«Ғасырлардан сыр шерткен Атырау»

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің «Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» атты көшпелі көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Атырау өңірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан табылған тарихи құнды жәдігерлер қойылған көрменің тұсаукесерінде Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова сөз алып, қойнаулары құтқа толы екі өлкенің тарихи және рухани байланысы зор екенін айта келіп, екіжақты әріптестік байланыстың одан әрі нығая беретініне сенім білдірді. Осының айғағы ретінде, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Хариповаға Алғыс хат табыстап, ұжымға шығармашылық табыстар тіледі. Өз кезегінде Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Ерімқызы басқарма басшысына Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаты мен «Қару-жарақтар коллекциясы» ғылыми каталогын табыстады.

Шарада сондай-ақ өз тілегін ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбек те білдіріп, Атырау аймағынан табылған атышулы жәдігерлердің Ақтөбе өңіріне әкелінуін үлкен мәдени жаңалық деп есептейтінін айтты. Ақтөбеліктер қараша айының 3-26 аралығында тамашалай алатын көрмеге 1999 жылы Атырау облысының Аралтөбе қорғанынан табылған – «Алтын адам», яғни Сармат көсемінің реконструкциясы, 2017 жылы Миялы қорғанынан табылған Сармат әйелінің реконструкциясы, музей қорындағы Сарматтар кезеңіндегі қыш ыдыстар, жебе ұштары, темір семсер мен ақинақтар, моншақтар, қола, ерте темір және сарматтар дәуіріне жататын қола айналар, Сармат дәуірінің ескерткіштері, Қылыш, Борсық және Миялы қорғандарынан табылған алтын жапсырмалар, жебе ұштары, құмыралар және басқа да артефактілер қойылды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru