2018 жылы 14 қарша күні  Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен  болашақ қаржыгер, есепші, мамандарын даярлап жатқан оқу орындарының студенттері мен Атырау Білім-Инновация лицейінің оқушылары арасында   «Теңге-ұлттық табыстың кепілі» сайысы  өтті.

 Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай қазақтың ұлттық өнерін дәріптеу, халқымыздың асыл мұрасы ұлттық саз аспабы домбыраны жасап үйрену мақсатында өлкеміздің домбыра жасаудан қолөнер шебері Нұрлыбек Бисенбаевтың шеберлік сағаты өтті.

Бүгін Елбасының "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы аясында өлкеміздің ағаш бұйымдарының қолөнер шебері Жұмалиев Талғат Серікбайұлының шеберлік сағаты өткізілді. 
Т.Жұмалив шеберлік сағатында ағашқа ұлттық нақыштағы ою-өрнекті салудың ең тиімді әдістерін меңгертіп және ағаш табақ, тостаған сияқты ағаштан жасалған ыдыстарға өңдеу мен сәндеудің қыр-сырын үйретті. Шеберлік сағатына қызығушылық танытқан студенттер мен қала тұрғындары қатынасты.

Атырау облысы әкімдігі, облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен 31 қазан күні Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай ұлтымыздың өзге ұлттардан өзгешеленіп тұратын ұлттық құндылықтарымыз, ата-бабамыздан мұра болып жалғасып келе жатқан, ежелден берік ұстанған салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды жалғастыруда «Өнегелі әже» облыстық байқауы өтті.
Байқауға Атырау облысы және қалалық іріктеу сайыстарында өткен жүлделі орындарға ие болған 8 үміткер қатынасты.
Байқаудың шарты бойынша үміткерлер бес бөліммен бағаланды.
1.Таныстыру. Яғни, сайыскерлеріміз отбасы туралы эссе жазып, портфолило жасап әкелу;
2.Бесік жырын айу;
3. Ертегі айту (бүгінгі заманғы кейіпкерлерді қосу арқылы);
4.Ұлттық тағам дайындау, сипаты мен құндылығын айту (бейне фильмде қалай дайындағанын толық көрсету).
5. Қолөнер – ұлттық нақышта әзірленген бұйымдарын таныстыру (замануи жасалған ұлттық қолөнер бұйымдарыныңың жасалу жолын бейне фильмде көрсету)
Байқауға қатынасушыларға Атырау облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы - Нұрсауле Сайлауова (төрайым), еңбек ардагерлері – Нұржиян Абдолова, Тамара Амантурлина, «Әлеуметтік» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі – Жанат Асабаева, облыстық мәслихат депутаты, «Атырау облысының іскер әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, «Бизнес және құқық» колледжінің директоры - Нұрлы Әйтиева, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғалым хатшысы, қауымдастырылған профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты - Баянсұлу Тыныбаева және Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова бастаған қазылар алқасы құрамы қазылық етті. Шарада әр ауданнан келген әжелер ансамблі ән шашуларын арнады, сахна музей қорындағы этнографиялық ұлттық жәдігерлермен безендірілді. 
Байқау қорытындысы бойынша І орынды Атырау облысы, Құрманғазы ауданының әжесі Жаннат Құрманғалиева, ІІ орынды Атырау облысы, Индер ауданының әжесі Бақытжан Жайымова, ІІІ орынды Атырау қаласынан Сәуле Қайрош иеленді. Байқауға қатынасқан әжелер «Парасатты әже», «Өнерлі әже», «Ісмер әже», «Дарынды әже», «Абзал әже» номиациясымен марапатталып, Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Парақшамызда қазан айының 2-ші жұлдызында тікелей эфирден көрсеткендей музейдің ғылыми қорына тарихи құндылықтарды қабылдау сараптамалық комиссиясының кезекті отырысы  өтті.

 Қор сараптамалық комиссия отырысында «Мен сыйға тартқан жәдігер» акциясы және «Отбасымен музейге» фестивалі аясында қала, аудан тұрғындарының сыйға тартқан заттай және құжаттай материалдары қабылданды.

 Нәтижесінде облыстық музей қоры белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері С.Мұқашевтің жеке қорында жинақталған түрлі тақырыптағы төс белгілер (значоктар) коллекциясымен, 1911 жылы Қазан баспасынан шыққан араб жазуымен жазылған діни кітапшамен, 1980 жылдары қолдан тоқылған түйе жүн жемпір және белдемше, фонарь, білтелі шам, «Сириус» радиолласы, 1957 жылы тоқылған алаша мен құр, шойын қазан, іс машинасы, кебеже секілді құнды жәдігерлермен және аудандық музейлер бөлімшесінің қоры Ұлы Отан соғысының ардагері Сабырғалиев Төлеудің заттай және құжаттай материалдарымен, Исатай аудандық спорт мектебінің заттай материалдарымен (кубок, медальондармен), Қазақ КСР-інің Балық өнеркәсібі Халық Комиссары, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Әбішев Шайхының 1958 жылдары пайдаланған телефон аппараты,  Жайықмұнай басқармасына Қазақстан Компартиясы Гурьев облыстық комитетінің ескерткіш туы,  ұлы күйші Дина Нұрпейісованың бейнесі бейнеленген кілемшемен, Құрманғазы ауданының азаматы Бектенов Мұхтасифтің (Латиф) құжаттай материалдарымен, белгілі қоғам қайраткері Сабырова  Мелләттың заттай және құжаттай материалдарымен, ҚР Халық әртісі Әзидолла Есқалиевтің, Ж.Нәжімеденовтің, Қаюпова Ақбаланың, Темірташев Құмардың, Құттықадамов Аманғалидың заттай және құжаттай материалдарымен толығатын болады.

22 қыркүйекте  сағат 11.00-18.00 аралығында Атырау облысы тарихи – өлкетану музейінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тамырын тереңге жайып келе жатқан халық мұрасы - қолөнер шеберлерініңқолынан шыққан туындыларымен таныса отырып, халық өнерін қастерлеуге, үлгі тұту және насихаттау мақсатындаа жергілікті қолөнершілермен 

2018 жылдың 20 қыркүйек күні Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен «Музей саласындағы ақпараттандыру жұмыстары» ғылыми-тәжірибелік семинары өтті. 
Аталған семинар Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында және рухани жаңғыру міндеттері тұрғысында мәдени мұраларымызды зерттеу және насихаттау бойынша тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды. Музей қызметіндегі ақпараттық технологиялардың дамуымен байланысты өзекті мәселелер талқыланды. 
Ғылыми-тәжірибелік семинардың кіріспе сөзін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директорының орынбасары Қ.Ақтаева мен Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысының орынбасары А.Жолаев ашты. 
Семинарға қатынасушылар Елбасы кітапханасы қызметкерлерінің музей құндылықтарын есепке алу және сақтау бойынша АС «Музей» аватоматтандырылған жүйесін жетілдіру аясындағы зерттеу және тәжірибелік жұмыстарының қорытындысымен танысып, пікір алмасты. 
Семинарға Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық және аудандық музейлер қызметкерлері, кітапханашылар, БАҚ өкілдері қатынасты. 
Семинар қорытындысы бойынша қатынасушыларға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының сертификаттары табыс етілді.

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 2018 жылдың 13 қыркүйек күні Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Отбасымен музейге» фестивалі өтті.
«Отбасымен музейге» фестиваліне облыс, аудан көлеміндегі музейлермен тығыз байланыста жүрген танымал 7 өнегелі отбасы қатынасты. Олардың қатарында: Зинуллиндер отбасы (Құрманғазы ауданы), Бермағанбетовтер отбасы (Исатай ауданы), Қарабалиндер отбасы (Қызылқоға ауданы), Жанболатовтар отбасы (Мақат ауданы), Ұзақбаевтар отбасы (Махамбет ауданы), Ақназаровтар отбасы (Жылыой ауданы), Досниязовтар отбасы (Атырау қаласы) болды.
Фестивальге қатысушы отбасылар «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер...» турында жеті атасын таныстыра отырып, отбасының жетістіктерін паш етсе, «Музейдегі ұмытылмас сәттер» турында естелік фото, видеосюжет арқылы музейде өткен сәттерін, оқиғасын баяндады. «Отбасы өнерінде» дайындап алып келген өнерлерін ортаға салса, «Мен сыйға тартқан жәдігер» турында музейге отбасылық жәдігерлерді сыйға тарта отырып, тарихын баяндады.
Қазылар алқасының шешімімен фестивальге қатысушы Қызылқоға ауданынан келген Қарабалиндер отбасы «Ұлағатты отбасы», Құрманғазы ауданынан келген Зинуллиндер отбасы «Тағылымды отбасы», Жылыой ауданынан келген Ақназаровтар отбасы «Өнегелі отбасы», Мақат ауданынан келген Жанболатовтар отбасы «Жарасымды жанұя», Исатай ауданынан келген Бермағанбетовтер отбасы «Парасатты отбасы», Атырау қаласынан келген Досниязовтар отбасы "Өнерлі отбасы" номинациясымен марапатталып ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Отбасылар арасынан отбасы мүшелерінің ұлттық үлгіде киінуімен, жеті атасын әулеттің атасы өзі таныстырып айтуымен, келіннің иіліп сәлем салуымен, тапсырған жәдігерлерінің құндылығымен, балаларының жетістіктерімен алға шыққан Махамбет ауданынан келген Ұзақбаевтар отбасы «Үздік отбасы» болып танылып, Көне Тараз қаласының тарихи орындарына жолдаманы ұтып алды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментімен қызмет алушыларды мемлекеттік көрсетілген қызметтерді электронды түрде алуға шақыру және электронды түрде көрсетілген қызметтердің санын арттыру мақсатында республикаға танымал спорт және өнер жұлдыздарының қатысуымен «Электрондық үкімет» веб-порталын насихаттаушы бірқатар бейнероликтердің сілтемелерімен Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі парақшаларында  https://www.facebook.com/atyrau.museum, instagram парақшасында atyrau-museum, атырау музей сайтынан  http://atyrau-museum.kz жариялаймыз.

Елбасы мақаласында айтылғандай, еліміздегі тарихи-мәдени жерлерді қастерлеу, рухани жұтаңдықтан аман сақтап қалады. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты республикалық жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде іске асып жатыр. Идеяның түп-төркіні – ескерткіштер мен көне ғимараттарды қалпына келтіріп қана қоймай, киелі мекендер мен өлмес мұраны ұлт жадына біртұтас кешен ретінде орнықтыру болмақ.
Атырау облысы тарихи – өлкетану музейінде Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде 2017-2021 жылдарға арналған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске асыру жоспары бойынша «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығының бөлім басшысы А.Екімбаева мен жергілікті өлкетанушылар арасында кездесу және «Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандары» және «Қазақстанның өңірлік маңызы бар қасиетті нысандары» кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен 30 маусым- Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасында Астана қаласының 20 жылдығы, Атырау облысының 80 жылдығы және 1-шілде Ұлттық домбыра күніне орай Атырау облысы көлеміндегі музейлер мен кітапханалардың қорынан «Астананы құттықтайды – Атырау» көрмесі өткізілді. 
Көрме Астана қаласының 20 жылдығына орай Қазақстанның мұнайлы астанасы Атырау өлкесінің 80 жылдық тарихына байланысты музейлер қорында жинақталған құнды жәдігерлер арқылы облыстың тарихымен Елорда тұрғындары мен қала қонақтарына таныстыру. Облыстың ақын жазушыларының шығармалары мен соңғы мезгілде жарық көрген баспа өнімдерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. 
Көрмеде қойнауы қазынаға толы Атырау өлкесінің тарихы, этнографиясы мен археологиясынан сыр шертер 200-ге жуық жәдігерлер, оның ішінде түп тамырымыздың тектілігін дүние дидарына жария еткен Алтын адам, Хан ордалы Сарайшықтың сырлы әлемінің құнды жәдігерлері қойылды. 
Елбасының Жарлығымен бекітілген Ұлттық домбыра күніне орай Астана қаласының тұрғындарына ерекше тарту замана саңлақтары Құрманғазы мен Динаның жәдігерлері сыр шертсе, күй отаны атанған Атырауда дүниеге келіп, қос ішекке замана үнін қосқан Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияров, Әзидолла Есқалиев, Ғатау Ибішев, Әсима Ізмұхамбетова, Нариман Үлкенбайұлы, өнер зерттеушісі Илья Жақановтың және т.б. өнер қайраткерлерінің домбыралары насихатталды. 
Сонымен қатар көрмеде Атырау өңіріндегі қылқалам шеберлерінің тамаша туындылары мен кітаптар көрмесі көпшілік назарына ұсынылып, көрермендерге Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі қорында жинақталған домбыралар коллекциясынан жарық көрген «Домбыра – дастан» кітабы ұсынылды.
Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Ғ.И.Дүйсенғалиев, Атырау облысы әкімдігі, Астана қаласындағы Атыраулық ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, мәдениет және өнер саласының қызметкерлері, қала тұрғындары, БАҚ өкілдері қатынасты.

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 27 маусым 2018 жылы Социалистік Еңбек Ері Арон Аюповтың 115 жылдығына арналған «Өнегелі өмір» тарихи-тағылымдық шарасы өткізілді.

Шара шаруашылық пен мәдени құрылыстағы аса үздік жетістіктері үшін еңбекте ерекше көзге түсіп, өздерінің аса үздік жаңашыл қызметтерімен қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға үлес қосқан азаматтардың есімдерін ел жадында жаңғыртумақсатында өтті.

Социалистік Еңбек Ері-шаруашылық пен мәдени құрылыстағы аса үздік жетістіктері үшін еңбекте ерекше көзге түсіп, өздерінің аса үздік жаңашыл қызметтерімен қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға, халық шаруашылығын өрге бастыруға, ғылым мен техниканы дамытуға, сол кездегі КСРО-ның күш-қуатын нығайтып, даңқын шығаруға ат салысқандары үшін берілетін ең жоғары құрметті атақ. Бұл атақ КСРО Президиумының 1938 жылғы 27 желтоқсанындағы Жарғысымен бекітілген.

Арон Аюпов-1903 жылы Атырау облысы, Новобогат ауданы, Забурын селосында туған. 1916 жылдан бастап еңбекке араласқан. 1917-1930 жылдары Теңіз ауданында №30 балық аулау кәсіпшілігінде жұмысшы болды. 1930 жылдан «Путь социализма» колхозында еңбек етті. 1947 жылы «Родина» колхозы құрылғанда соның төрағасы болып сайланды. Ол колхоз өндірісін шебер ұйымдастыра білді.

1947 жылы Арон Аюпов басқарған колхоз 219 құлынды аман өсіріп шығады. Қол жеткен табыстары үшін 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Аталған шараға Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері, Атырау облысы құқық қорғау органдарының қызметкерлері және Арон Аюповтың қызы Лұқпанова Қазына Лұқпанқызы мен келіні Дәметкен Аронова Көшімқызы қатынасты.

25 маусым күні Атырау облысы тарихи – өлкетану музейінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Астананың 20 жылдығына орай Түркістан облысы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен қойнауы тарихқа толы, Қазақ өркениетінің алтын діңгегі, Отырар тарихын көпшілікке насихаттау мақсатында «Киелі Отырардың мәдени мұралары» тақырыбында көшпелі көрме ұйымдастырылды. Көлемді көшпелі көрмеде музей қоры жинағындағы Х-ХVІІІ ғасырларға тән археологиялық  тұрмыстық бұйымдар, нумизматикалық және зергерлік бұйымдар, қару-жарақ түрлері, сонымен қатар ХІ ғасырдың аяғы мен ХІІ ғасырдың басында өмір сүрген діндар,  ислам дінінің уағыздаушысы, түркі сопыларының бабасы, әйгілі  Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы, һәм тәлімгері Арыстанбаб әулие және оның кесенесі туралы тарихи деректемелерді көпшілік назарына ұсынылды. «Киелі Отырардың мәдени мұралары»  көшпелі көрмесіне өлкеміздің өлкетанушылары Ө.Әлімгерейұлы, Т.Жаңабай, А.Әміржанұлы, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мәдени мекемелердің қызметкерлері, студенттер, музей қонақтары және БАҚ өкілдері қатынасты. Көрме Атырау облысы тұрғындары мен қонақтарына 1 ай көлемінде насихатталады.

 

Қазақ халқында кең тараған ұлттық өнердің бірі – ши тоқу. Күнделікті тұрмыс пен шаруашылық қажеті үшін бұл құндылық қазірге дейін кеңінен пайдаланып келеді.Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында  өткізілген шеберлік сағаты ата-бабадан қалған салт-дәстүрімізді және халқымыздың қолөнерін дәріптей отырып, қазақтың ұлттық қолөнерінің ерекше бір түрі ши тоқу бұйымдарын жастарға көрсету. Осыған орай Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 2018 жылы 13 маусымда ши тоқу шебері Жанар Карабалинаның шеберлік сағаты өтті.         Шеберлік сағатында Жанар Карабалина қазақ халқының қолөнері саласында ши тоқу, оған боялған түрлі-түсті жүн орап, өрнектеп безендіру ісі ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан ұлттық өнер екендігін атап өтті.  Шиден түрлі бейнелер жасап, ою-өрнектермен өрнектеп базарлық, кәдесый ретінде айналысып жүрген шебердің қолынан шыққан бұйымдармен таныстырыды. Сондай-ақ музей қорына 2003 жылы тапсырған өзіндік қолтаңбасы «Ереуіл атқа ер салмай» ши туындысы студенттердің қызығушылығын танытты. Ши тоқуға пайдаланатын құралын, қойдың жүнін, шиін, қағазға салған сызбасын олардың атқаратын қызметін  көрермендерге түсіндіріп берді. Бүгінде ол қолөнер бұйымын жасауды өзі біліп қана қоймай кейінгі ұрпақтарға үйретіп келеді.

 

27 мамыр күні сағ 18.00-23.00 аралығында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық музейлер күніне орай  «Тарих қойнауындағы Сарайшық» музей түні шарасы өтті. 

Мақсаты:Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында  «Тарих қойнауындағы – Сарайшық» тақырыбымен  киелі жерлерімізді таныту, халқымыздың көне тарихынан сыр шертетін, тектілігімізді ұлықтайтын көне әрі құнды жәдігерлерді ел арасында, әсіресе жастар арасында дәріптеу, жастар бойындағы рухани мәдениетті дамыту, рухани жағынан байыту, музейге келуді арттыру.

«Музей түні» мерекелік шарасы – Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 2012 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан ірі әлеуметтік, рухани-мәдени шара. Музей түнінің форматы жыл сайын өзгеріп отырады. Бұл жолы музей атыраулықтар мен қала қонақтарына жаңа бағдарлама ұсынды, оның ішінде музей түнінде көрермендер  әлем тарихындағы әйгілі шаһарлардың бірі, Алтын Орданың астанасы, дамуы мен көркемдігі жөнінен Бағдат, Рим секілді ежелгі өркениеттермен аты қатар аталатын Ақ Жайықтың жағасындағы қасиетті Сарайшықтың тарихымен қауышты.

Шара сағ 18.00-де музей алаңында Аққулар жүзген Секер көл, әз Жәнібектің айдай сұлу ару қызы, Алтын Орда мен қазақ мемлекетінің жеті бірдей билеушісі, бектер мен батырлар, әйгілі араб саяхатшысы Ибн Баттутаның өткенге саяхат жасауынан басталды.

«Тарих қойнауындағы Сарайшық» музей түні аясында, сағат  19.00-де «Жәдігер сыйла» акциясы ұйымдастырылды. «Жәдігер сыйла» акциясы шарасына өз үлестерін қосып, музей қорын ел тарихына қатысты құнды жәдігерлермен толықтыру мақсатында өлкемізден шыққан белгілі тұлғалар және тарихи тұлғалардың ұрпақтары да  қатынасты.

Бұл шара барысында Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі, Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, Махамбет сыйлығының иегері Өтепберген Әлімгерейұлы, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның құрметті журналисі, доцент Төлеген Жаңабайұлы жеке құжаттары мен өлке тарихына қатысты еңбектерін және саяси қуғын сүргін құрбаны  Қойшыбай Есембаевтің қызы  - Ақжай Есембаева   Ұлы Отан соғысының ардагері, партия-кеңес қызметкері Есембаев Жақсығалидің  құжаттарын музей қорына сыйға тапсырды.

Шара барысында музей қонақтары суретші-блогер Аңсаған Мұстафаның көрмесін тамашалап, автордың қолынан 100-ге жуық көрермен қолтаңбасын алды. 

Сағ 20.00-21.00 аралығында   қазақ атына сай, ешкімнен кем түспейтін өз істерінің майталмандары, қазақ қыздарының, әйелдерінің бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай кішіпейілдік, инабаттылық, шеберлігі мен іскерлігін таныту, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында 100 жаңа есім иегері,  жерлесіміз Әсемгүл Оразаева, суретші блогер Аңсаған Мұстафа және батик өнерін дамытушы К.Жапалова мен облыстық іскер әйелдердің, музей ардагерлерінің дастархан басындағы сырлы сұхбаты өтті.

Музей түні  аясында  музейдің «Табиғат» залында балаларға арналған табиғат зонасы, викториналық ойындар, «Сарайшыққа саяхат» мультипликациялық көрсетілімі болды.

Елбасының Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында музей қорындағы құнды жәдігерлерден «Этнография» залында көрмелер ұйымдастырылды.

Музей қорында жинақталған ат-әбзелдер коллекциясынан «Аттың даңқы жігіт қолында, жігіт даңқы өз қолында», самаурындар коллекциясынан «Самаурындар әлемі», халқымыздың ұлттық аң аулау дәстүрімен таныстыру, қазақ халқының құсбегілік дәстүрінің тарихын ұмыттырмау мақсатында  «Құсбегілік – өнердің өресі»  көрмелері шығарылды.

Сонымен қатар музейдің өнерлі және шығармашыл келушілері үшін көрме жәрмеңкелер мен шеберлік  сабақтары өтті.

Шара барысында музей жанындағы «Алтын оймақ» үйірмесінің мүшелері, жергілікті қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаттары мен көрме жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Тоқыма бұйым тоқу шебері Малика Нұрашеваның алаша тоқудан шеберлік сағаты өтті. Көрермен тоқу қолөнеріндегі жиі қолданылатын өру, тоқу, тігу сияқты шығармашылық жиынтығымен, алашаның тоқылу техникасының қыр-сырымен  және оларда кездесетін ою-өрнек құпиясымен жақын танысты.

Ағаш шебері Құрманғазы аудандық агротехникалық колледжінің ұстазы, ағаш шебері Талғат Жұмалиев 20 дана қолөнер туындыларынан көрме ұйымдастырды. Ұлттық нақыштағы ыдыстарды ойып жасау және ою салу сәттерін көрсетті.

ҚР Суретшілер Одағының және ҚР көркем өнер Академиясының корреспондент мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Х.Досмұхамедов Атырау мемлекеттік университетінің доценті К.Жапалованыңбатик картиналарынан көрме ұйымдастырылды.

 Сазбалшық бұйымдарын жасау шебері Зинат Орынбасарованың шеберлік сағаты өткізіліп, жасалған бұйымдарынан және бисер бұйымдарының шебері Салтанат Елеусінова 50 дана өзінің қолөнер  туындыларынан жәрмеңке ұйымдастырылды. 

Музей алаңында мергендеріміз қазақтың ұлттық спорттық ойын түрі садақ атудан бақ сынады.

Шараның ашылу салтанатында Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәдениет және өнер мекемелерінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы А.Н.Жолаев айтулы мерекемен құттықтады. Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және музейдің ұйымдастыруыменОртағасырлық Сарайшық қалашығының тарихын көпшіліктің назарына ұсыну және тарихи-мәдени, туристік орталықтың келбетін бейнелеу  үшін  эмблемасы мен логотипін дайындау бойынша байқау жарияланған болатын. Сол байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздары марапатталып, үздік деп танылған логотип иесі Атыраулық тұрғын Рахметов Мұратқа 500000 теңге жүлдесі табысталды.

Келесі кезекте сөз алған Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Р.Харипова  рухани жаңғыру жолында туған жерді сүюге оның тарихын құрметтеуге өзгелерге мақтанышпен айта білуге дағдыланған «Жас экскурсовод» клубының қатынасушыларына Хан Ордалы Сарайшық музей қорығына жолдама, жас ұрпақты музейге тарту, түрлі сынықтар мен сайыстар арқылы музейдегі тарихи-археологиялық, этнографиялық құнды жәдігерлердің сырын ұғындыру мақсатында 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатырған  «Музейлік квест-2018» интелектуалдық ойынының жеңімпаздарына Талғайран орта мектебінің командасына  2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласына жолдама  және музей саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше қызметкерлерді музей басшылығының Алғыс хаттарымен  марапаттады.

Шараның қорытындылануына кеш қонағы «Заман» тобының қатынасуымен Атыраулық өнер жұлдыздары күн батқанша мерекелік көңіл-күй сыйлады.

2018 жылы 4 маусымда   мемлекеттік рәміздер күніне орай «Менің елімнің нышандары»тарихи-тағлымдық мерекелік шара өтті.

Шараның мақсаты:  Азаматтыққа және  отансүйгіштікке, ұлттық мақтанышымызды құрметпен қарап, қастерлей білуге жалпы рәміздер туралы мағлұматтар беріп, танымдық қабілеттерін дамыту бағытында патриоттық шара өткізу.

Кештің барысы: Осы атаулы күнге орай мәдени және рухани тәрбиелеу мақсатында бірлесіп өткізу үшін шараға Техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы-С.Г.Камешева қатынасып, мемлекеттік рәміздердегі өзгертулер мен олардың пайдалану тәртібі  туралы баяндап, слайд көрсетілді.

Мерекелік шара Мемлекеттік гимнмен басталып, Егемендігіміздің берік негізі-Мемлекеттік рәміздер туралы айтылып, мекеме басшыларының құттықтау сөздерімен аяқталды.

Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаменті қызметкерлерінің отанына деген патриоттық сезімі мен асқан сүйіспеншілігі шара барысында байқалды.

 

Каспий теңізінің солтүстік, солтүстік-шығыс жағалауын құшып, ұланғайыр жер аумағын алып жатқан Атырау өңірі табиғи пайдалы қазбаларымен ғана емес, сонымен қатар әртүрлі қайталанбас табиғи ландшафтарға бай өлке. Соның бірі, Ақтөбе облысымен шекаралас жатқан Ақтолағай қыраты еш жерге ұқсамайтын, ерекше, мүлдем бөлек, тамаша әлем. Атырау және Ақтөбе облыстарының шекарасында орналасқан борлы үстірт бір кездері теңіздің түбі болған. Сондықтан да дәл осы жерлерде тасқа айналған ұлулардың, губкалардың, сегізсәулелі маржандардың, теңіз кірпілерінің және басқа ондаған миллион жыл бұрын тіршілік еткен теңіз фаунасы өкілдерінің көптеген қалдықтарын табуға болады.

Солардың бірі Ақкерегершың бор қыратынан табылған қарапайым көпжасушалы теңіз және тұщы су жануарлары губкалары. Тасқа айналған қазба қалдығы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің палеонтология бөлімшесі қорындағы құнды жәдігерлердің бірі. 
Губкалар - омыртқасыздардың бір типі. Олар осыдан шамамен 570 миллион жыл бұрын кембрий дәуірінде пайда болған. Әдетте, олардың денелері бос түтікше тәрізді болып, саңылаулар деп аталатын көптеген тесіктер мен ауыздар қаптап жатады. Губканың ішіндегі саңылаулар көптеген кішкентай шаяндарға, теңіз жұлдыздарына және басқа да мұхит омыртқасыздарына баспана болады. Губкалардың көбі жылы мұхит суларын мекендейді, кейбіреулерін тұщы суларда да кездестіруге болады. Сүзіп қоректенетін жануарлар. Олардың денелерінің ішінде суды жұтып, шығаратын күрделі каналдар жүйесі бар. Су саңылаулардан кіріп, каналдар арқылы әрі қарай өтеді. Каналдар «хоаноциттер» деп аталатын арнайы бұрама сызықтарға жалғасады. Хоаноцит клеткаларының орналасуына байланысты губкаларды: аскон, сикон және лейкон деп үш типке бөледі. 
Губкалардың қазба қалдықтары протерозой шөгінді жыныстарынан табылған

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 2018 жылы 14-16 наурыз аралығында «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің директоры Ырза Тұрсынзаданың шеберлік сағаттарына шақырамыз. Толық ақпаратты Ырза Турсынзада парақшасынан біле аласыздар. #altyn_orda_astana #yrza_tursynzada

14 наурыз жылдың басы, Көрісу мейрамы!

Бүгінде  жаһандану заманында қазақтың ұлт болып, мемлекет болып сақталып қалуының бірден-бір кепілі - ұлттық иммунитетті күшейту, ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сақтап, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақтың санасына сіңіру.

Атырау облысы биылғы жылы ел бірлігіне, ынтымаққа бастайтын Көрісу мейрамын елдік деңгейде кең ауқымды  тойлауды жоспарлауда.

Осыған орай  «Ұлы даланың Ұлттық дәстүрлері» Халықаралық форумы аясында 14 наурыз күні  Исатай-Махамбет алаңында  Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі қорынан ұйымдастырылатын көрмені  тамашалауға шақырамыз.

Келіңіздер! Көріңіздер!

 

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru