«Этнография» экспозициялық  залы

 «Этнография»  залы ––  қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмысы мен дүниетанымдық көзқарастарынан, бай рухани және материалдық мәдениетінен сыр шертеді. Бұл залдың ең қомақты әрі негізгі жәдігері қазақ мәдениетінің бірегей символы - киіз үйі. Асқан шеберлікпен сәнделген киіз үйдің іші барлық сән-салтанатымен жасақталып, киіз үйдің ішкі жабдықтары ерекше ажар береді.

Экспозициялық залдың оң жақ бөлігінде ұлтымыздың зергерлік өнерінің алуандығын паш етіп, асқан шеберлік иесі болғандығын дәлелдейтін әшекей бұйымдарының коллекциясы қойылған. Атап айтатын болсақ құдағай жүзіктер, сәнделген шашбаулар, өңіржиектер, топсалы білезіктер, сырғалар мен моншақ түрлері, сондай-ақ күмістелген белбеулер, қапсырмалар, бойтұмарлар мен киімге тағатын әшекейлі түймелер көздің жауын алады.

Ал залдың негізгі қабырғасына Маңғыстау үстіртінен Нарын құмына қарай бет алған қазақ халқының көшінің суреті панарама ретінде  бейнеленген. Маңғаз даланың мамыражай кезеңін көз алдыңа келтіретін бұл суреттің етегіне шөгіп жатқан түйе малы, одан берірек ұлтымызда ғашықтықтың символы саналатын Төлеген мен Қыз Жібек  мүсіндері бейнеленген.

Келушілердің назарын аударатын жәдігердің бірі - Нарын өңіріне кеңінен танымал Қалмұқан ұстаның көрігі. Екі ғасырлық тарихы бар бұл көріктің айтар сыры да мол. Осымен қоса көрме залында тұрмыстық және халықтық қолданбалы өнері бұйымдары, қазақ халқының киім-кешектері, кілем және алаша тоқу құралдары көрініс береді. Дәстүрлі қазақ мәдениетінен хабар беретін сүйектен, ағаштан, теріден, жезден жасалған  тұрмыстық жәдігерлер көрермендерді өзгеше әсерге бөлейді.

 Зал экспозициясынан Жәңгір  ханның  әйелі Фатима ханымның алтын жіппен зерленген камзолының үлгісі мен ХІХ ғасырдың үлгісінде панбарқыттан  тігілген ер адамның шапаны  жеке орын алады.

Осылайша, этнография залының экспозициясы қазақ халқының мыңжылдық материалдық және рухани құндылықтарында қазіргі заманға дейін сақталған  төл мәдениетін көрсетеді.