Зерттеу жұмыстары





«Ұлттық мұра – мәңгілік қазына»: өңірлердің материалдық емес мәдени мұраны сақтау тәжірибесі талқыланды



Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде материалдық емес мәдени мұраны сақтау, зерттеу және насихаттауға арналған «Ұлттық мұра – мәңгілік қазына» аймақтық іс-шарасы аясында «Өңірлер диалогы» тәжірибе алмасу нетворкингі өтті.

 

Кәсіби пікір алмасу алаңына Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының мәдениет саласының басшылары мен мамандары, Атырау облысының аудандық мәдениет бөлімдерінің басшылары, мәдениет және өнер мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, музей мамандары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары және материалдық емес мәдени мұраны зерттеуші мамандар қатысты.

 

Іс-шараны Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Тауфикұлы Жоламанов жүргізіп, қатысушыларды шараның мақсат-міндеттерімен таныстырып, сөз кезегін баяндамашыларға ұсынды.

Алғашқы сөз Ұлттық материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Рустам Рақымұлы Мұзафаровқа беріліп, ол «ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы 2003 жылғы конвенциясын Қазақстан Республикасында іске асыру» тақырыбында баяндама жасады.

 

Сонымен қатар Ұлттық материалдық емес мәдени мұра сарапшысы, профессор Меруерт Санатқызы Құрманғалиева, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағымұлы Нағымов, «Ұршық» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау өңірі бойынша директоры Салтанат Зұлқайдарқызы Елеусінова, «Қазақия» қоғамдық қорының жетекшісі Әбіш Жанар Төрениязқызы өз бағыттары бойынша ой-пікірлері мен тәжірибелерімен бөлісті.

 

Нетворкинг барысында өңірлерден келген мамандар материалдық емес мәдени мұраны сақтау, зерттеу, насихаттау және кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытындағы тәжірибелерімен бөлісіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.

 

«Өңірлер диалогы» алаңы ұлттық құндылықтарды сақтау, дәстүрлі мәдениетті дәріптеу және өңірлер арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға бағытталған маңызды тәжірибе алмасу алаңына айналды.