Ортағасырлық Сарайшық қалашығына жүргізілген қазба жұмыстары
2025 жылдың 10 маусым - 13 шілде аралығында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіОртағасырлық Сарайшық қаласында археологиялық қазба жұмыстарынжүргізді.
Бір ай көлемінде жалғасып келген бұл маңызды ғылыми жоба ежелгі қаланың құпия сырларын ашуға бағытталды.Жалпы ауданы 15х15 метрді құрайтын қазба алаңында мәдени қабаттың төменгі бөлігіне дейін зерттеу жүргізіліп, көне ғимараттар мен көрханалардың қалдықтары мұқият тазаланып, ғылыми зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Қазба барысында Ортағасырлық кезеңге тән қыш бұйымдар мен ыдыстар, су құбырлары, мұржа сынықтары, сүйектен жасалған әшекей бұйымдар, сондай-ақ Алтын Орда дәуіріне жататын монеталар және басқа да тарихи-мәдени жәдігерлер табылып отыр. Сонымен қатар, шаруашылыққа арналған нысандардың қалдықтары, су арналарының іздері және қыш кірпішпен қаланған құрылыс нысандары анықталды. Қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасеновтың айтуынша, биылғы маусымда табылған ерекше олжалардың қатарында бұрын-соңды зерттелмеген ірі тұғырдың сынығы, гипстен жасалған кәріз құбырлары, араб жазуы бар күміс жүзік сынығы, сүйектен ойылып жасалған әйел адамның шаш түйреуіші бар. Бұған қоса, құрылымы өзгеше, сатылы әрі мұржасы бар XV–XIV ғасырларға тиесілі жерлеу орны анықталып зерттелді.







