«ХVІІ-ХХ ғғ. І – ші жартысындағы өлке тарихы» экспозициялық залында қазақ халқының құрылу тарихы, қала іргетасының қалануы мен өңірдегі тарихи оқиғалармен таныса аласыз.
Бұл залда ХVІІ-ХІХ ғасырларға жататын жәдігерлер - балықшылардың балық аулау, балық тұздау сәттері мен балық шаруашылығында пайдаланған бұйымдары, «Реюшка» желкенді қайығының макеті, шананың фрагменттері, аудың түрлері мен зәкірлер көрсетіліп, Гурьев қаласының пайда болуы туралы мәліметтер қойылған.
Сондай-ақ көрермендер қазақтың батырлары пайдаланған қару-жарақтың түрлері: дулыға мен кіреуке, сауыт пен сайман, садақ пен жебе, найза мен қалқан, тудың ұштығы мен найзалардың ұштары түпнұсқаларын тамашалап, ұлтымыз ұстанған сан-түрлі тұрмыстық заттарды көре алады.
Залдың бір бөлігінде Халел Досмұхамедов, Ғұбайдолла Бердиев, Махмут Шолтыров, Уалитхан Танашев тәрізді Алаш қайраткерлері туралы деректер қойылса, ендігі жерде өзінің асқан әділдігі арқылы өңірге атағы шыққан Мақаш әкім, оның ұлы қазақтан шыққан тұңғыш заңгер Шафхат Бекмұхамбетов жайында тереңірек мәліметтер жайғастырылған.
Сондай-ақ халық батырлары Исатай мен Махамбетке арналған экпозицияда өршіл ақын Махамбеттің домбырасы және ұлт-азаттық көтерілісшілердің найза мен қылыштарын қайраған Жүзбатырдың қайрақтасы, батырлар туралы толымды мұрағаттық деректер бар. Әйгілі старшынның Патша өкіметінен алған өңірлік ордендерінің коллекциясы мен Бөкей ордасы жөніндегі деректер мен жәдігерлер осы залда көрініс тапқан.