“Тәуелсіз Қазақстан” экспозициялық залы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы құжатынан басталып, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі, Қазақстан Республикасының Конституциясы, Ұлттық валютаның енгізілуі туралы құжаттық деректер, Бірікккен Ұлттар ұйымына мүше болуы, ҚР Президенті Қасым-жомарт Тоқаев Кемелұлының, ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірбаяны, ұлттық рәміздердің түпнұсқалары мен Атырау облысының Тәуелсіздік жылдарындағы экономикасы мен мәдениетіндегі қол жеткен жетістіктерін баяндайтын анықтамалар мен фотосуреттер орналастырылған.
Аталмыш залда Қазақстанның алғашқы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тізгінін қолына алып, мемлекетімізді өркендету жолында жасаған іргелі істерінің тарихи сәттерін бейнелейтін архивтік құжаттар мен Атырау өңіріне жасаған сапарлары кезіндегі түскен суреттерін, «Теңізшевройл» ЖШС, «АтырауМұнайМаш» ЖШС сынды ірі кәсіпорындарды алғашқы болып іске қосқан тарихи сәттері көпшілік назарына ұсынылған.
Сонымен қатар тәуелсіздік жылдарындағы Атырау облысындағы мұнай өндірісі мен өндіріс мекемелері, бүгінгі таңдағы дамыған экономикасы және мәдениетін көрсететін материалдар мен егеменді еліміздің тұңғыш ақшаларының үлгілері қойылған.
Экспозициялық залда қойылған әр жәдігерлер ел егемендігінің қалыптасу кезеңінен, әлеуметтік реформалардан, Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасуынан, еліміздің экономикалық және мәдени өрлеу кезеңдерінен терең танымдық деректер береді.