Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай қазақтың ұлттық өнерін дәріптеу, халқымыздың асыл мұрасы ұлттық саз аспабы домбыраны жасап үйрену мақсатында өлкеміздің домбыра жасаудан қолөнер шебері Нұрлыбек Бисенбаевтың шеберлік сағаты өтті.
Домбыра жасауды әкесі Тұрланнан үйренген Нұрлыбек Бисенбаев шеберлік сағатында домбыра жасауда әуелі қажетті құрал-саймандар мен жабдықтарды түгендеп жұмыс орнын дайындап алу қажеттігін атап өтті. Жалпы домбыраны жасамас бұрын алдымен оның ағашы дайын болу керектігіне тоқталып, домбыраның құрылысы бас, құлақ, мойын, шанақ, ішек тәрізді негізгі бөліктері мен көптеген қосымша бөлшектерден тұратындығын және атқаратын қызметін, құрастыру жұмыстарын түсіндіріп берді. 2014 жылы мемлекеттің кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы бағдарлама бойынша «Нұрриза» шеберханасын ашқан жеке кәсіпкер, 2017 жылы өткен І аймақтық «Үкілі домбыра» сайысының жеңімпазы Нұрлыбек Тұрланұлы осы қолөнердің жасалу сырын өзі біліп қана қоймай кейінгі ұрпаққа үйретуді қолға алып отыр. Шеберлік сағат барысында домбыраның жасалу жолын көрсетумен қатар, қатынасушыларға арнап «Ерке сылқым» күйін орындап берді. Шеберлік сағатына Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің ұстаздары, студенттері қатынасты. Коледждің мұғалімі Дәулет Құрметұлы шеберлік сағатын ұйымдастырған музей ұжымына ризашылығын білдірді.