25 маусым күні Атырау облысы тарихи – өлкетану музейінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Астананың 20 жылдығына орай Түркістан облысы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен қойнауы тарихқа толы, Қазақ өркениетінің алтын діңгегі, Отырар тарихын көпшілікке насихаттау мақсатында «Киелі Отырардың мәдени мұралары» тақырыбында көшпелі көрме ұйымдастырылды. Көлемді көшпелі көрмеде музей қоры жинағындағы Х-ХVІІІ ғасырларға тән археологиялық тұрмыстық бұйымдар, нумизматикалық және зергерлік бұйымдар, қару-жарақ түрлері, сонымен қатар ХІ ғасырдың аяғы мен ХІІ ғасырдың басында өмір сүрген діндар, ислам дінінің уағыздаушысы, түркі сопыларының бабасы, әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы, һәм тәлімгері Арыстанбаб әулие және оның кесенесі туралы тарихи деректемелерді көпшілік назарына ұсынылды. «Киелі Отырардың мәдени мұралары» көшпелі көрмесіне өлкеміздің өлкетанушылары Ө.Әлімгерейұлы, Т.Жаңабай, А.Әміржанұлы, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мәдени мекемелердің қызметкерлері, студенттер, музей қонақтары және БАҚ өкілдері қатынасты. Көрме Атырау облысы тұрғындары мен қонақтарына 1 ай көлемінде насихатталады.