«Ұлық Ұлыс – Алтын Орда»  залы

Көрерменді Жошы Ұлысынан бастау алатын дәуірге жетелер  бүл экспозициялық залда Алтын Орда кезеңімен байланысы бар тарихи жәдігерлердің реставрацияланған, консервацияланған нұсқалары көпшілік назарына ұсынылады.

Көз жауын алар әсемдікпен сәнделген залда Шығыс пен Батысты жалғайтын көпір іспеттес болған Ұлық Ұлыстың саяси құрылымы, Алтын Орданың  тарихы мен экономикалық өрлеуі туралы мәліметтер тізбектелген. 

Алтын Орда ұлысының Бату хан, Берке хан, Мөңке Темір хан, Тоқта хан (Тоқтай), Өзбек хан, Жәнібек хан, Бердібек хан, Тоқтамыс хан секілді билеушілерінің өмір жолы және ел басқару әдістері туралы деректер жұртшылық назарына ұсынылған.  

Сондай-ақ залда Алтын Орда кезеңіндегі әскери іс пен рәміздер туралы мәліметтер, сол дәуірде қолданылған қару-жарақтар мен қыш ыдыстардың түрлері көрініске қойылған. Ұлық Ұлыс қалаларында өзіндік ерекшеліктермен  соғылған теңгелер  мен пайзалар коллекциясы сан ғасырдан сыр шертер құнды жәдігерлердің бірі ретінде жайғастырылған.  

Арнайы залдың бір бөлігінде Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың  Сарай Бату, Сарай Берке, Сарайшық сынды  астаналары мен  Янгикент, Созақ, Сауран, Сығанақ, Отырар, Испиджаб, Женд секілді қалалары туралы мәліметтер берілген.

Атырау өңірінің ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти, Қызылқорған қалалары, Таскешу керуен сарайы мен керуен жолдары туралы толыққанды деректер және өңіріміздегі тарихи орындарда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған құмыралар мен хұмшалар, тас диірмендер мен майшамдар, шырағдандар мен табақтар, моншақтар мен сүйектен жасалған бұйымдар қойылған. 

Экспозициялық залда сондай-ақ Жошы Ұлысының Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы алар маңызды тарихи рөлін айқындайтын мәліметтер мен  Алтын Орда қалаларының орнында қазба жұмыстарын жүргізген археологтар, этно-археологтар туралы деректерді қамтитын арнайы планшет  қойылған. Орта ғасыр дәуірін көз алдыңа келтірер осынау залдағы тақырыптық планшеттердегі мәліметтердің  барлығы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылған.