2023 жылдың 31 қаңтар күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2022 жылы музей қорына қабылданған жәдігерлерден жасақталған уақытша көрме өтті.
Музей қорына жаңадан қосылған жәдігерлердің тарихи құндылығы арнайы таныстырылып, экспонаттардың құрылысы мен ерекшеліктері сипатталған шараға облыстық музей жанындағы ғылыми-кеңестің мүшелері, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің тарихшы-өлкетанушы оқытушылары мен тарих факультеті студенттері, облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының қызметкерлері, соғыс ардагерлері Қауысбай Шортабаев, Төлеп Салықбаев, Қалым Шәлденов, Серікқали Пангереев, Құттығұл Мұсағалиевтердің ұрпақтары мен тума-туыстары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асан Раушановтар қатысты.
Шара барысында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Динара Бисембаева сөз алып, көрмеге қойылған жәдігерлердің тарихи құндылықтарын айтып, экспонаттарды музейге табыстаған барша атыраулықтарға шынайы ризашылығын білдірді. Келесі кезекте сөз соғыс ардагері Құттығұл Мұсағалиевтың қызы Светлана Құттығұлқызына, соғыс ардагері Төлеп Салықбаевтың қызы Алтын Салықбаеваға, соғыс ардагері Қауысбай Шортабаевтың келіні Жібек Таңатароваларға беріліп, олар жәдігерлердің музейге табысталу маңызын түсіндірді. Музей ұжымы соғыс ардагерлерінің ұрпақтары мен туыстарына Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері жинақталған каталогты естелік ретінде табыстады.
Аталмыш көрмеде облыстық тарихи-өлкетану музейінің Атырау өңірінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында Миялы-Жанкелдин, Қырықоба, Балқұдық, Тасқара қорғандарынан табылған археологиялық жәдігерлері, Жылыой ауданындағы Ақкиізтоғай және Ақкерегешың борлы қыраттарына жасалған экспедициялар кезінде табылған палентологиялық жәдігерлер, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер Қауысбай Шортабаев, Төлеп Салықбаев, Қалым Шәлденов, Серікқали Пангереев, Құттығұл Мұсағалиевтердің жеке құжаттары, өңір белгілері, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың жеке құжаттары мен фотосуреттері, қазақтың белгілі күйшілері Секен Тұрысбековтың, Айгүл Үлкенбаеваның, Асылбек Еңсеповтың жеке домбыралары, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург Әнес Сарайдың жеке бұйымдары, қолжазбалары мен кітаптары, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиевтың жеке құжаттары мен өңірлік белгілері, Токио-2020 Паралимпиадасының қола жүлдегерлері, жерлестеріміз Әнуар Сариев, Дәулет Теміржанов, Зарина Байбатиналардың Жапония астанасының татамиында күрескендегі кимонолары (спорттық киімдері) қойылды.
Көрмені облыстық музейдің «Жас экскурсоводтар» клубының мүшелері Отарбай Рахат және Әділова Диана таныстырды.