Ақпанның 16-сы күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қызылқоға ауданындағы археологиялық ескерткіштер» атты дәріс өтті.
Музейдің ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің аға ғылыми қызметкері Ғаламат Базарбаев өткізген танымдық сабақта Қызылқоға ауданындағы Қарабау ғибатханасы, Тасқара қорғаны, Сазыз тұрақтары, Қорғанша қалашығы, Қарабау құмтөбелі қабірлері туралы толымды мәліметтер беріліп, Қызылқоға ауданында орналасқан археологиялық ескерткіштердің жәй күйі және қазіргі жағдайы, зерттелу тарихы сөз етілді.
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің тарих мамандығында білім алатын студенттер және университеттің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Бердіғожин, докторант- археолог Амангелді Зайынов қатынасқан дәрісте 2022 жылы Қызылқоға ауданында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары негізінде анықталған жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.