Дүниежүзілік теңіз жануарларын қорғау күніне орай «Итбалықтар туралы қызықты деректер» тақырыбында музейлік дәріс өткізілді.

19-ақпан Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттеріне Дүниежүзілік теңіз жануарларын қорғау күніне орай «Итбалықтар туралы қызықты деректер»тақырыбында музейлік дәріс өткізді.

Дәрістің мақсаты: студенттерге Каспий теңізінің эндемигі итбалықтардың тіршілігіндегі ерекшеліктері жөнінде мағлұмат беру, өз өлкесінің табиғатын аялап, қорғай білуге тәрбиелеу, өлкеміздің баға жетпес байлығы жануарлар әлеміне деген мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық қасиеттерін арттырып экологиялық сауаттылықтарын қалыптастыруды насихаттау болды.

Дәріс барысында студенттерге халқымызға ғасырлар бойы пана болған қасиетті Каспий теңізі жөнінде, Каспий итбалығының зерттелуі, биологиясы, қоректенуі, түлеуі, көшуі (миграциясы), таралуы, экологиясы, маңызы және Каспийдің көркіне айналған жануардың азаю себептері туралы түсінік берілді. Табиғаттың тамаша туындысы, Каспий экожүйесінің ең маңызды бөлігі Каспий итбалығы жөнінде «Иең қайда, итбалық?!» тақырыбында деректі фильм көрсетілді.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru