Қаламгер-ұстазға арналған кеш

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіптің 85 жасқа толуына орай «Атырау әдебиетінің абызы» атты кездесу кеші өтті.

Өмірі өнегеге толы қаламгер-ұстаздың өзі қатысқан мәдени шарада алдымен мерейгердің  өмір-деректерінен мағұлұмат беретін бейнефильм көрсетілді.  Осыдан соң Атырау қаласындағы Дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 8 «а» сыныбы оқушылары ақынның өрнегі мол өлеңдерін жатқа оқып, аталмыш кешке өзіндік рең берді.

Одан әрі, белгілі қаламгер, Жазушылар Одағының мүшесі, өлкетанушы Төлеген Жаңабай сөз алып, 60 жылдан астам өмірін ұстаздыққа арнаған Қадыр Өтегенұлының еңбек жолындағы ерен жетістіктерін тізбектей келе, абыз тұлғаның шығармашылық қырларын, ғылым жолындағы жеткен толағай табыстарын айтты. Тілек соңында мерейлі жас иесіне арнаған жаңа жыр шумақтарын оқыды. Ал, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағымов ұлағатты ұстаздың адамгершілік қасиеттеріне тоқталды. Оның шәкірт тәрбиелеудегі өзіндік ұстанымын, азаматтық келбетін, қайраткерлік қадамдарын, ғылым жолындағы көл-көсір еңбегін  сөз етті.

Келесі кезекте Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова өзінің Қадыр Өтегенұлына деген ақжарма тілегін айта келе, мерейгерге музей ұжымы атынан естелік сыйлық табыстады. Ал сексеннің сеңгіріне жеткен қаламгер-ұстаз музей қорына өзінің әр кезеңде жазылған кітаптар топтамасын сыйға берді.

Кеш соңында «Атырау облысының Құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері болып табылатын қаламгер-ұстаз  өз өмірінің белестерін баяндай келе, оқушыларға  өмірлік азық болар өнегелі сөздерін арнап, музей ұжымына шынайы ризашылығын білдірді.

 

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru