Мұражай тарихы



Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі – Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының Гурьев облысы бойынша ұйымдастыру комитетінің 1939 жылғы 22 шілдедегі № 23 «Облыстық музейді ашу жөніндегі» қаулысымен құрылды. Музей ресми түрде 1940 жылдың 5 қарашасында ашылып, 1886 жылы салынған бұрынғы шіркеу ғимаратында орналасты. Жалпы көлемі 240 шаршы метр болатын аумақта, көрермендерге 264 жәдігер ұсынылды.

1999 жылдың 3 қыркүйегінде музей Б.Момышұлы көшесіндегі бұрынғы мәдени – ағарту училищесінің екі қабатты ғимаратына көшірілді.

Ғимараттың жалпы көлемі - 2027 шаршы метр, экспозициялық көлемі – 916,72, қор сақтау бөлімі 60,4 шаршы метрді құрайды.

Музейде 8 экспозициялық зал орналасқан:

«Этнография»;

«Өлке табиғаты»

«Археология»;

«Ұлық Ұлыс – Алтын Орда»;

«ХVII - ХХ ғғ. І – ші жартысындағы өлке тарихы»;

«Өлке мәдениеті және әдебиеті»;

«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы»;

«Тәуелсіз Қазақстан тарихы».

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрамына Атырау қалалық Палеонтология, Құрманғазы, Исатай, Индер аудандық және Елтай, Х.Ерғалиев атындағы ауылдық, Б.Нысанбаев атындағы «Әскери Даңқ» музейі бөлімшелері мен М.Өтемісұлы атындағы тарихи-мәдени музей-қорық кіреді.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі коллекциялар жинау, музей қорын толықтыру, сақтау, зерделеу және көпшілікке көрсетумен қатар, тарих және археология бойынша ғылыми зерттеулерді жүргізу бағытында жұмыстар атқарады.

Музейдің қорында – тарихи маңызы бар құнды музейлік фото-құжаттар, археологиялық заттар, нумизматикалық материалдар, этнографиялық және зергерлік бұйымдар, қару-жарақтар, бейнелеу өнері туындылары және т.б. топтастырылған.

Бүгінгі күні Атырау  облыстық   тарихи-өлкетану музейінің қорында 66 018 (2025 жылдың ІІ-тоқсан есебі бойынша) жәдігер жинақталған. Оның  ішінде 33406 с.б. негізгі қор, 32612 с.б. қосымша қор. Бөлімшелермен қоса есептегенде қордағы жәдігерлер саны - 102 473 (2025 жылдың ІІ-тоқсан есебі бойынша) бірлікті құрайды.