Ғылыми зерттеу
жұмыстары
Археологиялық
зерттеулер
Бірегей
жәдігерлер
Өлке
тарихы
Slider

Құрметті музей қонақтары!

Атырау облыстық тарих-өлкетану музейінің сайтына қош келдіңіз! Біздің веб-сайттан Сіз музей жұмысының негізгі бағыттары, өткізілетін және жоспарланған іс-шаралар мен көрмелер туралы біле аласыз, музей қорындағы коллекцияларды тамашалап және музейдің онлайн қызметтерін қолдана аласыз.

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі Демалыс күні
Сейсенбі 09:00-18:00
Сәрсенбі 09:00-18:00 
Бейсенбі 09:00-18:00 
Жұма 09:00-18:00 
Сенбі 09:00-18:00 
Жексенбі 09:00-18:00
Түскі үзіліс 13:00-14:00

«Әр айдың соңғы жұмасы – тазалық күні»

Виртуалды тур
3D модельдер
Бейне роликтер
«Нұрға бөле, Ұлыстың Ұлы күні»

21 наурыз күні  Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің алаңында облыстық Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Ұлыстың Ұлы күні Наурыз» мерекесіне арналған "Нұрға бөле, Ұлыстың Ұлы күні"  атты шара өтті.

Арнайы жасақталған сахнада көпшілікке мерекелік ән-шашу ұсынылып, жиналған жұртшылық азан шақырып ат қою, бесікке салу тәрізді ұлттық дәстүрімізден көріністерді тамашалады.

Алаңға жиналған жастар алтыбақан теуіп, ләңгі ойнады. Қос киіз үйге жайылған дастарханда бауырсақ пен Наурыз көже  таратылды.

Тас дәуірі коллекциялары сараланды

20 наурыз күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғылыми қорда сақталған тас дәуірі коллекцияларын талдау-атрибуциялау жұмыстары жүргізіле бастады.

Сан ғасырлық тарихы бар жәдігерлерге жасалып жатқан зерттеу жұмыстарын Калмыкия мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Петр Кольцов және Ә.Марғұлан атындағы Археологиялық институты директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Талғат Мамыровтар  жүргізуде.

Атырауға арнайы жұмыс сапарымен келген мамандарға Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері қолғабыс беруде.

«Біз біргеміз» көрмесі

16 наурыз күні  Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі  Атырау қаласындағы облыстық балалар оңалту орталығында «Біз біргеміз» атты  көшпелі көрмесін өткізді.

Ұлыстың Ұлы күні – «Наурыз» мерекесіне орайластырып өткізілген аталмыш шарада ерекше бүлдіршіндерге қазақтың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрін  дәріптейтін қолөнер бұйымдары мен көне заманғы тұрмыстық және зергерлік бұйымдары, қару-жарақ түрлері мен ат әбзелдері көрініске қойылды. Осымен қатар шарада өңірімізде мекен ететін кейбір аң-құстардың тұлыптары көпшілік назарына ұсынылды.

Музей жәдігерлерін жақыннан тамашалаған балалар көрмеден алған әсерлерін шынайы күлкілері арқылы білдіріп жатты.

Шара соңында орталық қызметкерлері мен балалардың ата-аналары Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі  ұжымына ризашылықтарын білдірді.

Музейдің археологиялық коллекциялары зерттелуде

6-11 наурыз аралығында  Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде жылдық жоспарға сәйкес музейдің ғылыми қорындағы археологиялық коллекцияларды ғылыми талдау, атрибуциялау жұмыстары жүргізілді.

Ғылыми негіз бен дәлдікті қажет ететін сараптамалық жұмыстарды арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология инстиутының ғалым мамандары, қола дәуірі маманы, тарих ғылымдарының кандидаты Байтілеу Дархан Айтжанұлы, ерте темір дәуірі маманы, археология және этнология магистрі Мамедов Аслан Мәлікұлы және Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары өткізді.  

Ауқымды жұмыстар барысында археологиялық зерттеулер, қазба, барлау жұмыстары кезінде табылған материалдық деректерге ғылыми түсініктеме берілді.

 

«Қызылқоға ауданындағы археологиялық ескерткіштер»

Ақпанның 16-сы күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қызылқоға ауданындағы археологиялық ескерткіштер» атты дәріс өтті.

Музейдің ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің аға ғылыми қызметкері Ғаламат Базарбаев өткізген танымдық сабақта Қызылқоға ауданындағы Қарабау ғибатханасы, Тасқара қорғаны, Сазыз тұрақтары, Қорғанша қалашығы, Қарабау құмтөбелі қабірлері туралы толымды мәліметтер беріліп, Қызылқоға ауданында орналасқан археологиялық ескерткіштердің жәй күйі және қазіргі жағдайы, зерттелу тарихы сөз етілді. 

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің тарих мамандығында білім алатын студенттер  және университеттің оқытушысы,  тарих ғылымдарының докторы Лесқали  Бердіғожин,  докторант- археолог Амангелді Зайынов қатынасқан дәрісте 2022 жылы Қызылқоға ауданында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары негізінде анықталған жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

Жаңадан қабылданған жәдігерлер көрмесі

2023 жылдың 31 қаңтар күні  Атырау облыстық тарихи-өлкетану  музейінде  2022 жылы музей қорына қабылданған жәдігерлерден жасақталған уақытша көрме өтті.

Музей қорына жаңадан қосылған жәдігерлердің тарихи құндылығы арнайы таныстырылып, экспонаттардың құрылысы мен ерекшеліктері сипатталған шараға облыстық музей жанындағы ғылыми-кеңестің мүшелері, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау  университетінің тарихшы-өлкетанушы оқытушылары мен тарих факультеті студенттері, облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының қызметкерлері, соғыс ардагерлері Қауысбай Шортабаев, Төлеп Салықбаев, Қалым Шәлденов, Серікқали Пангереев, Құттығұл Мұсағалиевтердің ұрпақтары  мен тума-туыстары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асан Раушановтар қатысты.

Шара барысында Атырау облыстық тарихи-өлкетану  музейі басшысының орынбасары Динара Бисембаева сөз алып, көрмеге қойылған жәдігерлердің тарихи құндылықтарын айтып, экспонаттарды музейге табыстаған барша атыраулықтарға шынайы ризашылығын білдірді. Келесі кезекте сөз соғыс ардагері Құттығұл Мұсағалиевтың қызы Светлана Құттығұлқызына, соғыс ардагері Төлеп Салықбаевтың қызы Алтын Салықбаеваға, соғыс ардагері Қауысбай Шортабаевтың келіні Жібек Таңатароваларға беріліп, олар жәдігерлердің музейге табысталу маңызын  түсіндірді.  Музей ұжымы   соғыс ардагерлерінің ұрпақтары мен туыстарына  Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері жинақталған каталогты естелік  ретінде табыстады.

Аталмыш көрмеде облыстық  тарихи-өлкетану музейінің  Атырау өңірінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында Миялы-Жанкелдин, Қырықоба, Балқұдық, Тасқара  қорғандарынан табылған археологиялық жәдігерлері,  Жылыой ауданындағы Ақкиізтоғай  және Ақкерегешың борлы қыраттарына жасалған экспедициялар кезінде табылған палентологиялық жәдігерлер, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер Қауысбай Шортабаев, Төлеп Салықбаев, Қалым Шәлденов, Серікқали Пангереев, Құттығұл Мұсағалиевтердің жеке құжаттары, өңір белгілері, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың жеке құжаттары мен  фотосуреттері, қазақтың белгілі күйшілері  Секен Тұрысбековтың, Айгүл Үлкенбаеваның, Асылбек Еңсеповтың жеке домбыралары, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург  Әнес Сарайдың жеке бұйымдары, қолжазбалары мен кітаптары,  Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиевтың жеке құжаттары мен өңірлік белгілері, Токио-2020 Паралимпиадасының қола жүлдегерлері, жерлестеріміз Әнуар Сариев, Дәулет Теміржанов, Зарина Байбатиналардың Жапония астанасының татамиында күрескендегі кимонолары (спорттық киімдері) қойылды.

Көрмені облыстық музейдің «Жас экскурсоводтар» клубының мүшелері Отарбай Рахат және  Әділова Диана  таныстырды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru