Зерттеу жұмыстары





Ортағасырлық «Таскешу» керуен сарайына жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары



       Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің  2024  жылға арналған жылдық жұмыс жоспарына сәйкес Мақат ауданы ортағасырлық «Таскешу»  керуен сарайын археологиялық  зерттеу жұмысы жүргізілді. Жобаға жалпы жетекшілікті музей басшысы, магистр  М.Кипиев жүзеге асырды. Экспедицияның ғылыми жетекшісі болып, музейдің «Археология ғылыми-зерттеу» бөлімінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Касенов Марат Сейтжанұлы тағайындалды. Отрядқа жетекшілікті аталған бөлімнің аға ғылыми қызметкері, магистр Мир Әбдіғалиев жүзеге асырды.

        Қазба жұмыстарының мақсаты: толығымен ашылмаған керуен сарайдың толық бөлігінің стратиграфиялық жағдайын нақтылау, тарихи нысанды  толық ашып, құрылысын зерттеу.
Зерттеу нысаны: Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші Таскешу керуен сарайы. Мерзімі: XIV ғ. ортағасыр. Ескерткішке қатысты зерттеу жұмысы  Алтын Орда тарихын жүйелі түрде зерттеу және осы бағытта ғылыми – ақпараттық жұмыстарды жүргізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті бекіткен жоспарға сәйкес жүргізілді. Ашылған мәдени қабаттың жалпы ауданы 800 шаршы метрді құрайды.
Нәтижелер:
  1. 2024 жылғы дала жұмыстары нәтижесінде тарихи нысан толық ашылып, зерттелді.
  2. Археологиялық қазба жұмысы барысында  800 шаршы метр аумақта жұмыс жасалып, 4 қарауыл мұнарасының сақталған іргесі, сарайдың сыртқы қамалы мен қақпасы, 12 бөлме орыны ашылып, солтүстік жағын бойлай салынған қойма бөлмелері толықтай ашылды. Сонымен бірге солтүстік қамалды жағалай қаланған сыртқы қосымша 2 қойма бөлмелері анықталып, тазаланды.
  3. Ескерткіштен Алтын Орда кезеңіне жататын мәдени қабаттар ашылды. Табылған заттар: көптеген керамикалық ыдыстар бөлшектері, жануарлар сүйектері және металл бұйымдары. Қыш бұйымдарының ішінде  ангоб бояуы бар қыш ыдыстары, сондай-ақ рельефті және бедерсіз  қыш ыдыс бөлшектері бар
  4. 1 күміс, 1 мыстан соғылған  Алтын Ордалық тиындар табылды. Тазалау жұмыстары жүргізілген жоқ. Қазба жұмыстары кезінде қара қаптама кірпіш бөлшегі табылды.