«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» экспозициялық залы

“Ұлы Отан соғысы” экспозициялық залында соғысқа қатысқан атыраулық жауынгерлер туралы деректер мен олардың пайдаланған жеке заттары көрініске қойылған.

Аталмыш зал Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 65 жыл толуына орай жасақталып, бүгінде бұл залда Брест қорғаны, Мәскеу, Сталинград шайқастары мен Ленинградты қорғауға қатысқан жерлестерге арнайы жасақталған экспозицияда батыр қалаларды азат етуге ат салысқан атыраулық жауынгерлердің фотосуреттері, соғыс кезінде пайдаланылған қару-жарақ түрлері, ұстап-тұтынған бұйымдары қойылған.

Атап айтсақ,  флот адмиралы Лев Владмирский мен әскери ұшқыш, сынақшы Шаухат Есетовтың әскери киімдері мен  жеке құжаттары, майданда және туған-туыстарымен түскен суреттері, 1981 жылғы Мәскеу қаласында азат етуші ардагерлердің Мәскеу қаласындағы кездесу сәтінде түскен суреттері  көрсетілген.

 Көрермендер музей залында асқан ерлігімен ерекшеленген атыраулық Кеңес Одағы Батырларының, «Даңқ» орденінің толық иегерлерінің, Халық қаһарманы Х.Доспанованың фотосуреттері мен өмірдеректерін, алғыс хат, грамоталарын, пайдаланған заттай материалдарын, оқ-дәрі түрлері мен алған орден-медальдарын, жауынгерлік ыдысы мен ПО-2 ұшағының көшірме моделін көріп тамашалай алады.

Сонымен қатар витриналарда Гурьев жаяу әскер училищесі мен әскери госпитальдар тарихы, соғыс жылдарындағы баспа өнімдері, байланыс құралдары, майдандық хаттар, құжаттар, тыл еңбеккерлерінің ерлігін, олардың олардың күш-жігері мен жанқиярлық еңбегін айқындайтын жеке заттары мен өткен соғыстың ауыр жылдарынан сыр шертетін фотосурет шежірелері көрініс табады.

Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагерлерінің фотосуреттері, Ұлы Отан соғысы жеңісінен кейін елімізде ұйымдастырылған Ұлы Жеңіс күндеріне орай өткізілген Жеңіс шеруіне қатысушы қазақстандық, атыраулық ардагерлердің фотосуреттері  мен  құжат материалдары, жерлес майдангерлердің орден-медальдары экспозиция төрінен орын алып отыр.