Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейін аралаған көрермендерді көне дәуірдің тылсым әсері мен ерекше сезімге бөлейтін зал – «Археология» экспозициялық залы.
Бұл залға адам алғаш бас сұққан кезде алдыңыздан саф алтынға көмкерілген қос «Алтын адам» бейнесі көрініс береді. Біріншісі 1999 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылынан шығысқа қарай орналасқан Аралтөбе қорғанынан табылған – Сармат көсемі (реконструкция), екіншісі – 2017 жылы Қызылқоға ауданы Миялы қорғанынан табылған «Ұлы дала жауһары» атауы берілген (Қазақстан бойынша жетінші) алтын киімді әйелдің қалпына келтірілген бейнесі (реконструкция).
Аталмыш залда көрермендер Атырау өңірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында Аралтөбе, Миялы, Борсық, Қылыш, Сарықамыс, Иманқара, Құдайберген қорғандарынан табылған б.з.д. IV ғасыр мен б.з. XI ғасыр аралығын қамтитын семсерлер мен ақинақтар, моншақтар мен қайрақтастар, қыш құмыралар мен ыдыстар, сүйек қасық, қоладан құйылған төрт құлақты қазандар мен қола айналарды, күміс әшекейлі бұйымдар коллекциясы, аң, құс бейнелі және пирамида тәріздес алтын жапсырмаларды (72% алтын), сондай-ақ Қосшағыл маңындағы Қызыл-Үйіктен табылған IV-V ғасырларға жататын бал-бал тастарды көре алады.
Сонымен бірге «Археология» залында Сармат көсемі мен Сармат дәуіріндегі әйел адамның қалпына келтірілген бет-бейнелері, сақ және ғұн тайпалары жауынгерлерінің қалыпқа келтірілген тұлғалық мүсіндері көрермен назарына ұсынылған. Құрама дулыға, көбе сауыт киініп, екі жүзді семсер, әшекейлі белдік тағынған айбарлы батырлар сол дәуірдің кескін-келбетін көз алдыңызға келтіреді.