Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының көсемі, профессор Халел Досмұхамедұлының туғанына 140 жыл толуына орай «Тарихтан тағылым-өткенге тағзым» тақырыбында көрменің ашылу рәсімі өтті.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен 2023 жылдың 15-қараша күні Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының көсемі, профессор Халел Досмұхамедұлының туғанына 140 жыл толуына орай «Тарихтан тағылым-өткенге тағзым» тақырыбында көрменің ашылу рәсімі өтті.
Көрме ХХ ғасырдың басында тарих сахнасында қысылтаяң күн туғанда бір шоғыр қазақ зиялыларының қатарында болған Алаштың ардақты перзенті Х.Досмұхамедұлының еселі еңбегін бүгінгі еліміздің жастарына насихаттау және ХҮІІ-ХХғғ І жартысындағы өлке тарихы залындағы «Алаш оқығандары» тұрақты экспозициясын Х.Досмұхамедұлының гиперреалистік мүсінімен толықтыру мақсатында өтті.
Көрменің салтанатты ашылуына Алашорда тарихы мен ұлт ардақтысы Х.Досмұхамедұлының өмір жолы мен артында қалған мұраларын насихаттаушы, зерттеуші өлкетанушы ғалымдар шақырылды.
Шараның құрметті қонақтары ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы Төлеген Жаңабайұлы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Әбілхан Сейтімұлы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры Ғабит Бағытжанұлы, тарих ғылымдарының докторы Лесқали Базарғалиұлы, философия ғылымдарының кандидаты Сәлімгерей Аймұратов, Сабиров Айдар, психология және педагогика кафедрасының профессоры Нұрсұлу Темірболатқызы, Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қабибек Сәдірұлы, гипперреалист-мусінші Айдос Есмағамбетов және музей қызметкерлері мен студенттер қатынасты.Мүсін авторы гиперреалист-мүсінші Айдос Есмағамбетов мүсіннің жасалу технологиясына тоқталып, гиперреализм жанрын түсіндірді.
Шарада сөз алған халелтанушы ғалымдар Алаштың бір туар азаматы Халел Досмұхамедұлының ұлт - азаттық күрес жолындағы саяси еңбегі, қоғам қайраткері ретіндегі халқына сіңірген қызметі туралы айтты.
Ғұлама тұлға Халел: «Бұл дүниеде түрлі данышпан, шешендер, шеберлер батырлар, ақындар көп өткен. Осындай адамдар өзіміздің арамызда да аз болмаған. Өз жұртына жұмыс қылып, еңбегі сіңген адамдарды қадірлеу-елдіктің белгісі», деп жазған екен. Олай болса, елі үшін жан аямай еңбек еткен айтулы тұлғаның рухын еске алып, есімін қастерлеу үшін ұйымдастырылған «Тарихтан тағылым-өткенге тағзым» көрмесінің музейдің жаухарына айналары сөзсіз.