“Жер-су атаулары – ел шежіресі: Құрманғазы ауданына тарихи-топономикалық экспедиция
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі 2025 жылдың 13 шілде – 1 тамыз аралығында жер-су атауларының шығу тарихын, тарихи мағынасын, атаулардың халық жадында сақталған нұсқаларын зерттеп, ғылыми тұрғыда жүйелеу мақсатында Құрманғазы ауданының жер-су атауларына қатысты тарихи-топономикалық экспедиция ұйымдастырды.
Экспедицияның негізгі мақсаты – көнеден жеткен жер-су атауларының шығу тегі мен тарихи маңызын зерттеу, ел жадында сақталған нұсқаларды жинақтап, ғылыми негізде жүйелеу болды. Зерттеу барысында 30-ға жуық елді мекен араланып, 60-тан астам ауыл ақсақалдары және тұрғындармен сұхбат жүргізілді. Сондай-ақ, тарихи сипатқа ие 20 шақты ескі мекен мен қоныс орындары зерделенді.
Экспедиция құрамында «Атырау» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, жазушы, публицист Назарбек Қосшиев, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» институты директорының міндетін атқарушы Арман Жұмағазиев, музейдің ғылыми хатшысы Ерлан Тілекқабылов, аға ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Қасенов және музей мамандары болды.
Зерттеу жұмыстары картографиялық деректерді талдау және далалық экспедициялық әдістер арқылы жүргізілді. Экспедиция барысында елді мекен атауларының ноғай-қалмақ дәуірінен бері жалғасып келе жатқан ізі анықталып, Нарын құмы мен Азғыр өңіріне қатысты бірқатар құнды мәліметтер жиналды.Экспедиция жетекшісі Ерлан Қоныскерейұлының айтуынша, кейбір тарихи атаулар мен деректердің ұмытылу қаупі жоғары болғандықтан, бүгінде тірі шежіре саналатын көнекөз қариялардың әңгімелерін жинақтап, хатқа түсіру – аса маңызды міндет.





