2018 жылы 14 қарша күні Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен болашақ қаржыгер, есепші, мамандарын даярлап жатқан оқу орындарының студенттері мен Атырау Білім-Инновация лицейінің оқушылары арасында «Теңге-ұлттық табыстың кепілі» сайысы өтті.
Сайыстың мақсаты: Өз елінің мәдени-экономикалық құндылықтарын құрметтеуге үйрету, тәуелсіз еліміздің жан-жақты дамуына үлестерін қосу жолында әрекет етуге насихаттау, ұлтжандылыққа, азаматтыққа тәрбиелеу, төл теңгеміздің тарихын ұғындыру.
Шараға Колледж студенттері, Атырау «Білім-Инновация» лицейінің оқушылары, Банк қызметкерлері, Атырау облысы қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатынасты.
Аталмыш шарада музей басшысының ғылыми істер жөніндегі орынбасары С.Газимова сөз алып, шараға қатынасушы банк қызметкерлеріне, сайыскерлер мен көрермендерге ыстық ықыласын білдіре отырып, айтулы мерекемен құттықтады.
Шараның құрметті қонағы, ҚР Ұлттық банкі Атырау филиалының қызметкері - Талғат Мақсотұлы өз сөзінде: "Соңғы жылдары орын алған әлемдік қаржы дағдарысына да төл теңгеміз төтеп бере алды, әлі де төтеп бере алады. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында ұлттық валютаның тұрақтылығы мен орнықтылығын сақтауы мемлекеттің қаржы саясатындағы қарымды істерінің нәтижесі. Ұлттық валютаның болуы ұлт тәуелсіздігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Ендеше, теңге күні тәуелсіз еліміздің елеулі мерекесінің бірі екені сөзсіз",-деді.
ЕБ Атырау филиалы Хоум кредит банк қызметкері Серік Мирас аталмыш шараның ұйымдастырылуына ризашылығын білдіріп, жас ұрпақты оқу-білімге шақырып, сәттілік тіледі.
Шара соңында сайыскерлерге «Алғыс хат» және «Отбасымен музейге» абонементін табыс етсе, банк қызметкерлеріне «Алғыс хат» пен естелік сыйлықтар сыйға тартылды.
Кеш соңы жас өнерпаздардың өнерімен жалғасып, ақшалар тарихынан сыр шертетін музей қорындағы жәдігерлер көрерменнің назарына ұсынылды.
Іс-шараның көрермендерге берген сабағы мен тәлімі мол болып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шараға барлығы 70 көрермен қатынасты.