Зерттеу жұмыстары





«Құрманғазы ауданының жер-су атаулары» кітабының таныстырылымы өтті



2026 жылғы 21 қазанда Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Республика күніне орай ұйымдастырылған шара аясында «Құрманғазы ауданының жер-су атаулары» атты тарихи-топонимикалық ғылыми-зерттеу кітабының таныстырылымы өтті.

Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен облыстық музей дайындаған ғылыми еңбек Құрманғазы ауданының жер-су атауларының шығу тарихын, тарихи-мәдени және тілдік ерекшеліктерін зерделеуге арналған.

Кітапты әзірлеу барысында тарихи құжаттар, архив деректері, картографиялық материалдар мен далалық экспедициялар кезінде жинақталған мәліметтер пайдаланылған. Басылым туған өлкенің топонимиялық мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеуге, тарихи атаулардың мән-мағынасын ашуға және ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған.

Шараны Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Тауфикұлы Жоламанов ашты. Шара барысында кітаптың авторлары мен құрастырушылары ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысы мен еңбектің мазмұны туралы баяндады. Сондай-ақ музей басшысы Мұхамбетқали Қуанышқалиұлы Кипиев тарихи мұраны зерттеу, сақтау және насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.

Іс-шара соңында кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың тұсауын өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Жаңабай Төлегенұлы Жаңабай мен тарихшы-ғалым, өлкетанушы Амангелді Шамғонұлы Шамғонов кесті.

Жаңа басылым – өңір тарихын тереңірек тануға, жер-су атауларында сақталған тарихи жадты жаңғыртуға және туған өлкенің рухани мұрасын дәріптеуге үлес қосатын ғылыми еңбек.