Қаһарман тұлғаның кескіндемелік портреті музей қорына табысталды.

«Бабалар ізімен....» тарихи-мәдени экспедициясы аясында төл тарихымызда айшықты із қалдырған батыр бабамыздың есімін жаңғырту, кейінгі ұрпаққа ерлігін насихаттау бағытында Өтей батырдың ұрпақтарымен кездесу кеші өтті.

         Кездесу кешіне Атырау облысы әкімінің орынбасары Д.Шамұратов, Атырау облысы Мәдениет жіне тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ә.Қыстаубаева, Атырау облысының Құрметті азаматы Р.Мүрсәлиева, Мәдениет саласының ардагері Е.Өміров, және Өтей батырдың ұрпақтары М.Раисов, М.Алимов,  М.Якупов, А.Сейдахметов, А.Алимов және тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, мәдени мекеме қызметкерлері мен музей мамандары қатысты.

         Шара барысында сөз алған Атырау облысы әкімінің орынбасары  Д.Шамұратов тұлға тарихын жаңғыртудың маңыздылығына тоқталса,  батырдың туған жері Торғай елінде дүниеге келген, Қоғам қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері Р.Мүрсәлиева батыр бабамыздың есімін жаңғырту, оның ерлігін кейінгі ұрпаққа насихаттау бағытында атқарылып жатырған жұмыстарға оң баға берді.

Батырдың ұрпақтары шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдіре отырып, музей қорына батыр бабаларының портретін табыс етті. Қаһарман тұлғаның кескіндемелік портретінің авторы-көрнекті қылқалам шебері, танымал мүсінші Сапарбек Ұзақов.

 Өтей батыр 1714 жылы Торғай өңірінде дүниеге келген. Еділ бойы қалмақтары қазаққа шабуыл жасап, Ойыл өзеніне дейінгі жерді алғанда, Орта жүзден Кіші жүзге келген әскер қолын Өтей батыр бастап барған деседі. Осылайша, Өтей батыр Кіші жүздің Қызылқоға жерінде кескілескен соғысқа қатысып, 1749 жылы небәрі 35 жасында қаза табады. Кіші жүз қазақтары қалмақтарды жеңгеннен кейін, күрестегі ерлігі үшін оның құрметіне құлпытас қойған. Алайда жылдар өте белгісіз боп қалған. 2008 жылы  ұрпақтары батырдың тарихи отаны Қостанай облысы Жангелдин ауданының Қызбел ауылына да құлпытас қойылады. Өтей батырдың бейіті Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау жерінде орналасқан және халық арасында «Өтей қорымы, Өтей бейіті» деген атқа ие.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru