Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің «Ұлы дала мәдениетіндегі зергерлік өнер» экспозициялық көрмесінің аудан жұртышылықтарына таныстырылуы Құрманғазы, Исатай, Индер аудандарынан соң Жылыой ауданында жалғасын тапты.
Аудандық музейдің көрме залында өткен ашылу салтанатында аудан әкімі Халел Жамалов қас шеберлердің қолынан шыққан асыл жәдігерлердің тарихи құндылығының аса жоғары екенін айта келіп, ұлт өнерін ұлықтайтын жауһарлардан жасақталған көрменің жұмысына сәттілік тіледі. Мәдени жиында Жылыой ауданының тарихы құндылықтарын жинақтауда өзіндік қолтаңбасы бар музей қызметі саласының ардагері Қуантқан Санахаева сөз алып, бабалар мұрасы болған ел қазынасын көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу баршамыздың парызымыз екендігін баса айтты. Шараға сондай-ақ, аудандық мәдениет саласының өкілдері мен ардагерлер, аудан әкімі жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері мен өнер жанашырлары қатысты.