Зерттеу жұмыстары





САРАЙШЫҚТА 2026 ЖЫЛҒЫ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ



Ортағасырлық Сарайшық қалашығы Алтын Орда дәуірінен жеткен, тарихы терең әрі археологиялық тұрғыдан аса маңызды ескерткіштердің бірі. Ежелгі қаланың тарихын зерделеу, мәдени қабаттарын анықтау және оның қалыптасу кезеңдерін нақтылау мақсатында 2026 жылы кезекті археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Атырау облысы Махамбет ауданындағы Сарайшық қалашығында жүргізілген зерттеу жұмыстары 15 тамыз – 8 қыркүйек 2026 жыл аралығын қамтыды. Далалық зерттеулер Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылды.

«АТМ-АЭ» археологиялық экспедициясына жалпы жетекшілікті музей басшысы, магистр М.Кипиев жүзеге асырды. Экспедицияның ғылыми жетекшісі Археология ғылыми-зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Сейтжанұлы Касенов. Отряд жетекшілігін аталған бөлімнің аға ғылыми қызметкері, магистр Мир Қобланұлы Әбдіғалиев атқарды.

Биылғы зерттеу барысында екі қазба орны белгіленіп, жалпы 430 шаршы метр аумақ ашылды. Қазба жұмыстары кезінде шамамен 540 текше метр топырақ шығарылды.

№1 қазба орнында 2025 жылғы зерттеу жұмыстары жалғастырылып, төменгі мәдени қабаттарға дейін зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде пахсадан тұрғызылған қабырғалары бар екі бөлме мен аула орны анықталды. Қазба барысында мәдени қабаттың төменгі деңгейіне дейін жетіп, жердің табиғи қабаты материк анықталды. Зерттеу нәтижесінде бұл құрылыс қабаты ХІІІ ғасырдың бірінші ширегіне жатқызылды.

№2 қазба барысында бірнеше құрылыс қабаттары зерттеліп, жақсы сақталған тұрғын үй мен аула орны аршылды. Зерттелген нысан ХІV–ХV ғасырлармен мерзімделеді. Сонымен қатар бұл аумақта жерлеу құрылыстарының болмағаны анықталды.

Археологиялық жұмыстар барысында Сарайшықтың ортағасырлық тарихынан сыр шертетін көптеген жәдігерлер табылды. Олардың қатарында керамикалық ыдыстардың бөлшектері, қыш бұйымдар, жылтыратылған және ангобталған полихромды кашин ыдыстары, сүйек пен түсті металдан жасалған бойтұмарлар, сондай-ақ жартылай асыл тастардан және құйылып жасалған моншақтар бар.

Зерттеудің маңызды олжаларының бірі 15-тен астам Алтын Орда кезеңіне жататын мыс және күміс тиындардың табылуы. Соғу әдісімен жасалған тиындардың бетінде арабша жазулар мен өсімдік тектес өрнектер кездеседі. Бұл жәдігерлер Сарайшықтың Алтын Орда дәуіріндегі экономикалық және мәдени байланыстарын зерттеуде маңызды дерек көзі болып табылады.

2026 жылғы археологиялық зерттеулердің негізгі мақсаты бұған дейінгі жылдары басталған қазба жұмыстарын жалғастырып, мәдени қабаттарды табиғи жер деңгейіне дейін зерттеу және қалашықтың қалыптасу кезеңдерін нақтылау болатын. Биылғы жұмыстар нәтижесінде Сарайшықтың ХІІІ–ХV ғасырлардағы тарихына қатысты жаңа археологиялық деректер алынды.

Әрбір табылған жәдігер өткен дәуірдің үнін жеткізетін құнды тарихи дерек. Ал археологиялық зерттеу сол тарихты ғылыми тұрғыдан зерделеп, келер ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы