«ҚАРАБАУ-2» ҚОРҒАНЫНДАҒЫ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жылдық жоспарына сәйкес, Қызылқоға ауданы аумағында орналасқан «Қарабау-2» қорғанында 2026 жылғы 13 маусым – 12 тамыз аралығында жүргізілген 60 күндік кешенді археологиялық қазба жұмыстары аяқталды.
Зерттеу жұмыстары 2023 жылы басталған ғылыми жобаның жалғасы болып табылады. Биылғы экспедицияға тарих ғылымдарының кандидаты, археолог М.Қасенов ғылыми жетекшілік етті. Далалық зерттеу отрядын Г.Базарбаев басқарды. Қазба жұмыстарына музейдің ғылыми қызметкерлері М.Әбдіғалиев, Р.Қуанов, Е.Орынбасаров және 20 уақытша жұмысшы қатысты.
Биылғы зерттеу барысында қорғанның батыс бөлігі толықтай аршылып, ескерткіштің ішкі сәулеттік құрылымы анықталды. Сонымен қатар жаңадан №12 және №13 шартты нөмірлерімен белгіленген екі жерлеу кешені тіркелді.
Қазба барысында ежелгі дәуірге тиесілі құнды жәдігерлер – металл әшекей бұйымдары, қоладан жасалған ғұрыптық тұмарлар, мәрмәр және пастадан дайындалған түрлі-түсті моншақтар, сондай-ақ 200-ге жуық қола жебе ұштары табылды.
Табылған жәдігерлер далалық жағдайда алғашқы консервациядан өткізіліп, камералдық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Әр жәдігерге ғылыми сипаттама беріліп, фотофиксация жасалды.
Археологиялық зерттеу нәтижелері «Қарабау-2» қорғанының Атырау өңірінің ежелгі тарихын, сол кезеңдегі тайпалардың материалдық мәдениетін, қолөнері мен әскери өнерін зерттеуде маңызды археологиялық нысан екенін көрсетті.
Алдағы уақытта табылған жәдігерлер зертханалық сараптамадан және реставрациялық жұмыстардан өткізіліп, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорын толықтырып, экспозициялық залдарда көпшілік назарына ұсынылатын болады.







