Киелі Құрманғазы өлкесінің өткен және қазіргі тарихы туралы сыр шертетін, рухани қазынамызды жинақтап, зерттеп, зерделеп, тарихын халыққа танытып отырған Құрманғазы аудандық музейі ‒ 1963 жылы алғаш мектеп жанынан қоғамдық негіздегі музей бұрышы болып қаланды. Кейін Қазақ КСРО Мәдениет Министрлігінің 26.05.1982ж. №191 санды бұйрығымен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің Құрманғазы аудандық бөлімшесі болып құрылды.
Музей ғимаратының жалпы ауданы - 176,58 ш.м.
Музейде аудан тарихын, экономикасын, мәдениеті мен өнерін, жануарлар дүниесін көрсететін жәдігерлер тақырыптық жүйе бойынша төрт бөлімнен тұрады:
- «Б.з.д. ІІғ – ХХғ. I жартысы аралығындағы өлке тарихы»,
- «Этнография және табиғат»,
- «1918 – 1990ж.ж. аудан тарихы»,
- «Өлке мәдениеті және әдебиеті» экспозициялық көрме залдары көрермен назарына ұсынылған.
Музей қорында ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейінгі материалдық және рухани құндылықтардан тұратын археологиялық, тұрмыстық және этнография, нумизматика, сирек кездесетін қолжазбалар, тарихи деректі құжаттар мен фотосуреттер, қару-жарақтар, аң-құстар тұлыптары сақталған.
Өңірден шыққан тарихи тұлғалардың, аудан дамуына ерен еңбектері мен үлестерін қосқан тұлғалардың суреттері, олардың өмір тарихынан деректі құжаттар, денсаулық сақтау, халық ағарту саласында атқарылған елеулі істердің шежіресін баяндайтын мұрағаттар, зергерлік әшекей бұйымдар жинақталған.
Музей жұмысының негізгі бағыттары – жәдігерлерді жинақтау, тіркеу-сақтау, экспозициялық және насихаттау жұмыстары.
11950 жәдігерді құрайтын музей қоры өлкенің мұрасын паш ететін көптеген жинақтамаға ие. Жинақтаған жәдігерлерді сақтап қана қоймай, заттық және рухани құндылықтарды танытып, зерттеп, мазмұнын насихаттап, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды роль атқарады.