Музей түні

 

27 мамыр күні сағ 18.00-23.00 аралығында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық музейлер күніне орай  «Тарих қойнауындағы Сарайшық» музей түні шарасы өтті. 

Мақсаты:Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында  «Тарих қойнауындағы – Сарайшық» тақырыбымен  киелі жерлерімізді таныту, халқымыздың көне тарихынан сыр шертетін, тектілігімізді ұлықтайтын көне әрі құнды жәдігерлерді ел арасында, әсіресе жастар арасында дәріптеу, жастар бойындағы рухани мәдениетті дамыту, рухани жағынан байыту, музейге келуді арттыру.

«Музей түні» мерекелік шарасы – Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 2012 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан ірі әлеуметтік, рухани-мәдени шара. Музей түнінің форматы жыл сайын өзгеріп отырады. Бұл жолы музей атыраулықтар мен қала қонақтарына жаңа бағдарлама ұсынды, оның ішінде музей түнінде көрермендер  әлем тарихындағы әйгілі шаһарлардың бірі, Алтын Орданың астанасы, дамуы мен көркемдігі жөнінен Бағдат, Рим секілді ежелгі өркениеттермен аты қатар аталатын Ақ Жайықтың жағасындағы қасиетті Сарайшықтың тарихымен қауышты.

Шара сағ 18.00-де музей алаңында Аққулар жүзген Секер көл, әз Жәнібектің айдай сұлу ару қызы, Алтын Орда мен қазақ мемлекетінің жеті бірдей билеушісі, бектер мен батырлар, әйгілі араб саяхатшысы Ибн Баттутаның өткенге саяхат жасауынан басталды.

«Тарих қойнауындағы Сарайшық» музей түні аясында, сағат  19.00-де «Жәдігер сыйла» акциясы ұйымдастырылды. «Жәдігер сыйла» акциясы шарасына өз үлестерін қосып, музей қорын ел тарихына қатысты құнды жәдігерлермен толықтыру мақсатында өлкемізден шыққан белгілі тұлғалар және тарихи тұлғалардың ұрпақтары да  қатынасты.

Бұл шара барысында Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі, Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, Махамбет сыйлығының иегері Өтепберген Әлімгерейұлы, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның құрметті журналисі, доцент Төлеген Жаңабайұлы жеке құжаттары мен өлке тарихына қатысты еңбектерін және саяси қуғын сүргін құрбаны  Қойшыбай Есембаевтің қызы  - Ақжай Есембаева   Ұлы Отан соғысының ардагері, партия-кеңес қызметкері Есембаев Жақсығалидің  құжаттарын музей қорына сыйға тапсырды.

Шара барысында музей қонақтары суретші-блогер Аңсаған Мұстафаның көрмесін тамашалап, автордың қолынан 100-ге жуық көрермен қолтаңбасын алды. 

Сағ 20.00-21.00 аралығында   қазақ атына сай, ешкімнен кем түспейтін өз істерінің майталмандары, қазақ қыздарының, әйелдерінің бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай кішіпейілдік, инабаттылық, шеберлігі мен іскерлігін таныту, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында 100 жаңа есім иегері,  жерлесіміз Әсемгүл Оразаева, суретші блогер Аңсаған Мұстафа және батик өнерін дамытушы К.Жапалова мен облыстық іскер әйелдердің, музей ардагерлерінің дастархан басындағы сырлы сұхбаты өтті.

Музей түні  аясында  музейдің «Табиғат» залында балаларға арналған табиғат зонасы, викториналық ойындар, «Сарайшыққа саяхат» мультипликациялық көрсетілімі болды.

Елбасының Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында музей қорындағы құнды жәдігерлерден «Этнография» залында көрмелер ұйымдастырылды.

Музей қорында жинақталған ат-әбзелдер коллекциясынан «Аттың даңқы жігіт қолында, жігіт даңқы өз қолында», самаурындар коллекциясынан «Самаурындар әлемі», халқымыздың ұлттық аң аулау дәстүрімен таныстыру, қазақ халқының құсбегілік дәстүрінің тарихын ұмыттырмау мақсатында  «Құсбегілік – өнердің өресі»  көрмелері шығарылды.

Сонымен қатар музейдің өнерлі және шығармашыл келушілері үшін көрме жәрмеңкелер мен шеберлік  сабақтары өтті.

Шара барысында музей жанындағы «Алтын оймақ» үйірмесінің мүшелері, жергілікті қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаттары мен көрме жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Тоқыма бұйым тоқу шебері Малика Нұрашеваның алаша тоқудан шеберлік сағаты өтті. Көрермен тоқу қолөнеріндегі жиі қолданылатын өру, тоқу, тігу сияқты шығармашылық жиынтығымен, алашаның тоқылу техникасының қыр-сырымен  және оларда кездесетін ою-өрнек құпиясымен жақын танысты.

Ағаш шебері Құрманғазы аудандық агротехникалық колледжінің ұстазы, ағаш шебері Талғат Жұмалиев 20 дана қолөнер туындыларынан көрме ұйымдастырды. Ұлттық нақыштағы ыдыстарды ойып жасау және ою салу сәттерін көрсетті.

ҚР Суретшілер Одағының және ҚР көркем өнер Академиясының корреспондент мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Х.Досмұхамедов Атырау мемлекеттік университетінің доценті К.Жапалованыңбатик картиналарынан көрме ұйымдастырылды.

 Сазбалшық бұйымдарын жасау шебері Зинат Орынбасарованың шеберлік сағаты өткізіліп, жасалған бұйымдарынан және бисер бұйымдарының шебері Салтанат Елеусінова 50 дана өзінің қолөнер  туындыларынан жәрмеңке ұйымдастырылды. 

Музей алаңында мергендеріміз қазақтың ұлттық спорттық ойын түрі садақ атудан бақ сынады.

Шараның ашылу салтанатында Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәдениет және өнер мекемелерінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы А.Н.Жолаев айтулы мерекемен құттықтады. Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және музейдің ұйымдастыруыменОртағасырлық Сарайшық қалашығының тарихын көпшіліктің назарына ұсыну және тарихи-мәдени, туристік орталықтың келбетін бейнелеу  үшін  эмблемасы мен логотипін дайындау бойынша байқау жарияланған болатын. Сол байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздары марапатталып, үздік деп танылған логотип иесі Атыраулық тұрғын Рахметов Мұратқа 500000 теңге жүлдесі табысталды.

Келесі кезекте сөз алған Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Р.Харипова  рухани жаңғыру жолында туған жерді сүюге оның тарихын құрметтеуге өзгелерге мақтанышпен айта білуге дағдыланған «Жас экскурсовод» клубының қатынасушыларына Хан Ордалы Сарайшық музей қорығына жолдама, жас ұрпақты музейге тарту, түрлі сынықтар мен сайыстар арқылы музейдегі тарихи-археологиялық, этнографиялық құнды жәдігерлердің сырын ұғындыру мақсатында 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатырған  «Музейлік квест-2018» интелектуалдық ойынының жеңімпаздарына Талғайран орта мектебінің командасына  2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласына жолдама  және музей саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше қызметкерлерді музей басшылығының Алғыс хаттарымен  марапаттады.

Шараның қорытындылануына кеш қонағы «Заман» тобының қатынасуымен Атыраулық өнер жұлдыздары күн батқанша мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru