«Ю.А.Пастухов ізімен» палеонтологиялық экспедиция
Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі 20241 жылдың 7-18 тамыз аралығында «Пастухов ізімен» атты палеонтологиялық экспедиция ұйымдастырды. Экспедиция жетекшісі география ғылымдарының кандидаты, профессор Қажымұрат Ахмеденов. Бұл экспедиция Жылыой ауданының Ақкегершін, Ақтолағай, Қойқара, Иманқара, Шөлқара тау жоталарының бор массивтеріне зерттеу жүргізілді.
Далалық және камералық палеонтологиялық әдістерді қолдана отырып, 511 палеофауна мен палеофлора үлгілері жиналды, олардың 259-ы омыртқалылар, 229-ы омыртқасыздар, 18-і тасқа айналған ағаш үлгілері. Экспедиция барысында мезозой дәуірінің жоғарғы бор кезеңіндегі бірегей қазба қалдықтары жиналды. Осы аумақта 160 миллион жыл бұрын өмір сүрген теңіз бауырымен жорғалаушылардың омыртқалары, палеоген акулаларының тістері, омыртқалары, балықтардың құйрық қанаттары, тасқа айналған ағаштардың үлгілері, 50 миллион жыл бұрын өмір сүрген ірі акулаларының тістері, сондай-ақ, белемниттердің, қосжарнақты малюскалар, теңіз кірпілерінің бөліктері табылды. «Біз Эмбазаврды Атырау облысының палеонтологиялық бренді деп санауға болады және музей экспозициясында әлемдік ғылым үшін осы бірегей олжаны көрсету қажет деп санаймыз. Экспедиция материалдары өңделіп, оның нәтижелері бойынша ғылыми журналда мақала дайындалады. Миллиондаған жылдар бұрын Атырау облысында өмір сүрген жануарлардың түрлерін анықтау бойынша одан әрі зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет етеді» деді – экспедиция жетекшісі Қажымұрат Ахмеденов.








