр Аманшиннің, өнер майталманы Әзидолла Есқалиевтің, Қазақстанның халық әртісі, әнші-сазгер Алтынбек Қоразбаевтың, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бекболат Тілеухановның, күйші-сазгер Шәміл Әбілтаевтың, қазақтың күй өнерін халық арасында кеңінен насихаттаушы Сағын Жалмышевтың, айтыс ақыны Аманжол Әлтаевтың, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нариман Үлкенбаевтың және одан да өзге танымал тұлғалардың пайдаланған жеке домбыраларын көре алады.